Осыдан 34 жыл бұрынғы тарихи сәт-сағаттар есіме түседі.
Сол кездегі Қазақ елінің астанасы – Алматының қақ төріндегі ескі үкімет үйінде нағыз демократиялық үлгідегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі ХІІ шақырылымының кезекті сессиясы аса тартысты жағдайда өтіп еді… Құрамы еліміздің түкпір-түкпірінен баламалы негізде сайланып келген 360 халық депутатынан тұратын Жоғарғы Кеңестің кең залы қайшыласқан пікірлердің қым-қуыт додасына айналған. Күн тәртібінде жалғыз мәселе тұрды. Егемендік декларациясын талқылау! Арада 34 жыл өткенімен, қазан айының сол күнгі қара суығымен жағаласып өткен қызуы қалың додалы жиынның әр сәті көз алдымда… Аты референдум болғанымен, заты конституциялық заңға пара-пар деңгейде өткен тарихи құжатты талқылауда декларацияның әр тарауы, әр бабы қызу талқыға түсіп, пікірсайыс тұтас бір күнге созылды. Сайысқа ел Президенті де, Төраға да, Үкімет мүшелері де, саяси партиялардың жетекшілері де, қысқасы дамудың жаңа жолына бағыт түзеген жаңа, жас мемлекет тағдырына алаңдаған сергек ойлы, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың біразы қатысты. Қазақ юриспруденциясының көшін бастаған академик Салық Зимановтың сағаттап мінберде тапжылмай тұрып, тарихи құжаттың әр бабын қалай қорғағаны, сұрақтарға қалай жауап бергені жадымда. Жасы жетпістің ішіндегі, екі тілде тең сөйлейтін Салық ағаның сол күнгі кескінін көріп отырып, жалғыз мен емес, күллі залдың сүйініп, сүйсінгенін ұмыта алмаймын. Сол күнгі ой мен сөздің сайысына түсіп, ел намысын қорғаған әр депутатқа алғыс айтамын! Егер… Сол сәт ұлт ойы мен қоғамдық пікірдің қара көрігін үрлейтін зиялы топ табандылық пен бірлік таныта алмаған жағдайда ел дамуының бағыты қалай болары белгісіз еді. Өйткені, республиканың саяси билігі мен жерінің бір тұтастығын, өз ішкі күштері мен сыртқы қорғаныс күштерін қалыптастыру, ел егемендігін түбегейлі бекіту үшін сол кездегі әлі іргесі сөгіле қоймаған кеңес одағының шексіз билігін шектеу бағытында батыл шешімдерге бару – Егемендік декларациясының алтын өзегі болды. Одақтық заңдар мен құжаттардан гөрі республика заңдары мен мемлекеттік құжаттарына басымдық беру қарастырылған. Тілдің мемлекеттік мәртебесін күшейту туралы ұсыныстар айтылды. Империялық елдің тарихында одақтас республикалар ішінен алғашқылар қатарында айтылған мұндай батыл саяси мәлімдеме Орталыққа ұнаған жоқ. Сондықтан Мәскеу мұндай өз билігін әлсіретер тәуелсізденудің бағыты мен бағдарын ұсынған құжатты тұншықтырудың жолын іздеді. Мүмкіндігінше Қазақстан секілді құйқалы жұртты тұқыртып ұстап, үш ғасырдан бері бодандық қамытына біржола үйренген елдің тізгінін өз қолына бермеуге тырысып бақты… 1990 жылдың көктемінен бастап әр алуан саяси топтардың «адастыруға» тырысқан әрекеттеріне Қазақстанның Егемендік декларациясын әзірлеген аса сауатты мамандар бойын да, ойын да алдырмады. Қазан айының 25-інде Республика Парламентінде болған айтулы талқылаудың сегіз сағатқа созылуы – осы сөзіміздің айғағы! Ұлт санасын сілкіген сол күндер есіме түскен сайын, елдің тәуелсіздігі мен ұлттық мемлекет болып іргесінің бекуіне жол ашқан, болашағымызды айқындап, аласапыран дәуірлер дауылынан аман шығудың алғышарттарын белгілеп берген, еліміздің егемендігі мен мемлекеттік тәуелсіздігіне іргетас қалаған дәуірлік заңдарымыз бен реформаларымызға бастау болған Егемендік декларациясы – жаңа дәуірдің тамырын тап басып ұстауға мүмкіндік туғызған азаттықтың бойтұмары.
Ел тарихындағы Республика күні – ұлт санасын сілкіген ұлыстың ұлы күні.
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
«Отан» орденінің иегері,
Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі XII шақырылымының депутаты