Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Н. есімді азамат тұрғын үйге кезекке қою мерзімін түзету үшін Қостанай қаласы әкімдігіне қатысты талап-арыз берген. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азамат интернат мекемесі тарапынан тұрғын үй кезегіне кеш қойылғанын мәлімдеген.
Талапкердің кезекке алыну мерзімі 2013 жыл болғанымен, сол кездегі қолданыстағы заңнама бойынша ол бұл құқықты 2009 жылдың шілдесінен бастап ала алатын еді. Сот талқылауына дайындық барысында тараптарға медиативтік келісім жасасу ұсынылды және олар бұл ұсынысты қабылдады.
Тobolinfo.kz сайтының дерегінше, медиативтік келісімге сәйкес, жауапкер әкімшілік талапқа сай азаматтың тұрғын үй кезегіне қою мерзімін түзетуге міндеттеме алды.