Аймақтар • 25 Қазан, 2024

Топар тұрғындарына тарту

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай ауданының Топар кентінде заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Жаңа спорт нысаны ұлттық мереке қарсаңында тұр­ғындарға тамаша тарту болды. Спорт кешенінің ашылу салтанатына арнайы барған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев абайлықтарды мейраммен құттықтады.

Топар тұрғындарына тарту

– Президент өз Жол­дауын­да бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын айрықша атап өтті. Өңірде бұл бағыттағы жұмыс өр­кенді деуге болады. Жыл сайын спорт нысандары саны көбейіп келеді. Кент тұрғындары бұл кешенді көп күтті. Енді осы жерден туымызды биікте желбірететін чемпиондар шыға берсін! – деді аймақ басшысы.

Кешенде барлық ин­женерлік инфрақұрылым ескерілген. Спортпен шұ­ғылдануға қажетті спорт жаб­дықтарының бәрі бар. Мұнда жаттығудан бөлек, шеберлік сабақтары мен жарыстар өтеді. Алдағы уақытта түрлі секциялар ашу жоспарланып отыр. Енді ауыл жастары футбол, волейбол, баскетбол, күрес, үстел теннисі сынды спорттық ойындармен емін-еркін айналыса алады.

па

– Кентте 10 мыңнан аса адам тұрады. Оның 30 пайыздан астамы спортпен белсенді түрде шұғылданады. Спорт кешені толық жабдықталған. Медициналық пункт, спорт­­шылардың демалыс бөлмесі, түрлі спорт залдар, әдіскерлер кабинеті бар. 18 жасқа дейінгі спортшылар мен мүмкіндігі шек­теулі жандарға спорт секциялары тегін. Ал студенттерге 50 пайыз жеңілдік қарастырылған, – деді спорт ғимаратының меңгерушісі Ғалия Мәлікқызы.

Топар кенті әлемдік аре­наларда нәтижелі өнер көрсеткен спортшы­лары­мен жақсы танымал. Паралим­пиадалық жүзуші Андрей Афанасьев, ауыр атлет Да­нияр Сейсенов, пауэрлифтер Қайрат Ісжанов, полиатлоншы Әмірлан Имашев секілді байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген спорт саң­лақтары бар. Жаңа спорт кешенінде жаттығатын жас ұрпақтың күні ертең спорт жұлдызы атанып, жарқ етіп шығатынына негіз де, сенім де, үміт те мол.

Жалпы, Абай ауданында бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді. Бүгінгі күні 113 спорт нысаны жұмыс істейді. Жыл соңына дейін ауданда бокстан екі ірі рес­публикалық турнир өт­кізу жоспарланған.

 

Қарағанды облысы,

Абай ауданы,

Топар кенті