Аймақтар • 29 Қазан, 2024

Шаттық сыйлаған жатақхана

59 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстікқазақстандық М.Қозыбаев университеті студенттері 1 200 адамға шақталған жаңа жатақханаға қол жеткізіп, қуанып қалды. Мұнда студенттер ғана емес, отбасылары шағын құрамдағы жас ұстаздар да тұрады.

Шаттық сыйлаған жатақхана

«Бұған дейін 1970–1980 жылдары салынған 4  жатақханамыз болды.  Олардың барлық сыйымдылығы 1 365 орын ғана еді. Іші тар, айналымға келмейтін. АҚШ-тан келген әріптестерімізге оларды көрсетуге де ұялушы едік. Енді мына жатақханамыздың арқасында 2 700 студент жатақханаға қол жеткізеді. Әріптестерімізге де ұялмай көрсете аламыз. Бұл бізге студенттер контингентін 9-10 мыңға дейін арттыруымызға мүмкіндік береді», дейді университет ректоры Ербол Исақаев.

Ал «Береке» шағын ауданында ашылған денсаулық-сауықтыру кеше­нінде жастар волейбол ойнап, күрес пен боксқа қатыса алады. Қалың көпшілікке арналған жаттығу залы да бар. Ауданда 35 мыңдай тұрғын бар, соның негізгі бөлігі – жастар. Байырғы спортшы, классикалық күрестен қазақтар арасынан облыста ең бірінші болып спорт шебері нормативін орындаған Жамбыл Тасеменов аға көпшілікті спорт сарайының ашылуымен құттықтады.

«Петропавл қаласында тұрып жат­қаныма – 62 жыл. Дәл мұндай спорт сарайы бұрын бізде болған емес. Күрес пен бокстың облысымызда кенжелеп қалуының себебі де сол. Енді мына сарайда жаңа спорт жұлдыздары жар­қырайтын шығар деген үміт мол», деді ардагер.

Сондай-ақ өңір орталығында жаңа теннис орталығы да бой көтерді. Ашылған бетте үстел теннисінен облыс чемпионаты өтті.

 

Солтүстік Қазақстан облысы