Білім • 25 Қазан, 2024

Үздік педагогтер марапатталды

186 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Республика күні қарсаңында ұстаздық етуден жалықпаған жандар марапатталды. «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары анықталып, әрқайсысы арнайы төсбелгі мен 3,6 млн теңгелік сыйақы иеленді. Жеңімпаздар арасында балабақша тәрбиешілері, мектеп мұғалімдері, колледж оқытушылары бар. Салтанатты жиынға Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, білім саласының өкілдері қатысты.

Үздік педагогтер марапатталды

Іс-шарада сөз алған министр Ғ.Бейсембаев әуелі барша қаты­сушыны, еліміздің педа­гог­терін ұлттық мерекемен құт­тық­тап, сала қызмет­керлерінің жұ­мы­­сына жеміс, еңбегіне табыс тіле­ді. Осыған қоса министр қо­ғам­­дағы ұстаз рөлінің маңы­зын атап өтті. Оның айтуынша, жыл сайын еліміздің педагогтері х­алық­­аралық деңгейде жоғары көрсет­кіштерге қол жеткізіп жүр. Мыса­лы, биыл біздің оқушылар әлемдік беделді пәндік олимпиадаларда 26 (сол жүлделердің екеуі – алтын) медаль жеңіп алды, ал бұл – мұғалімдердің еңбегі.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің бірінші съезінде «Ұлт келбеті – ұстаз, ұстаз қандай болса, мемлекет сон­дай болады» деген қанатты сөз­ді алға тартты. Төрт жылдың ішін­де мұғалімдердің айлығы 100 пайыз­ға өсті. Әлемдегі ең бе­дел­ді 7 ха­лықаралық пәндік олим­­пиада жеңімпаздарын дайын­даған ұстаздарға қомақты сыйақы да қарастырылды. Ал 2012 жыл­дан бастап өткізіліп келе жат­қан «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздарына 1000 айлық есептік көрсеткіш (3,6 млн теңгеден аса) көлемінде сыйақы тағайындалған. Бұл қолдаулардың барлығы ұстаздардың ел игілігіне, адам капиталын қалыптастыруға және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз адал еңбегінің мемлекет тарапынан лайықты ба­­ға­ланатынын және педагог мәр­­­тебесін көтерудің жаңа ке­зеңін ай­ғақтайды. Сапалы білім – мемле­кетіміз­дің табысты бола­ша­ғының негізі. Біз, ұстаздар, еліміз­дің оң имиджін насихаттайтын, саналы да толерантты заманауи ұрпақ қалыптастырудың қозғаушы күшіне айналуға тиіспіз», деді Ғ.Бейсембаев.

Жауапты министрлікке қа­рас­ты Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев кейінгі кезде «Үздік педагог» байқауына қы­зығушылықтың артқанын айтты.

«Үздік педагог» байқауына кейін­гі кезде қызығушылық арт­қан. Қа­ты­сушылар арасында педагог-шебер, педагог-зерттеуші секілді ең жоғары санаты бар мамандарды көп кездестіреміз. Биыл 1 700-ден аса қатысушы бақ сынап, 64 адам жеңімпаз атанып отыр, кей өңірлерден 4 адамнан, кейбір облыстардан 1 адамнан дараланып шықты. Қомақты сыйақысы бар мұндай байқау педагогтерді ынталандырып, жұмысына деген құлшынысын арттыра түседі», деді Қ.Жұмашев.

Комитет басшысының айтуы­на қарағанда, аталған байқауды өт­кізудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында арнаулы платформа жасалған. Қаты­сушылар сол платформада қажетті құжаттарын, жетістіктерін дерек ретінде толтырып, өздерінің жұмыс орнынан арнайы бір рұқсат алмай-ақ өз еркімен өтінім бере алады. Байқауға балабақша, мек­теп, колледж, арнайы білім, қо­сымша білім қызметкерлері де қатысады. Сайыс әуелі аудандық, содан соң облыстық деңгейде өтіп, өңірде оза шапқандар республикалық деңгейге өтіп, іріктелгендері Астанаға келіп тәуелсіз сарапшылар алдында ашық сабақ өткізеді. Байқау аясында әр қатысушының білім са­ласын дамытуға қосқан үлесі, педа­гог қызметінің тиімді­лігі, оның кәсіби шеберлігі ескері­леді. Республикалық байқау комиссияның құрамына үкі­меттік емес ұйым, ата-аналар қоғамының, Білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстан салалық кәсіподағының өкілдері, журналистер, белсенді педагогтер кіреді.

