Тағзым • 29 Қазан, 2024

Көркемсөздің көрнекті өкілі

114 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елдің «Әбесі» атанған дарабоз тұлға, Алаштың асыл перзенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Шолохов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған іс-шаралар легі Ұлттық кітапханада өткен халықаралық конференция­дан басталды.

Көркемсөздің көрнекті өкілі

Халықаралық ПЕН клуб ұйымдастырған конфе­рен­цияға Ресейден жазушы, баспагер Георгий Пряхин, әйгілі француз жазушысы, саяхатшы және аудармашы Ив Готье, түрік жазу­шысы, сыртқы сауда бо­йынша жетек­ші маман, отставкадағы полковник Икрами Өзтуран, өзбек ақыны, драматург, тарихшы және аудармашы Хуршид Даврон, әзербайжандар­дың белгілі әдебиеттанушы­сы, филология ғылымдары­ның докторы Низами Мамедов Литвадан келген орыс жазушысы, «Антибукер», «Знамя» журналы, И.Белкин сыйлықтарының лауреа­ты Эргали Гер, қырғыз жазушысы, кинорежиссер Далмира Тілепберген арнайы келіп, қазақ прозасы патриархының шығармашылығын әр қы­рынан талдап, баяндама жасады. Конференцияны Қазақ ПЕН клубының пре­зиденті, прозашы, журналист Бигелді Ғабдуллин жүргізіп, қазақ әдебиеті мэтрінің ғасырлық мерейтойы ұлттық руханият­тағы айшықты оқиға екенін атап өтті. Конференцияда Алматы қаласы әкімдігінің өкілі, әдебиеттанушы ғалым Мамай Ахет, Мәдениет және ақпарат министр­лігі Құ­жат­тама және баспа ісі ко­митеті­нің төрағасы Рустам Әли, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қазақ әдебиеті­нің алып тұлға­­сы­ның өмірі мен шығар­­машы­лығының маңызы­на тоқ­талып, конференция қа­тысушыларын құттықтады.

о

Бір ғасыр өмір сүріп, өлмес туындылары арқылы ХХ ғасырдың көркем шежіресін хатқа түсіріп кеткен қайталанбас қалам иесінің әдеби және қоғамдық қызметінің маңызды кезеңдерін ашып көрсетуге және рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа аманаттауды қарастырған конференция кең ауқымда өтті. «Ешқашан мерейтойын тойламаған, мақтаудан, жылтыр сөзден бойын аулақ ұстаған бір адам болса, ол – Әбдіжәміл Нұрпейісов» дейді модератор Б.Ғабдуллин. «Қан мен тер» трилогиясын оқырман пышақ үстінен үлесіп алып, қолдан-қолға тигізбей оқыған, еңсе тіктеген екпінді 50 жасында да, санаулы шығармалары ондаған миллион тиражбен қайта-қайта басылып, шартарапқа аты дүркіреп жатқан 60 жасында да, одан кейінгі әлемдік деңгейге көтерілген салиқалы 80, 90 жасында да мерейтойын тойлауға үзілді-кесілді қарсы болған «қиқар» мінезінен жұрт хабардар. Тек бір мәрте ғана, өзге түгілі өзіне-өзі аяусыз сын көзімен қарайтын классиктің бұлжымас қағи­даға айналған бұл қатал мінезі­не шыдамаған жақын достары сыр­тынан ақылдаса келіп, алыс-жақыннан жазушы жақын тұтқан сыйластарының басын қосып, «Әбе достарын шақырады» деген атаумен 85 жасын атап өтуге әрең көндіреді. Ағыл-тегіл қызыл сөзге жаны қас, мақтан мен жағымпаздыққа жирене қарайтын жазушы бүкіл кеш бойына тек үш адамның ғана тілек айтуына рұқсат етеді. Жазу өнеріне, жеке басына мұншама қатал талаппен қараған қаламгердің өмірден өткеннен кейінгі алғашқы мерейтойын лайықты атап өтуде қаламдас бауырлардың кешегі күні есе жіберген адалдық пен әділдікті қалпына келтіргісі келген ниетінен көрініп тұрды.

