Бизнес • 25 Қазан, 2024

Бизнестің «Бастауы»

150 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент бастамасымен кәсіпкерлікке қолдау көбейіп, қолайлы жағдай жасалғалы елде шағын және орта бизнеспен айналысушылар көбейді. Әсіресе «Бастау Бизнес» жобасы көптеген кәсіпкерге жол ашты. Бағдарлама арқылы көпбалалы отбасылар да, мүмкіндігі шектеулі жандар да, асыраушысынан айырылғандар да грантқа қол жеткізіп, кәсіптерін дөңгелетіп, басқаларға да жұмыс беріп отыр.

Бизнестің «Бастауы»

Биыл 178 кәсіпкер қайтарымсыз грантқа ие болды. Оларға жалпы 262,5 млн теңге қаржы бөлінген. Әр кәсіпкерге ең көбі 1 1480 000 теңге қаржы тағайындалған. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова бұл жол­ғы гранттың көбін көпбалалы отба­сын­дағылар алды дейді.

– «Бастау Бизнестің» гранты кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашып, өндірісін жолға қойып, оны дамытып, сол арқылы өзін тұрақты табыспен, өзгені жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Биыл 106 отбасы грантқа қол жеткізіп, өзде­рінің түрлі кәсібін жолға қойды. Қалған 44-і – мүмкіндігі шектеулі жанға, 18-і – ерекше балаларды өсіріп отырған ата-анаға, 6-ауы – асыраушысынан айырылғанға, 4-еуі атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғандарға үлестірілді, – дейді Әсем Айтжанқызы.

Грантты иеленгендер жиһаз цехы, этнокиім тігін орталығы, сән салоны, кондитер цехы, ысталған ет, тез тамақтану орны, автобөлшек дүкені, сабын цехы, мал бордақылау алаңы, металл құрастыру цехы, медицина кабинеті, массаж кабинеті, спорт клубы, аяқкиім шеберханасы, жылыжай, наубайхана, шаштараз, сүт өнімдері, шұжық, ветеринариялық дәріхана, құс шаруашылығы, пластикалық терезе мен есік өндірісі, монша секілді халық сұранысына ие кәсіптерін дөңгелетеді.

Бұқар жырау ауданы, Доскей ауы­лының тұрғыны Данияр Татығұловқа «Бастау Бизнестен» оқы­ған серти­фикаты серпін беріп, «2024-2029 жылдарға арналған еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы» шеңберінде мемлекеттік грант алған. Бірден ойлас­тырып жүрген құс фермасын қолға алды. Грант қаражатына шаруасына қажетті сыйымдылығы 2 000 жұмыртқа болатын инкубатор, вакуумдық тығыз­дағыш, етті ыстап, пісіретін пеш, мұз­датқыш сатып алған. Кәсіпкер қазір бөдене өсіріп жатыр.

– Отбасыммен ақылдаса келе еті үнемі өтімді құс фермасын ашайық деп шештік. Мемлекеттің қолдауы ойымыздың жүзеге асуына кәдімгідей сеп болды. Сөйтіп тәртіп-талабына сай құжаттарды өткізіп, конкурсқа қатысып, 1 476 800 теңге алдық. Бөдененің етін тұздап, ыстап, саудалап көреміз. Шағын кәсібіміз дөңгелеп жатса, ауылдағы бір-екі адамға жұмыс береміз. Ауылдағы естіп-білгендер қазірдің өзінде өнімді сұрап жатыр. Соған қарағанда кәсібіміз өркен жаяды деп отырмыз, – дейді көпбалалы әке.

Үштөбе ауылындағы үш баланың анасы Әсемгүл Елубаева да грант иегері атанып, ірімшіктің түр-түрін әзірлеп, қолынан шыққан өнімін саудалап отыр.

па

– Осындай грантқа қол жеткізу мүмкіндігі барын жақынымнан естіп, арнайы курстан білім жетілдірдім. 1 500 000 теңге қаражатқа қажет жаб­дық­тарды сатып алдым. Табиғи өнімге қашанда сұраныс бар. Ауылдың өзінде жедел өтіп кетеді. Ірімшікті әзірлеу технологиясын ертеден білемін. Гранттың арқасында кәсібім кеңейіп, тапсырысым көбейді, – дейді грант иегері.

Гүлнұр Балтабаева грант арқылы шелкография әдісі және ДТФ принтер көмегімен ұлттық нақышты әзірлейтін бизнес орталығына орасан пайда әкелді. Қолөнерші ДТФ принтерді бағдарламасымен бірге 700 мың теңгеге сатып алған. Онымен қоса, ноутбук, көпфункционалды термопресске де қол жеткізген.

– Бүгінгі күні «Асыл мұра» өнер мек­тебіндегі «Асыл мұра» күйшілер ансамблінің тапсырысын орындау үс­тін­деміз. Жақында Ташкентке кон­курс­қа барады. Өнерпаз балалардың киіміне қазақы нақыш салып жатырмыз. Тапсырыс күн өткен са­йын көбейіп жатыр, – дейді кәсіпкер келіншек.

 

Қарағанды облысы