Өнер • 29 Қазан, 2024

Әр нотасы – туған жердің бейнесі

48 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстандық орындаушы Sangina АҚШ-та қазақ және ағылшын тілде­рінде «My Motherland» («Атаме­кенім») қос синглін шығарды. Елімізге арнал­ған әсерлі композиция бүкіл әлем тың­даушыларының жүрегінен орын алды. Музыкалық трек АҚШ пен Еуро­падағы радиостансаларда шырқалып, ондаған шетелдік плейлист әнді өз таңдауларына енгізді.

Әр нотасы – туған жердің бейнесі

Әрбір нота туған жердің жылуын сыйлайды. «My Motherland» музыкалық туындысын танымал орындаушы Sangina Қазақ­станға арнады. Ән туған жерге де­ген сүйіспеншілікке толы және елі­міздің бай мәдениетін қалың көп­шілікке көрсетуге бағытталған.

«My Motherland» әнінің идея­сы АҚШ-қа бір жарым жыл бұ­рын көшкен кезде пайда болды. Қа­зақстаннан алыста жүргенде мен ерекше сағынышты сезіндім және туған жеріммен байланысым қаншалықты мықты екенін түсіндім. Біз арман қуып, басқа елге көшіп, айналамызды өзгерте аламыз, жаңа тілдерді үйренеміз. Бірақ қай жерде болсақ та, бізбен әрдайым бірге болатын нәрселер бар – бұл біздің тамырымыз, мә­дениетіміз, Отанымыз. Ән бас­тап­қыда қазақ тілінде жазылған. Алайда Батыс музыка индустриясында белсенді еңбек етіп, мен бұл әнді ағылшын тілді аудиторияға жеткізу маңызды екенін түсіндім», деп атап өтті әнші.

«My Motherland» барлық негізгі стримдік платформаларда қолжетімді. Композицияда Sangina қазақтың ұлттық ырға­ғын заманауи поп-музыкамен және блюзбен үйлестіреді. Орын­даушы қазір өз жұмысын осы ба­ғытта жалғастыруда және ұлт­тық мәдениетті насихаттауға ниетті.

«Менің ойымша, мәдени әртүрлілік жеке музыкама ерек­ше сипат береді және кең ауди­торияның жүрегіне жетуге мүм­кіндік тудырады. Мен әртүрлі мәдениеттегі адамдарға жақын ән жазуға және музыка шынымен біріктіре алатынын көрсетуге тырысамын», дейді Sangina.

Әнші Тараз қаласында дүниеге келген. Нәзік жан туған жердің әр өңірін аралап, туристік орындарға жиі барады. Жас орындаушының пікірінше, Қазақстанның бай мәдениеті, көркем табиғаты және бірегей тарихи мұрасы бар.

«Қазақстан – бірегей табиғи ғажайыптар тоғысқан таңғажайып ел. Оның ішінде Қайыңды көлі, Көлсай көлдері, Шарын шатқалы және Каспий теңізінің жағалауы айналасында Бекет ата сияқты жерасты мешіттері бар. Еліміздің оңтүстік бөлігі тарих пен рухани орындарға бай. Елдің әр бұрышы өзінің тарихы мен ерекше сұлулығын сақтаған. Мен әрдайым өзім үшін жаңа нәрсені қуана ашамын. Бірнеше жылда бір рет міндетті түрде қасиетті жерлерге экскурсия жасаймын. Бұл сапарлар маған әрқашан тазалық, тыныштық және жаңа жобаларға шабыт береді», деп ол сөзін түйіндеді.

Қараша айында Sangina қа­зақстандық орындаушы Danna Max-пен бірлесе шетелдік ауди­торияға жаңа сингл таныстыруды жоспарлап отыр.