Қазақстан Жазушылар одағы бас­қарма төрағасы Мереке Құлкенов­тің айтуынша, халықаралық ПЕН клубтың не екенін, оның қалай жұмыс істейтінін, жалпы алғашқы үлгі моделін көрсеткен – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Үлкен клубтың үлкен сыйлығын тағайындаған да өзі. «Аудармашымен бірге жағаласып жұмыс істеген бір жазушы болса, ол да Ә.Нұрпейісов. Басқа тілге аударылған шығармаларының тағдырына да алаңдап қарап отыратын.  Өмір бойы талантты адамдарға көмектесумен келді. Өмір бойы әдебиеттегі халтураға қарсы жұмыс істеді. Сол себепті оған қарсы адамдар да көп болды. Аз жазса да, бар қазақтың жүрегін тербеткен тың шығармалар жазды» дейді жазушы.

Әдебиет – мәдениеттер арасын­дағы алтын көпір. Мемлекеттер арасында соғыс болса да, шайқастан іргесі сөгіліп, жер бетінен жоқ болып жойылып кетсе де, олардың арасындағы ортақ мәдениет жо­йыл­мақ емес. Мұның негізгі көрі­нісі көркем аударма, жазушы ең­бегінен тарап жатады. 1960-жыл­дардың өзінде-ақ қазақтың жас жазу­­шысының шығармалары фран­­цуздың атақты қаламгері Луи Арагонның назарын аударады. Конференцияға келген француз әдебиетшісі Ив Готьенің айтуына қарағанда, сол кезеңде фран­цуз баспасөзі Нұрпейісовтің шығар­маларына оң баға берген. Готье әсіресе, «Қан мен тердің» алғашқы тарауы «Ымырттың» аудармасы туралы кеңірек айтты.

– Казаков оны қазақшадан француз аудиториясына арнайы бейімдеп аударған. Ол кезде Азия дейтін елде жатқан қазақтар туралы француздардың түсінігі орыстардың түсінігіндей болмашы ғана еді. Бұл роман кермек таты­ған терең құдықтың суы секілді өз елін­де де жарыққа шықпауы, кейін­гі тараулары жазылмай қалуы да мүм­кін еді. «Қан мен тердің» алғаш­қы тарауы «Ымыртты» Амери­­каның, Францияның, басқа да әде­биеті дамыған елдердің ұлы шығар­ма­лармен салыстыруға болады. Сондықтан да кеңес одағы­нан тысқары елде алғаш рет жария­ланған француз аудармасы Ә.Нұрпейісовтің шығармашылығы үшін түбегейлі бетбұрыс болған үл­кен оқиға еді. Әдеби роман кеңістігін көрсетуге мүмкіндік беретін, кейін бізге етене таныс саналатын сол заманның келбетін көрсеткен шығарма. Арагон мен Казаков Ә.Нұрпейісовті әлемдік әдебиеттің айналымына енгізді. Айтсам, француздың мақтаншағы дерсіздер, бірақ Франция Ә.Нұр­пейісовке әлем терезесін ашып берді. Жазушының күші мынада: рецензент ол туралы жазып отырып Нұрпейісовтің өз стилімен жазады. Яғни жазушының сөз қолданысы жұқпалы дерт сияқты, рецензенттің өзін улаған. Нәти­жесінде, стилистикалық шағылысу пайда болған. Біз қыранның сам­ғауын, жусанның иісін, тербелген даланы көреміз және осының бәрі бір рецензияның шеңберінен байқалады. Бұл жазушының шығар­машылық қуатының мықты екенін көрсетеді, – дейді Ив Готье.

л

Конференцияда, сондай-ақ белгілі кинорежиссер, «Танарис» ком­паниясының жетекшісі Сергей Әзімовтің «Соңғы сапар» атты фильмінен  13 минуттық эпизод көрсетілді. Режиссер кіндігі туған халқы­на жалғанған, жылдың кез кел­ген мезгілінде туған жеріне ат басын тіреп, маздаған ошағына жылы­нып қайтатын жазушының Бела­раны­мен кездескен сәтін бейнелеген.

