Мемлекеттік сыйлықты әділетті Қазақстанның көшбасшысының қолынан алғаныма да бек қуаныштымын. Алда еліміздің адамзаттық өркениетке өзінің ұлттық болмысымен, салт-дәстүрімен, рухани жиһазымен жеткенін қалаймын. Сол күні халқыммен бірге шындап қуанатын болуым керек. Ата-бабаларымыз қиын да күрделі жолды жүріп өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы бізге де оңай болмады. Қателіктен сабақ ала жүріп жетіліп келеміз. Тағдыр аямаған ұлт перзентінің қуанышы толық қуаныш бола ала ма? Мемлекеттік сыйлық шарасының мінберінде тұрып бүгінгі жамиғатқа ендігі жаңа уақыт, жаңа қазақ қоғамы адаспаса екен деп тіледім. Жаңарған қазақтың тегеурінді ұрпағы бақыт бесігінде жасаса екен!
Мемлекеттік сыйлықты алған еңбегімді жалғастырып, енді «Адамның бар қызығы бала деген» атты балалар әдебиетінің бары мен нәрін, кеңшілігі мен жоғын түгендейтін тағы бір кітапты аяқтауға жақындадым.
Бүгінгі Республика күніне келсек, бұл күн – біздің баладан данаға дейін, бұқара халықтан билік басындағыларға дейін терең таным тұрғысынан түсініп, жан-жүрегімізбен қабылдап, шын қуанатын нағыз ұлттық мереке. Ұлтымыздың, мемлекетіміздің тағдыры шешілген шуақты күн. Аспанды бұлт торлап, жер-көкті тұман алса, кейін аспан ашылғанда адам баласының да көңіл күйі көтеріліп, бір жасап қалмай ма? Одан да зор қуаныш – осы күн. Сондықтан Республика күні қазір де, болашақта да тәуелсіздігіміздің айбары болады деп санаймын.
Құлбек ЕРГӨБЕК,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әдебиет сыншысы