Қоғам • 30 Қазан, 2024

Шамадан тыс жүк тиеген жүргізушілерге қандай шара қолданылады

72 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтоғай ауданы прокуратурасының бастамасымен ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz Қарағанды облысы прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шамадан тыс жүк тиеген жүргізушілерге қандай шара қолданылады

Фото: Қарағанды облысының прокуратурасы

Ақтоғай ауданының прокуратурасы тұрғындардың шамадан тыс жүк тиелген ауыр көліктердің облыстық маңызы бар трассамен жүруіне шағымдарын ерекше бақылауға алды. Себебі көліктің шамадан тыс жүктемесі облыс орталығына апаратын жолдың бұзылуына әкеліп жатыр.

Айта кетейік, жолдардың бұзылуының негізгі факторларының бірі - ауыр көліктердің тасымалдауға рұқсат етілген салмақты арттыруы.

Естеріңізге сала кетейік, автокөліктің жалпы салмағы жүкпен бірге келесі мәндерден аспауы керек:

  • Үш осьті (М3 санатындағы топсалы автобустарды қоспағанда) – 25 тонна;
  • Төрт осьті, оның ішінде екі басқарылатын осімен – 32 тонна;
  • Бес осьті – 38 тонна;
  • Алты немесе одан да көп осьтері бар – 44 тонна.

«Аудан прокуратурасының бастамасымен полиция қызметкерлері шамадан тыс жүк тиеген ауыр көліктерді анықтап, ұстады. «Қарағанды облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы» басқармасының мамандары оларға қатысты әкімшілік материалдар ресімдеді. Нәтижесінде жеке және заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бір ай ішінде жалпы сомасы 2 900 000 теңгеден асатын 5 әкімшілік хаттама ресімделіп, айыппұлдар  төленді. Қабылданған шаралар жолдардың мерзімінен бұрын бұзылуы мен тозуын болдырмауға ықпал етеді», делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлері ауыр жүк көліктерінің жүргізушілері ережелерді қатаң сақтауын және белгіленген салмақ параметрлерінен аспау керектігін еске салды. Рұқсат етілген нормаларды бұзу әкімшілік жауаптылыққа тартылады.