«Finflow»
Жоба жетекшісі Дәулет Айтмақанов Оңтүстік Кореядағы «SolBridge» халықаралық бизнес университеті, «Халықаралық қаржы» мамандығында білім алған. Кейін «Corporate Finance Institute» курсында білімін шыңдап, 2023 жылы «Finflow.pro» жобасын бастаған. Стартаптың негізгі ерекшелігі – бірнеше секунд ішінде қаржылық модельдер құра алады, болжамдар мен зерттеулер жасайды, компанияның болашақтағы қарқыны туралы жіктеп, түсіндіріп, жоспар құрып береді. Осылайша, кәсіпкер бизнесінің қазіргі жағдайын айқын көреді.
«Біз NLP-модельдер провайдерлерімен көптеген тәжірибе жасадық, соның ішінде «ChatGPT», «Lama», «Gemini», «Claude» және «Perplexity» модельдерін қарастырдық. Нәтижесінде, қаражатқа қатысты деректермен жұмыс істей алатын, қаржылық логиканы түсінетін әрі математикалық есептерді шеше алатын ең жақсы провайдер «Antropic» компаниясының «Claude» моделі екенін анықтадық. Өйткені бұл жүйе болжамдар жасайды әрі кәсіпкердің 50-ден астам қаржылық сұрағына жауап береді. Мысалы, «Маған өткен тоқсанның пайда мен шығын есебін жаса» немесе «Келесі айда екі менеджерді жұмысқа алуға бола ма?» деген сауалдарға нақты ұсынысын айтады. Басқа модельдер көбіне мәтінмен, графикамен жұмыс істеуге бағытталған, сол себепті қаржылық модельдерде қателік жібереді», дейді Д.Айтмақанов.
«Finflow» жобасы елімізден бөлек, Қырғызстан, Сингапур және Германияда сұранысқа ие. Нақтырақ айтсақ, жасанды қаржыгерге 40 компания тұрақты жүгінеді. Себебі бұл жүйе нақты формула мен алгоритмге негізделгендіктен, «ChatGPT» секілді жалған дерекке бой алдырмайды.
«Шағын бизнес қаржы директорын жалдай алмайтыны белгілі. Осы тұста бухгалтер мен қаржыгерді шатастырмау керек. Өйткені бухгалтер өткен мәліметтермен жұмыс істейді. Ал қаржыгер болашақты болжап, компанияның көп табыс тауып, қаражатты үнемдеуін қамтамасыз етеді. Осы себепті, 80% шағын және орта бизнестің «Finflow» платформасына қажеттілігі бар. Одан соң, біз тұтынушылардың қаржылық деректерін үшінші тарапқа таратпаймыз. Бұл –компанияның ең маңызды шарты», дейді жоба жетекшісі.
«Beksar»
Бірер жыл бұрын Мақсат Бектібаев, Бауыржан Сәрсембаев, Айдын Темеков елімізде жеке дүкендер желісін өркендетіп жүрген. Үш жігіттің мәселесі бір болатын. Яғни олар кіріс, шығыс және қалдық тауар туралы ақпаратты жинақтай алмайтын еді. Кәсіпкерлер түрлі әдісті қолданып көрді. Пайдаға жарайтынын таппаған соң, ақыры қажет бағдарламаны өздері жасап шығарды. Жоба «Beksar» деп аталады. Ол сауда нүктесінің деректерін толық цифрландырып, барлық қажетті ақпаратты ноутбук немесе телефонда жинауға көмектеседі. Стартаптың бұл қызметі еліміздегі 2,3 мыңнан астам дүкенде қолданылады. Әрине, компанияның негізін қалаушылар бұл жетістікпен тоқтап қалмақ емес.