Гүлнар Жалғасқызы биылғы «Үздік педагог» байқауының жеңім­пазы атанды. Ол Ақтөбе об­лысы Ш.Берсиев атындағы Жо­ғары аграрлық-техникалық кол­леджінің арнайы пән оқыту­шысы болып жұмыс істейді. 22 жыл еңбек өтілі бар педагог сайыс кезінде қиындық болғанын, содан сүрінбеуге ұжымының сенімі сеп болғанын айтады.

«Жастарға сапалы білім беруде аянбай еңбек етіп келе жат­қанымды үлкен абырой санаймын. Бұл байқауға бірінші рет қатыстым, сөз жоқ, қиындық болды. Бірақ еңбегімнің еленіп, жұмысымның жемісін көріп отырғаным сол төккен тердің нәтижесі деп білемін. Беделді педагогтер додасы қатысушыдан үздік жұмысты талап етеді, же­тістіктердің болуы жеткіліксіз, мұнда оқулықтар жазу секілді ғылыми ізденіске басым­дық беріледі. Шыны керек, «Үздік педагог» байқауының жыл сайын өтіп жатқанын білемін. Алайда өз еркіммен қатысуға батпай, өзімді әлі де дамытып, жұ­мысымды ширатуым керек деп ойлап жүрдім. Ұжымым үміт артып, сенім арқа­латқандықтан, белді бекем буып, бәйгені бермеуге тырыс­тым», дейді Г.Жалғасқызы.

Ал Мереке Кенжебекова Жам­был облысы Шу қаласынан келіп «Үздік педагог» атанды. Ол аталған қалада орналасқан Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ орта мектебінде биология пәнінен сабақ береді. 32 жыл бойы білім саласында табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан педагог.

«Оқушылары жақсы жетістік­терімен биіктерден көрінсе, адами тұлға ретінде қалыптасса, мұғалім миссиясының орындалғаны, ең бастысы еңбегінің өтеуі, баға­ланғаны деп білемін. Бұл сайыс­қа екі жыл дайындалдым. Жа­рыс­тың ерекшелігі барлық өзіңіз­дің жетістігіңізді берілген қо­сым­­шалар бойынша жүйелі дайын­­дап отырсаңыз, сайтта жұ­мыстарыңызға әділ баға­лан­ған ұпайлар ашық шы­ғып тұра­ды. Отыз жылдан аса уақыт бойы халықаралық пән олим­пиа­да­ларының жүлдегерлерін, ғылы­ми жоба бойынша үздіктерді дайындаған, осыған қоса он жылдан бері шебер-педагог санатымен өзімді көрсете жүріп, Ұлттық тестілеу орталығының сарапшысы ретінде атқарған еңбегім еленіп, жақында мұғалімдер күнінде Ы.Алтынсарин төсбелгісін иеленген едім. Мұның бәрі бізді ынталандырады. Ал байқауға жастар­ды шабыттандырып, мұ­ға­лім мамандығына қызығу­шы­­лы­ғын арттыру үшін қатыс­тым. Бұл жолда жетістіктің шыңы – артыңнан із қалдырып, өзің­нен кейінгі әріптестеріңді жана­шырлықпен тәрбиелегенің, оларға жақсы үлгі бола білгенің», деді М.Кенжебекова.

Республика күніне арналған салтанатты іс-шарада оқу-ағар­ту жүйесінің бірқатар қызмет­керлеріне «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдері, «Ы. Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері және басқа да министрліктің наградалары тапсырылды.