Оқиға • 29 Қазан, 2024

Аудиторлар екі өңірден қаржылық бұзушылықтарды анықтады

99 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аудиторлар Маңғыстау және Түркістан облыстарында қарыз қаражатын пайдалануда жол берілген бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Жоғарғы аудиторлық палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
 

Аудиторлар екі өңірден қаржылық бұзушылықтарды анықтады

Фото: Ашық дереккөз

Тексеру комиссиялары Маңғыстау және Түркістан облыстарында бюджеттік кредиттер мен халықаралық қаржы ұйымдарының қарыз қаражатын тиімсіз және мақсатсыз пайдалану фактілерін анықтаған.

«Өңірлерде мемлекеттік борышты және квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің борышын басқару аудиттері Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша жүргізілді. Қарыз қаражаты тартылған инфрақұрылымдық объектілерді, тұрғын үйлерді салу және жаңғыртуда нәтиженің болмауы фактілері анықталды. Жекелеген жағдайларда тартылған қарыздар салым бойынша пайыздар түрінде қосымша кіріс алу үшін депозиттерге салынған, бұл қаражатты мақсатқа сай пайдаланбауға әкеп соқты», делінген хабарламада.

Аудит нәтижелері бойынша осы өңірлерде қарыз қаражатын пайдалану тиімділігіне, сондай-ақ кредиттік міндеттемелерді уақытылы өтеуге жеткілікті бақылау жасалмағаны атап өтілді.

«Аудиторлар Маңғыстау облысында 5,5 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 869 млн теңгеге сыртқы қарызды тиімсіз жоспарлау және пайдалану, 6,7 млрд теңгеге бюджеттік кредитті тиімсіз пайдалану фактілерін анықтады. Өңірде 2 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 3,3 млн теңге айыппұл салынды. Түркістан облысында аудит қорытындысы бойынша 10,5 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 4,8 млрд теңгеге бюджет қаражаты мен активтерді тиімсіз пайдалану анықталды», делінген ведомство хабарламасында.