Әдебиет дейтін киелі дүниеге қылау түсірмей, қалай әспет­теп, жазу өнерін қалай аялау кере­гін қаламымен көрсетіп, бүгінде көңіл­­ден көшіп бара жатқан дәс­түрді қайта жаңғыртқан жазушы – Ә.Нұрпейісов. Оның өз шығар­маларын өмір бойы түзеп-күзеп, жөндеумен айналысқан жазушы болғанын оқырман қауым жақсы біледі. Мұның себебін жанында жарты ғасыр іні болған белгілі жазушы Смағұл Елубай кеңінен тарқатып, түсіндірді. «Неге бұлай етті?» дейтін болсақ, Әбенің өмірінің соңғы жағында дүниеге смартфон, интернет деген жойқын күш келіп, кереқарыс кітаптарға қауіп төндірді. Ал Әбеңнің алдыңғы буын замандастары Әуезов, Мүсірепов, Мұқановтар бұл дүлейді көрмей кетті. Олар қалағанынша жазды. «Халық оқи ма, оқымай ма?» деген мәселеге бас ауыртқан жоқ. Әбекеңнің әрі бағы, әрі соры болар, үлкен кітаптардың ұрпақтың қолына ілінбеуін көзімен көрді. Жасы да, жасамысы да смартфон келген соң, кітапты ысырып тастады. Жаман жазса, лақтырып тас­тайтын, жақсы жазса, маңдайынан сипайтын оқырманның алдында абыройлы болғысы келді. Өзі өмірден өткеннен кейін халықпен, оқырманмен тілдесетін жалғыз құрал, ол кітап болатын. Сол кітап мінсіз болсын деп армандады да, жөндеумен өтті. Мынау өмірге адам бақытты болу үшін келеді, бірақ бақытсыз болып өтеді. Адамға берілгені – бақытсыз тағдыры. «Қан мен терде» бір бақытты адам бар ма? «Соңғы парызда» бақытты адам бар ма? Бәрі бақытсыз және өмірден де бақытсыз болып өтеді» деп Смағұл Елубай жазушының еш қаламгерге ұқсамайтын ерекше қырлары туралы сыр ақтарды. «Неге бақытсыздық туралы жазды, себебі ол бақтытсыз ұрпақтың жыршысы еді» деп толықтырды модератор Бигелді Ғабдуллин. 

Әзербайжан әдебиеттанушысы Низами Мамедов: – Мен сонау 1980 жылдан бері университетте түркі халықтарының әдебиетінен дәріс оқып келемін. Осы түркі халықтарының ішінде ғана емес, қазақ әдебиетінің өресінде де Ә.Нұрпейісов мен үшін әрдайым бірінші орында тұрды. Әзербайжан елінің ғылыми ортасы, оқырман аудиториясы, әдеби ортасы әлі күнге дейін жазушының өзіне ғана тән шығармашылық қызметінің түйінін толық деңгейде қабылдап болды деп айта алмаймын. Соңғы жылдары қазақ ақын-жазушыларының шығармалары әзербайжан тіліне аударылып жүр және бұл әдеби үрдіс жүйелі жолға қойылған. 2022 жылы әзербайжан тілінде «Қазақ прозасының антологиясы» жарық көріп, онда Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» атты шығармасы жарияланды. Өзіндік қолтаңбаға ие жазушы стилінің сонылығы, бірегейлігі сондай, ол жасаған әр образ, әр штрих жаңашылдыққа тұнып тұра­ды. Өзі өмірден өтіп кетсе де, осы жаңа­­лықтың бәрі енді зерттелуі ке­рек. Шығармашылық адамдарына лайықты бағаны тірі кезінде ға­на бе­реміз де, шығармаларының ұлы­­лығы туралы тек бақиға көш­кен­нен кейін ойлана бастаймыз. Ә.Нұр­пейісов, меніңше, бүгінгі замандағы көркемсөздің ең көрнекті өкілі. Ол екітүрлі қоғамдық-саяси жүйе­ні кө­ріп, екеуіне де куә болған адам, бір жағы кеңестік жүйе, бір жағы тәуел­сіз Қазақстанның бір-бірі­не ұқса­майтын қағидаттарын көрсе де, өз азаматтық ұстанымынан, әде­биетке адалдығынан айнымады, деді.

Қазақ ПЕН клубы ұйымдастыр­ған жазушылардың халықаралық конференциясы түстен кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттерімен кездесуге ұласты.

Ғасырға жуық өмір сүрген ға­жа­йып тұлғаны қастерлеу іс-ша­ра­сы екін­ші күні тағы да жалғасып, Алматы қаласындағы жазушы өмір сүрген М.Төлебаев көшесіндеі №156 үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатудан басталды. Аңыз тұлғалар мен  алыптардың ме­кені болған әйгілі көшеге сән берген үйдің қабырғасына ілінген тақ­талар галереясы әдебиет алыбы­ның есімімен толықтырылды. Бұл жазушыға деген – құрмет, мұрасына – тағзым.

