Ұялы байланыс операторлары интернет жылдамдығының баяу болуына радиофобтар кінәлі дегенді үнемі алға тартады. «Beeline» компаниясы өкілінің айтуынша, тұрғындармен келісімге келу қиын шаруа.
«Әдетте антенналарды алып тастаңдар деген талап ірі қалаларда көп қойылады. Әсіресе Астана, Алматы, Жезқазған, Шымкент, Ақтау, Павлодар сияқты абоненттер саны көп және желі жүктемесі жоғары өңірлерде болады. Жыл сайын абоненттер саны мен олардың тұтынатын интернет трафигі өсіп отырғандықтан, базалық стансаларды көбірек орнату қажеттілігі туындайды. Осыған байланысты операторлық жабдыққа қарсы көзқарастағы радиофобтармен жиі ұшырасамыз. Мұндай адамдар қолданыстағы стансаларды алып тастауды талап етеді немесе жаңасын орнатуға қарсы болады. Тағы бір мәселе – шатырдағы орындардың жалдау құнының тым қымбат болуы», дейді «Beeline» компаниясының өкілі Анара Смаилова.
«Kcell» байланыс операторы былтыр еліміз бойынша 115 базалық стансаны демонтаждаса, биылғы алғашқы тоғыз айда 165 базалық стансаны алып тастауға мәжбүр болған. Сондай-ақ олар да стансалар орнататын орынның жалдау құны жоғары деген шағым айтып отыр.
«Мемлекеттік мекемелерге тиесілі ғимараттарда базалық стансаларды мемлекеттік органның нұсқауымен алып тастаймыз. Ал тұрғын үй кешендерінде стансалар тұрғындардың көпшілігі дауыс берген жағдайда ғана алынады. Демонтаждың тағы бір себебі – жалдау құнының бірнеше есе көтерілуі», дейді «Kcell» өкілі.
Айтуларынша, кейбір меншік иелері жалдау құнын 500-700 мың теңгеге дейін көтереді, бұл тым қымбат әрі тиімсіз. Егер оператор мұндай шарттарға келісетін болса, барлық жерде жалдау құны көтеріліп кетеді. Ел бойынша он мыңдаған базалық станса бар екенін ескерсек, шығын бірнеше есе артып кетуі мүмкін.
«Beeline» ұялы операторының мәлімдеуінше, заң бойынша базалық стансаны орнатуға тұрғындардың көбі келісуі қажет. Алайда кей жағдайда радиофобтар қатаң қарсылық танытады. Олар көршілерін келіспеуге үгіттейді, жанжал шығарып, жабдықты, сындырып тастауға дейін барады. Сондықтан кейде басқа тұрғындар жанжал шығармау үшін қарсылық білдіргендердің талабына көнуге мәжбүр болады.
«Компания жергілікті тұрғындармен келісімге келу үшін бар күшін салады. Инженерлер радиотолқындардың қауіпсіздігі туралы түсіндіреді, өлшеу жұмыстарын жүргізеді. Қорытындыларын дәлел ретінде ұсынады, келіссөздерге әкімдік пен жауапты министрліктің өкілдерін шақырады. Алайда радиофобия – ақылға қонымсыз құбылыс, сондықтан технологияның қауіпсіздігі айқын болғанымен, адамдарды сендіру мүмкін болмай отыр. Мемлекеттік органдардың өкілдері де бұл жағдайға ықпал ете алмайды», дейді «Beeline» өкілі А.Смаилова.
«Kcell» компаниясы да мұндай жағдайда байланыс саласындағы уәкілетті органға, әкімдікке кондоминиум кеңесіне жүгінетінін айтады. Бірақ мәселе үнемі оңынан шешіле бермейді. Дегенмен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы жағдайды реттеу мақсатында «Байланыс туралы» заң жобасын әзірлеуге кіріскен.
Сондай-ақ құрылыс жүріп жатқан нысандар да интернет жылдамдығына айтарлықтай әсер ететін көрінеді. Құрылыс жүріп жатқан қалаларда жаңадан салынған ғимараттар радиосигналды жауып тастағандықтан, операторларға базалық стансаны орнатуға басқа орын іздеуге тура келеді. Радиосигнал физика заңдылықтарына сәйкес ғимараттар арқылы өте алмайды. Сонымен қатар құрылысшылар байланысқа арналған инфрақұрылымды жоспарламайды және операторларға құрылыс жоспарлары туралы ескертпейді, сол себепті жаңа тұрғын үйлердің тұрғындары жиі байланыссыз қалады.
Базалық стансаны орнатуға кететін уақыт та, қаражат та аз емес. Мысалы, «Beeline» өкілі бір стансаға 100 миллион теңге кетеді дейді. Байланыс операторлары көбіне мемлекеттік сатып алу салаларында кедергілерге ұшырасады екен. Сондықтан бұл үдерісті жеңілдетсе, жағдай түзелер ме еді деп отыр. «Бір базалық стансаны орнатуға 6 айдан бір жылға дейін уақыт кетеді. Бұл үдерістің кезеңдері арнайы сызбада көрсетілген. Құрылыс, СЭС, мемлекеттік сатып алу салаларында кедергілер бар. Оны жеделдету үшін бұны заңнамалық деңгейде жеңілдету қажет», дейді «Kcell» компаниясының маманы.
Үдеріс жеңілдесе, «Kcell» компаниясы 2027 жылға дейін ел бойынша 5G-дің 3527 базалық стансасын орнатуды жоспарлап отыр. «Beeline» байланыс операторының да жылдамдығы жоғары базалық стансаларды орнатып жатқаны белгілі болды.