«Кез келген дүкеннің қызметі сауда, касса құралы, қалдық тауар, жеңілдік жүйесі және т.б. маңызды заттардан құралады. Мұның бәрі бір қосымшада жиналып, тетікті бір басқанда шығуы керек. Яғни кәсіпкер әрқайсысы бір-бір қызмет ұсынатын бірнеше бағдарламамен басы айналып отырмауы қажет. Тіпті қарапайым тілде айтсам, «Beksar» сіздің дүкенді толықтай цифрландыруға көмектеседі. Бұрын қалай еді? Кәсіпкер дәптер немесе «Excel» кестесін ашып, сауданың бәрін соған жазатын. Сосын қолымен санайтын. Мұндай әдіспен дүкенде қанша тауар қалғанын білу мүмкін емес. Ал біздің бағдарлама бұл дәптерді кәсіпкердің ноутбук, планшет немесе телефонына көшіріп, есептің бәрін дәл осы сәтте жүргізуге мүмкіндік береді», дейді А.Темеков.
Мақсат Бектібаевтың айтуынша, «Beksar»-мен бұрын-соңды жұмыс істеген тұтынушылардың 76%-ы әлі күнге дейін аталған бағдарламалық құралды қолданып келеді.
«Шағын және орта бизнес өкілдерінің көбі қанша жұмсайтынын біледі. Бірақ нақты қанша табыс табатынын білетіндер некен-саяқ. Ал бірнеше дүкенің болса әрі бұл сұраққа нақты жауап бере алмасаң, кәсібіңнің болашағы бұлыңғыр деген сөз. Кәсіпкер бір күні шығынға батып жатырмын деп ойлайды, ал екінші күні шоттағы ақшаны көріп, шүкір етеді. Бұлай болмауы керек. Бірде біз қойманы цифрландыруға келдік. «Бұл жердегі тауардың сомасы қанша?» деп сұрадық. Иесі 3 миллион теңгеден аспайды деді. Бірнеше уақыттан кейін біз есебін жасап, қоймада 8 миллион теңгенің тауары жатқанын көрсеттік. Сауда желісін цифрландырғанда да осындай жағдайға тап болдық. Иесінің есебі бойынша қоймада 200 миллион теңгенің тауары болған. Ал түгендеу жұмысы жүргізілгеннен кейін оның құны 1 миллиард теңге болып шықты», дейді М.Бектібаев.
«Kwaaka»
Қарағандылық Нәби Мұратбек Назарбаев университетінде оқып жүргеннен-ақ жасанды интеллект мүмкіндігін меңгерген. Кейін осы қабілетін шыңдап, «Кwaaka» стартап-қызметін іске қосты. Бұл жобаның ерекшелігі – мейрамхананың кассалық жүйесін біріктіреді, сондай-ақ бизнеске тапсырыстарды бір жерден басқарудың кешенді шешімін ұсынады. Соның арқасында бірнеше аккаунтқа қажеттілік болмайды әрі деректерді қолмен енгізіп уақыт жоғалтпайсыз. Тағы бір айта кетерлігі, «Kwaaka» жүйесі тапсырыстарды веб-сайт, сауда алаңдары мен жеткізу серіктестері секілді түрлі онлайн платформадан қашықта отырып өңдеуге мүмкіндік береді. Аталған қызмет арқылы «Glovo», «Walt», «Chocofood» секілді бірнеше агрегатордан онлайн тапсырыстар тікелей тұтынушының «POS» жүйесіне жіберіледі. Орташа есеппен тапсырыстарды өңдеу үдерісі 15 минутқа қысқарады. Нәтижесінде, қызмет көрсету сапасы да жақсарады, өйткені адам қателігінің ықтималдылығы өте төмен.
«Кассирлермен, әкімшілермен сұхбаттасып, көптеген мейрамхананың кассалық жүйесінде бір ізге түспеген үлкен мәселе барын білдім. Жобамыздың идеясы осылай келді. Шамамен 2022 жылдың ақпанында стартап жұмысын бастадық. Қазір «Kwaaka»-ға 500-ге жуық мейрамхана қосылған. Елімізден бөлек, Армения мен Әзербайжанда да бізбен жұмыс істеуге мүдделі ірі серіктестер бар», дейді жоба жетекшісі Нәби Мұратбек.