Руханият • 29 Қазан, 2024

Заңғар жазушыға арналған кеш

187 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы ғылыми-әмбе­бап кітапханада жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған әдеби кеш өтті.

Заңғар жазушыға арналған кеш

Әбдіжәміл Нұрпейісов ғасырға таяу (98 жас) ғұмыр кешіп, қазақ әдебиетіне өзіндік олжа салған аса ірі қаламгер. Оның «Қан мен тер» трилогиясын оқымаған қазақ кем де кем шығар. Ондағы кейіпкерлер галереясы, жер-су атаулары мен олардың сипаты Арал өңірінің тыныс-тіршілігінен толық мағлұмат береді. Егер Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясында ХІХ ғасырдағы Семей өңірін толық көз алдыңа келтірсе, Әбекең де өзінің туған өлкесінің табиғатын толық суреттеген. Әрине, ұлттық ұстаным, ғұла­малық, көркемдік шеберлік, халық­қа жанашырлық екеуінің айырма­шылығын ашып, әр автордың өз танымы мен нанымын, білімі мен сенімін көрсетіп, қолтаңбасын айқындаған.     

Ә.Нұрпейісов «Қан мен терді» қайта-қайта түзетіп,  жетілдіріп отырған. Сөз зергері Ғабит Мүсірепов: «Қай ақын-жазушының болса да жылдар өтуіне байланысты, оқушының талап-талғамы, мәдениеті, білімі өсуіне байланысты мазмұндық нәрі сұйыла бастаған, көркемдік ажары оңа бастаған шығармалары болуы мүмкін. Мүмкін ғана емес, болған, бар, болады. Сондай ескірген еңбектері барын жұрттан бұрын жазушының өзі сезінетін сияқты», деген пікірі дәл осы Әбеңе келетіндей көрінеді.        

Жазушы Солтүстік Қазақстан жұрт­шылығымен, оның атақты тұлғалары­мен жақсы қарым-қатынаста болды. Белгілі рәмізтанушы, жазушы-пуб­лицист, ақын Ербол Шаймерденов екеуінің арасындағы сыйластық кейінгі ұрпаққа үлгі. Ербол өмірден өткенде 90-ға келген жасына қарамай, Әбекең Алматыдан Астанаға келіп, оның жаназасына қатысты. Сонда жазушы Әбіш Кекілбаев: «Ешкімді менсіне қоймайтын, алдына келгенде тарпитын, артына келгенді тебетін Әбеңнің өзі Ерболды қалай құрметтейтінін көріңіздер», деген еді.

Әбекең алғашқы романы «Курлян­дияны» Сәбит Мұқановтың үйінде жатып бітіріп, Сәбеңнің көмегімен бас­паға өткізген. Соғыстан келген солдат­тың вокзалға қонып жүргенін білген Сәбең отбасы мүшелерінің көптігіне қарамай бір ай бойы кітабын түзетіп, үйіне қондырып, күткен. Сәбеңнің 100 жылдық мерейтойында Әбекең Жазушылар одағының делегациясын бастап келіп, орыс тілінде тамаша баян­дама жасағаны есте.

Кейін, 2006-2007 жылдардың бірін­де облыс әкімі Тайыр Мансұров Әбекең­ді Қызылжар өңіріне арнайы алдырып, халық­пен кездесу өткізген тамаша сәттер де ұмытылмайды. Кезінде байларды отбасымен айдаған Арал теңізіндегі «Көкаралдың» маңында осы Әбекеңнің ата-бабасы тұрады екен. «Көкаралды» көрген апаларымыз­дың ұзақ өлеңдерінен: «Жақайым деген ел екен, Үш мың шақырым жер екен», деген өлең жолдары қалған. Сол жақайымдар айдалып келген керейлерге қайықпен қатынап, тамақ әкеліп кететін көрінеді. Қолдары ұзын­дары мал сойып, қысқалары балық етін жеткізіп отырған... Бұл да қазақ бауырмалдығының бір көрінісі. Сондық­тан солтүстіктің кейбір тұр­ғындары ата-әжелерінің сүйіс­пенші­лікпен айтатын жақайымдарын естіген­де елегізіп қалады.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кешінде осындай көп адам біле бермейтін деректер де еске алынды. С.Шаймерденов атындағы гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсем Жақыпова, Абай атындағы мектеп ұстазы Гүлнәз Зейнолова, кәсіби-педа­го­гикалық колледждің мұғалімі Бота Балғарина баяндамаларында жазушы өмірі мен шығармашылығының көптеген қырларын ашуға тырысты. Ал қарт ұстаз Қарақат Шалабаев Алматыда, ҚазМУ-де оқыған жылдарында жазушылармен, соның ішінде Ә.Нұрпейісовпен кездескендері туралы қызықты естеліктер айтты. Ал С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актері Қасым Дүйсенхан «Қан мен тер» трилогиясынан үзінді оқып берді.

 

ПЕТРОПАВЛ