Аймақтар • 29 Қазан, 2024

Әуежай хабының әлеуеті

61 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» Жолдауында «Әуе хабтарын дамыту – өте маңызды міндет» деді. Еліміздің әуе кеңістігі арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданатынын айта келе, алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті екі есе ұлғайту жөнінде пәрмен берді.

Әуежай хабының әлеуеті

Суреттерді түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Президенттің «Әуежайларымыздың жүк тасымалдау мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды жасау керек» деген тапсырмасын Қарағанды әуежайы көпке созбады. Биыл «Сарыарқа» әуежайы базасында «CargoHubKaraganda» мультимодалды әуе хабы құрылады. Бұдан келер игілік – жүк тасымалы едәуір ұлғайып, халықаралық логистика мүмкіндігі артады.

Қарағанды әуежайының жүк әуе хабы ретінде әлеуеті әжептәуір. Еліміздегі әуежайлар ішінде жүк тасымалдау бойынша Алматыдан кейінгі орын осы «Сарыарқаға» тиесілі.

«Біз жүк ұшақтарының техникалық қонуына жағдай жасап отырмыз. Сол ар­қылы операторлар тартамыз. Ұшақтар осында қонып, жанармай құяды, экипаждарын ауыс­тырады, шағын техникалық қызмет көрсетіледі. Жүк тасымалдау саласында 10 жыл­дан аса жұмыс істеп келеміз», дейді «Сарыарқа» әуежайының басқарма төрағасы Руслан Ғаббасов. 

ап

«Сарыарқа» әуежайының жүк тасымалына әуелі орна­ласқан орны тиімді. Оңтүстік-шығыс Азия елде­рі­нен Еуропаға апаратын ең қысқа жол дәл осы Қара­ған­ды үстімен өтеді. Жүк өңдеу жылдамдығы, баға арзандығы мен қызмет сапа­сының жоғарылығымен де ерекшеленеді. Әуежай бүгін­гі күні Эквадор, Нидер­ланд, Бельгия, Оңтүстік-шығыс Азиядан электроника, автокөлік пен азық-түлік, басқа да түрлі тауар таситын рейстерге қызмет көрсетеді. Мұнымен қоса, әуежайға Эквадордан гүл тиелген 3 рейс, Амстердамнан 1 рейс, Бельгиядан 1 рейс келеді. Халық тұтынатын тауар жеткізуші Гонконгтен де рейс бар. Апта сайын Еуропа мен Израильден жеткізілген 5 тонна өнім өңде­леді. Әсіресе көкөніс пен жидектің түр-түрі бар.

Әуежай әлеуеті артып, жоға­рыда атап өткен жоба жемісті жүзеге асса, басқа сала­ларға да оң серпін берер еді. Атап айтсақ, жүк көлі­гімен тасымалдау жолға қойылады. Экипаж мүше­ле­рі ауы­сым кезде аял­дай­тын қонақүй салынады. Сәйкесінше, әуежай қыз­мет­кер­лерінің жалақысы өседі.

Бұрынырақта Қараған­ды­да гүл сататын 200 нүкте бар еді. Қазір олардың саны 700-ге жетті. Бұған бірден бір себеп – әуежайдың 2015 жылдан бері гүл қабылдай бастауы. Жоғарыда атап өткеніміздей, гүл таситын рейс көп. Бас­тысы, жылдам жеткізеді, баға­сы да тиімді. Әуежай аума­ғында орналасқан «Кaragandy technical center» ЖШС қоймаға апта сайын 5 бортпен 400 тоннаға дейін гүл қабылдайды. Қойма меңгерушісі Арман Нұр­ма­ғам­бетовтің айтуынша, гүл апта сайын және айына екі рет Гонконгтен түрлі жабдық келеді.

«Қоймалардағы температура режімі – жүктің сақ­та­лу режіміне қарай –2 градустан +20 градусқа дейін. Қоймаға келіп түсетін гүлдер сұрыпталады, кедендік тазалаудан өтіп, бір күннің ішінде еліміздегі басқа қалаларға, ТМД елдеріне жөнелтіледі. Жергілікті кәсіпкерлер де гүлді осы жерден алады», дейді Арман Жаркенұлы.

Әуежайдың дамуы өңір экономикасына да оң әсе­рін береді. Қазір инфра­құ­ры­лымды арттырудың қамына кіріскен.

«Кейінгі жылдары инфра­құ­ры­лым­ды белсенді түрде жетілдіріп жатырмыз. Ұшу-қону жолағы мен жо­лау­­шы ұшақтарына арналған тұрақ орындарын жөндедік, заманауи жаб­дықтар сатып алып, жүктерді өң­деу жылдамдығын арттыру мақ­са­тында білікті кадрларды тарттық. Бұл бағыттағы жұ­мыс­тар әлі де жалғасады», дейді басқарма төрағасы.

Жоғарыда атап өткен жоба сәтті жүзеге асса, жылына өңделетін жүктің көлемі 15 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін өседі. Бес-алты жылдың ішінде 2 000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Сәйкесінше, Эквадордан тікелей жүк рейстерін ашу арқылы халықаралық сау­да дамиды. Аптасына жүк ұшақтары 100 рейске дейін көбейеді. Ұшу-қону жолағын жөндеп, жолаушылар терминалын қайта жаңарту, жүк терминалын салып, мар­шрут­тық желіні кеңейту әуе­жай мүмкіндігін еселей түспек.

Жалпы, «Сарыарқа» әуе­жайы жылына 320 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді.

 

Қарағанды облысы