Жәдігер • 31 Қазан, 2024

Томиристің тұмары

78 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тарихтағы Сақ патшасы Томиристі қазақ Тұмарқыз деп те, Темір қыз деп те атайды. Ол – сақтарға соғыс ашқан парсының Кир патшасын жеңіп, елін қорғап қалған батырлығымен әйгілі билеуші қыз.

Томиристің тұмары

Әрине, Томирис – қаһарлы патша, ержүрек ел билеуші болғанымен, ең алдымен ол да нәзік әйел, сұлулыққа сұқтанған бойжеткен болғаны анық. Суретші Табиғат Қожанбаев көрермен назарын осы ақиқатқа аударғысы келген. «Томиристің тұмары» деп аталатын композицияда Тұмарқыздың ұзатылар алдындағы жеке әшекейлері – алқасы, өңіржиегі, бірнеше тұмарқабы және қос сырғасы бейнеленген.

Қазақ ғұрпында ұзатылар қыз жасауын, әшекейін өзі таңдайды. Сәу­келесін өзі тігеді. Яғни қалыңдықтың әше­кейінен оның талғамы, мінезі көрініп тұрады. «Томиристің тұмары» атты ком­позицияға қарасақ, бұл әшекейдің иесі – сұлулыққа құмар болғанымен, жауынгер мінезді, әсіресе күмістүсті, үш­бұрышты және төртбұрышты қара­пайым геометриялық денелерден құ­рылған жиынтықты жақын көретін жан екенін байқаймыз. Бұл топтама – қыз жасауы, қалыңдық әшекейі дегеннің өзінде жауынгерлік, әскери сипатын көрсетіп тұр. Соның ішінде қазақ қызын тіл-көзден, қауіп-қатерден қорғайтын тұмарға ерекше мән берілген. Композицияда бір емес, үш тұмардың орын тапқаны осының дәлелі. Шын мәнінде Томирис сияқты жауынгер қызға, қолынан қылышы, аузынан ұраны түспеген батыр билеушіге қымбат, бағалы, қызыл-жасыл, нәзік бұйым емес, дәл осындай – сауыттай суық әрі айбарлы әшекей жарасып-ақ тұр. Томиристің таңдауы дәл осындай болғаны көрген жанды сендіреді.

Бұл жұмыстың авторы, Суретшілер одағының мүшесі Табиғат Қожанбаев – көпқырлы, ерекше талантты шебер. Ол өз жұмыстарында тас, металл, ағаш, тері, т.б. секілді сан түр­лі материалды пайдалана береді. Әдет­те біріне бірі «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» осындай стильдер Таби­ғаттың шығармашылығында мидай араласып, әдемі үйлесім тауып жатады. Бұл жолы да солай болған: табиғи тас­тар мен металл араласқан композиция­да темір шеңбердің ортасына керілген тері жарғақ көз тартады. Бажайлап қарасаңыз, тері жарғақтан Тұмарқыз – Томирис ханшайымның жүзін көресіз. Әлдеқашан әлемдік тұлғаға айналған ол ғасырлар бұлтының арасынан келіп, әлдебір ғарыш кемесінің иллюминаторынан бізге – бүгінгі ұрпағына көз салып тұрғандай. Өнердегі космо-этностиль дегеніміз осы.

Айтпақшы, Табиғат Қожанбаевтың бұл шығармасы жақында Астанада Forte Kulanshi Art Space залында өткен «Қазына аралы» көрмесінде қойылған.

 

Батыс Қазақстан облысы