Сурет: instagram.com@madeniet_mangystau
Сайөтес ауылдық клубы бастауын 1965 жылы теміржол ғимаратынан ашылған қызыл бұрыштан алады, аталған қызыл бұрышта кинозал жұмыс істеді. 1983 жылы қаңтар айында арнайы штат беріліп, аудандық мәдениет үйі жанынан материалдық-техникалық базасы жинақталып, ауыл клубы ашылды. Алпыс жылға таяу уақыттан бері баспанасы болмаған мәдениет ұжымы биыл су жаңа ғимаратқа қол жеткізіп, толайым қуанышқа кенелді.
Құны 691 миллион теңгеге келісім-шарт жасақталған Сайөтес ауылдық мәдениет үйінің құрылысын мердігер «АС Құрылыс» ЖШС жүргізді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған жаңа ғимараттың 200 орындық концерт залы және үйірмелерге арналған бірнеше залы бар. Әдіскер, ансамбль, хор, вокал, көрермен залы, сахна, гример, костюмер, би, домбыра, қолөнер үйірмелері, жарық-дыбыс студиялары мен мамандарға арналған кабинеттер, концерт және үйірме залдары қазіргі заманауи талапқа сай жабдықталған. Маңғыстау аудандық әкімдігі мамандарының айтуынша, ғимаратта ауыл кітапханасы да орналасқан.
«Клубта 1983–2010 жылдар аралығында ән, домбыра үйірмелерімен 10 көркемөнерпаз жұмыс істеген болса, қазіргі таңда құрамы 12 адамға толып, 131 көркемөнерпазы бар 6 құрылым халыққа мәдени қызмет көрсетіп отыр. Сайөтес ауылдық клубы ұжымына жыл сайын кәсіби мамандар қосылып, халықтың мәдени демалысын ұйымдастырып келеді. Ұзақ жылғы тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің нәтижесінде ауылдық клуб жанындағы «Ақмаржан» аналар ансамбліне, Сайөтес домбырашылар ансамблі мен «Назқоңыр» би ансамбліне Мәдениет және ақпарат министрінің 2023 жылғы маусым айындағы бұйрығымен «Халықтық», «Үлгілі» атақтары берілді. 2015 жылдан бастап клубтың сапа құрамы әдіскер штатымен толықты», дейді ауылдық клуб меңгерушісі Күләш Жайым.
Жаңа мәдени нысан ауыл ажарын арттырып, өнерін өрістете түсері анық.
Маңғыстау облысы