Өндіріс • 30 Қазан, 2024

Ағаш өңдейтін жаңа зауыт іске қосылды

84 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Республика күні қарсаңында Петропавл қаласында ағашты терең өңдейтін зауыт іске қосылды. Жоба құны – 8 млрд теңге. «Nord Panels» ЖШС ескі ғимаратты бір жарым жыл ішінде жөндеп, Финляндия, Жапония және Тайваннан құрал-жабдық жеткізген. Компания директоры Оғузхан Челиктің айтуынша, енді мұнда сапалы фанер шығарылып, алыс шетелдерге экспортталады.

Ағаш өңдейтін жаңа зауыт іске қосылды

«Qyzyljar» арнайы экономикалық аумағында ашылған кәсіпорын толық қуа­тында жұмыс істегенде 300-дей адамға жеткілікті жұмыс орны құ­ры­­лады. Арнайы экономикалық ай­мақта орналасудың ересен артық­шы­лығы – жер төлемінен, басқа да салықтардан босатылады. Әрі компания «Даму» қорынан екінші деңгейлі банк арқылы 8%-дық жеңілдетілген мөлшерлемемен несие алған. Қордың Солтүстік Қазақстан облыстық фи­лиа­лы­ның директоры Гүлбаршын Дәулетбаеваның айтуына қарағанда, биыл 309 жоба қаржыландырылған.

«Соның бірі – ашылып отырған осы зауыт. Енді бұл кәсіпорын қаладағы жұмысы жақсы жүретін өндіріс оша­ғының біріне айналатын шығар деген үміт бар», дейді ол.

Зауыт өнім өндіруге қазірдің өзінде кірісіп кетті. Енді бір жарым айдан соң тауарларын шетелге экспорттай бастайды.

Петропавлда ағашты өңдеп, фанер шығаратын бір зауыт 2020 жылы ашылған. Ол «Солтүстік фанер зауыты» деп аталады. Оның құны 5 млрд теңге болған еді. Енді сол қатарға мына зауыт та қосылып отыр. Ол ағашты тереңдеп өңдеп, жылы пеллет материалдарын да шығарады. Осындай материалдарды бұрын құрылыс компаниялары сырттан импорттайтын. Енді сол импорттың 13%-ын осы зауыт өнімдері жабады.

«Біз ағаш өңдеуде бұл зауытпен шектелмейміз. 2027 жылға дейін бізде «SFK Furniture» фирмасы түрлі жиһаз шығаратын, құны 2,5 млрд теңгелік жаңа зауыт тұрғызады. 2026 жылы ағаш жаңқаларынан плиткалар жасайтын зауыт та іске қосылады. 2025 жылы ағаш материалдарын құрас­ты­ру­ға қажетті желім, шайыр сияқты хи­миялық компоненттерді шыға­ратын зауыт та пайдалануға беріледі. Оның құрылысы қазір аяқ­талуға жа­қын», дейді облыстық Кә­сіп­керлік және индустриялық-инно­вациялық даму бас­қармасының бас­тығы Дархан Әмрин.

Сөйтіп, ағаш өңдеу кластері қа­тары­на өңіріміздің 30-дан артық заңды тұл­ғасы, 90 жеке кәсіпкері қа­тысатын көрінеді. Бұл жергілікті, арзан ағаш материалдарын өңдеудің озық жолы болмақ.

Алайда кесілген әрбір ағаштың орнына жаңа көшет егіп отыру жұмысы ұмыт қалмаса болды. Жыл сайын те­ріс­кей ормандарында жарты миллион текше метрден артық ағаш кесіледі екен. Бір бәйтеректі бес минутта жоқ қылуға болады, ал өсіру үшін ондаған жыл керек. Сондықтан оны сақтау мен қалпына келтіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын облыстық Табиғат ресурстары басқармасының бастығы Бейбіт Есмановтан сұрағанымызда, ол жыл сайын 23 миллиондай ағаш, қарағай көшеті отырғызылатынын айтты.

Облыста орманды қалпына келтіру­ге арналған 2025 жылға дейінгі арнаулы жоспар да бар. «Осы жоспарға сәйкес облыс аумағындағы 20 мың гектар орманды алқапқа 100 мил­лион көшет отырғызуымыз керек. Қазір облыс­тағы 12 орман шаруашылығы кәсіпорындарында бұл жұмыс қызу жүргізіліп жатыр», деді ол.

 

Солтүстік Қазақстан облысы