Бұдан кейін Достық үйінде жазушылардың халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен сабақтасқан салтанатты жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов ашып, Ә.Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойын ұлықтау шарасының негізгі ұйытқысы Алматы қаласы әкімдігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауына алғысын білдіріп, министр Аида Балаеваға сөз берді. Аида Ғалымқызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Министр соңғы үш айдың ішінде жазушының мерейтойына орай өңірлерде 50-ге тарта іс-шара өткенін, басылым беттерінде түрлі мақала жарық көргенін, телеарналардан «Орындалмаған арман», «Аңыз ғұмыр» атты деректі фильмдер мен түрлі бағдарламалар ұйымдастырылғанын атап өтті.

– Әдебиетіміздің абызы Әбді­жәміл ағамыздың шығарма­шы­лығымен, тұлғалық болмысымен бұрыннан етене таныспын. Оның қойындәптерге жазылған «Курляндия» романымен басталған шығармашылық жолы «Қан мен тер» трилогиясымен, тереңге тамыр жайған «Соңғы парыз» романы­мен даңғылға ұласты. Әр шығарма­сы­на үлкен жауапкершілікпен қарап, «Қан мен терді» жарты ғасырға жуық талмай түзеп, «Соңғы парызын» қайта жазып, өмірінің соңына дейін аянбай еңбек ет­ті. Әбеңнің сөз өнеріне деген ас­қан жауапкершілігі, қаламға серт бергені бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болуға тиіс. Бүгінгі конференция жазушының шығармашылығын жаңа қырынан зерттелуге жол ашады деп үміттенемін. Қабырғалы қаламгердің құнды туындылары уақытпен бірге дамып,  келер ұрпақтың рухани қазынасына айналатынына зор сеніммен қараймын, – деді министр.

Кеңес одағындағы ең жоғарғы мәртебелі сыйлық – Мемлекеттік сыйлықты «Қан мен тер» трилогия­сының авторы ретінде ұлы ұстазы Мұхтар Әуезовтен кейін иеленіп,  Жұбан Молдағалиев түйіндеген үштіктің қатарында тарихтан өз орнын еншілегені өз алдына бір ерлік екенін конференция қатысушылары қайта-қайта еске алды. ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев тынымсыз еңбек пен  табанды талантының арқасында шеберліктің шыңына шыққан жазушыны «қазақ әдебиетінің ғана емес, әлемдік әде­биет­тің үлкен тұлғасы, түркі әдебиеті­нің шолпан жұлдызы. Ұлы Мұхтар Әуезовтен кейін қазақ әде­биетін әлемдік деңгейге алып шыққан біре­гей құбылыс» деп бағалады.

Сондай-ақ конференцияда сөз алған ақын, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Нұрлан Оразалин, мемле­кет және қоғам қайрат­­кері Қы­рым­бек Көшербаев, КСРО ха­лық әртісі Асанәлі Әшімов айтқан қалам­­гердің әдеби-көркем еңбегі мен азамат­тық болмысы туралы шынайы әңгіме көптің көңілін елжіретті. Қазақ­станның еңбек сіңір­ген әртісі Бауыржан Қаптағай оқыған «Әбді­жәміл Нұрпейісовтің монологінен» жазушының жан сырын таныды.

«Әбенің альбомы» атты фотоальбом таныстырылып, алғаш­қы сүйінші данасы отбасы мен ми­нистр­лікке тарту етілді, жинал­ған қауым жазушы өмірі мен шығар­машылығын арқау еткен көрмені тамашалады.

Жоғары оқу орындарында, білім ошақтарында, кітапханаларда, музейлерде, ақпарат құралдарында жыл бойы жүзеге асырылған тағы­лымды іс-шаралар керуені жазу­шының аяулы мекені, құтты қоны­сы болған Алматы шаһарында күллі әде­биеттің мерекесі сияқты шарық­тап барып, көркем күй, өнегелі тү­йін тапты. Ұлт әдебиетінің біртуар суреткеріне көрсетілетін құрмет мерей­тоймен ғана шектелмек емес.

 

АЛМАТЫ