Қоғам • 29 Қазан, 2024

Мәдениет қызметкерлері баспаналы болды

75 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысының тапсырмасымен мәдениет саласының қызметкерлеріне пәтер сертификаттары табысталды.

Мәдениет қызметкерлері баспаналы болды

Салтанатты табыстау рәсіміне қатысқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекет азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

«Президенттің басшылығымен тек тұрғын үй саласы ғана емес, әлеуметтік саясаттың басқа да бағы­т­тары қарқынды дамып келеді. Адал еңбек еткен азамат мем­лекет пен қоғамның қолдауын әрқашан сезінетіндей жағдай жасалып жатыр. Мәселен, 2021 жылдан бастап азаматтар зейнетақы жинақтарын пайдаланып, тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік алды. Осы уақыт ішінде 2 миллионға жуық азамат бұл мүмкіндікті пайдаланды. Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй көлемі айтар­лықтай артты. Үкімет мұн­дай тұрғын үй көлемін төрт есе арттыруды жоспарлап отыр. Былтыр ел Президентінің аты­нан бұқаралық ақпарат құралдары­ның қызметкерлеріне 65 пәтердің кілті табысталған еді. Биыл бұл бастама жалғасын тауып, 67 жаңа пәтер берілді. Бүгінгі мәдениет саласы қызметкерлеріне пәтер сертификаттарын тапсыру – Мемлекет басшысы саясатының заңды жалғасы. Мәдениет саласы – қоғам дамуының маңызды эле­менті, сондықтан бұл мемлекет­тің назарында болады. Сіздерге жаңа үйде береке-бірлік, денсаулық және бақыт тілеймін», деді министр.

Негізінен пәтер иегерлері – ерекше қажеттіліктері бар қызмет­керлер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көп балалы отбасылар, сондай-ақ жалғызбасты аналар.

Жаңа пәтерге ие болған жан­дардың бірі – Самал Әж­мұратова. Ол – 5 баланы тәрбиелеп отырған көп балалы ана. Қазақ ұлттық өнер университетінде 16 жылдан бері педагог болып жұмыс істейді.

«Бүгін – менің отбасым үшін жаңа бір кезеңнің бастауы, өйткені біздің өз үйіміз болған жоқ. Пәтер алуға көмектескендерге шын жүректен алғысымды білдіремін. Мұндай бастама – өз елінің игілігі үшін еңбек етіп жүрген қызметкерлерге үлкен қолдау», деді С.Әжмұратова.