Қоғам • 25 Қазан, 2024

Этносаралық үйлесім үдерісі

119 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Егемендіктің алғашқы кезеңінен-ақ қазақ халқы мемлекет құраушы ұлт ретінде елдегі сандаған этнос өкілінің тілін, мәдениетін, тарихын сақтауына барлық жағдай жасады. Сондықтан Қазақстан әлемдік аренада гуманистік, демократиялық және толеранттылық сипатымен ерекшеленеді. Мерекені арқау етіп, этносаралық саясат төңірегінде ой қозғап жүрген азаматтарды сөзге тартқан едік.

Этносаралық үйлесім үдерісі

Сурет: urker.kazgazeta.kz

Геннадий ШИПОВСКИХ,

Сенат депутаты:

– Еліміз егемендік пен татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің төртінші он жылдығына аяқ басты. Әр кез еліміз тәуелсіздігін нығайту жолында ішкі-сыртқы саясатын бірлік пен келісім құндылықтарына бағыттады. Бұл – болашақта да бұлжымайтын қағида.

Отандық демократия этносаралық қатынастардағы қағидаттарды бөлу парадигмасынан интеграциялық қаты­нас­тарды біріктіру қағидаттарына көшті. Күні бүгінге дейін бейбітшілік пен келісімнің отандық үлгісі заңнамаға, мемлекеттік және азаматтық бастамаларда, сондай-ақ азаматтық қоғам институттары мен мемлекет арасындағы сындарлы диалог негізінде қалай дамығанын көріп, бақыладық. Жер-жаһанда да еліміз осындай тұрақтылық, бірлік әрі нақты дамудың орталығы болып саналады. Салыстырмалы түрде осы қысқа уақыт ішінде, іс жүзінде шешуді және талдауды қажет ететін бірқатар мәселені де айшықтап алдық. Оның бірі – мемлекеттік тіл мәртебесін этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде көтеру.

Қазақ тілі – этнос өкілдерін тұтас­тыратын тіл. Біз бұл бағытқа бір­тіндеп аяқ басып келеміз. Оған өзге этнос өкілдері арасында қазақ тіліне деген сұранысының артуы дәлел бола алады. Қазір мемлекеттік тіл биз­нестің, ғылым мен техниканың ті­ліне айнала бастады. Бұл үрдісті жүйелі іске асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірқатар жобасы сеп болып отыр. Атап айтсақ, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы, «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы, қазақ тілінде пікір алмасатын «Мәміле» клубтары, қарапайым азаматтар тарапынан қолдау тапқан «Үйде сөйле» бастамасы, этномәдени бірлестіктері жастарына арналған «Тіл мектебі» жазғы лагері, сондай-ақ «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» атты қоғамдық құрылымдардың, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін және тіл жанашырларын бірік­тіруші алаң біртұтас тілдік орта қалып­тас­ты­руды көздейді.

 

Сайфулла САПАНОВ,
саясаттанушы:

– Халқымыз бірліктің, тыныштықтың қадірін жақсы біледі. Небір алмағайып заманда елімізге қоныс аударған өзге этнос өкілдеріне де осы құндылықтар қым­бат. Әрі этностық тегіне қара­мас­тан, еліміздің әрбір азаматына Консти­ту­циямен тең мүмкіндікке кепілдік бері­леді. Сондықтан жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр.

Мемлекеттік саясаттың негізгі басым­дық­тарының бірі – этносаралық қарым-қатынас пен қоғамдық келісімді сақтау. Бұл – біздің артықшылығымыз және ел дамуына ықпал ететін маңызды стра­тегиялық ресурс.

Тәуелсіздік жылдарында еліміз стратегиясын түзіп әлемге ұсынды, осылайша оңтайлы үлгі көрсетті. Бүгінде еліміздің іргелі ұста­нымдары ұлттық тарихи біре­гейлікті қалыптастыруда қоғамның одан әрі рухани жаңғыруындағы көп­эт­носты­лықтың интел­лектуалдық әлеуеті­мен айғақталады.

Еліміздегі этносаралық келісімнің өзіндік белгісі ретінде барлық этносты біріктіруші тұжырымдаманы жасауға деген ұмтылысын атап өтуге болады. Ширек ғасырдан аса уақытта еліміз этносаралық қатынасты нығайтуға бағытталған бірқатар заңнамалық акті­ні қабылдады. Дипломат Қайрат Әбдірахмановтың қақтығыстардың алдын алу, дағдарысты реттеу және жанжалдан кейінгі қайта құру саласындағы ынты­мақтастық арқылы қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын әлемдегі ірі аймақтық ұйым – Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссар болып сай­лануы да Қазақстанның мемлекеттік этносаясатының тұрақты дамып келе жатқанына дәлел бола алды.

 

Яхия қажы ИСМАИЛОВ,
дін қайраткері:

– Қазір елімізде Әділетті Қазақстан құрудың маңызды қадамдары жасалып жатыр. Мемлекеттің құрылым­дық жүйесінде, саяси-экономикалық бағытында бірқатар жаңғырту қолға алынды. Демократиялық үрдістерді орнықтыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бұл өзгерістердің маңызы зор.

Бүгінде кез келген қоғам дамуының басты шарты – өзара келісім. Азаматтар бір-бірін тыңдаудан, түсінуден қалатын болса, бұл күрделі мәселелердің бас­тауына айналады. Мұның неге әкеліп соға­тынын өзге мемлекеттердегі жағдай­лар­дан байқап, бағдарлауға болады. Сондықтан нарықтық экономикасы, демо­кратиялық қоғамның құрылымы және жоғары халықаралық беделі бар за­манауи Қазақстанның негізгі тірегі – этносаралық келісім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ішкі-сыртқы саясатта ұлтаралық келісім, бейбітшілік пен тұрақтылыққа баса мән беретінін бірнеше рет мәлімдеді.

Алғаш еліміздің әлемдік және дәс­түрлі діндерге диалог алаңын ұсыну бас­тамасы – әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің өркениеттер, конфессиялар, елдер мен халықтар арасындағы келісімді нығайтып, сындарлы диалог орнату жолында жасал­ған оңтайлы қа­дамы. Бұл тарихи міндет бірінші кезекте діни алуандылықты, этностық өзіндік ерекшеліктерді, конфес­сияаралық және этносаралық диалогті сақтау қажет­тілігімен байланысты болды. Міне, отандық тәжірибе посткеңестік кеңіс­тіктегі ең табысты тәжірибелердің бірі ретінде мойындалды.

Қазір еліміз өркениетаралық және конфессияаралық диалогтің маңыз­ды халықаралық орталығы атанды. Сондықтан жаһандану дәуірінде әр отан­­дасымыз ұлтаралық келісімді, бей­біт­шілік және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау­ға ұмтылуы қажет.

 

Дайындаған –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»