Мәселе • 31 Қазан, 2024

Мұнайлы жердің мұңы да қалың

191 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстауда Каспий теңізі жағалауынан итбалық­тардың жаппай өлексесі табылды. Кейінгі жылдары Маң­ғыстауда итбалықтардың бірлі-жарым емес, топ-топ болып өлім құшуы тұрақты сипат алып барады.

Мұнайлы жердің мұңы да қалың

Жасыратыны жоқ, Каспий теңізі – өз алдына ғылыми зерттеу институты, арнайы мамандары жоқ, флора, фау­насын сақтау үшін арнайы ма­мандар қызмет етпейтін теңіз. Су көзін жадағай-жалпы қол­дану теңіздің болашағына қауіп төндіретінін түсінетін кез баяғыда келгенмен, жа­на­шырлық қолдау жоқ­тың қасы. Тамыз айында аталып өтілетін «Каспий күні» – сурет салу мен тақпақ оқу­дың, жеңімпаздарды бір бет қа­тыр­ма қағазбен марапаттау сынды алдаусыратқан шара дең­гейін­дегі «назар аудару».

Биыл солтүстік-батыс және батыс бағытта дауыл бас­талған кезде, Каспий теңі­зінің Маң­ғыстау облысы жа­ғын­дағы жағалауында ит­балық өлек­селері жағаға шы­ғып қалған. Нақты айтқанда, 24 қазанда Түп­қараған ауданына қарасты Кас­пий теңізі жағалауынан 51 өлі итбалық табылса, бір-екі күн­нен соң осы аудан аумағынан 100 өлексе табылды.

Оқиға орнына келген «Гидро­биология және экология» институтының мамандары итбалықтың 151 өлек­сесінен токсикологиялық, гис­­тологиялық және виру­со­логиялық сынама алды. Өл­ген итбалықтар жергілікті ат­қарушы орган, Балық қорғау инспекция басқармасы, Түп­қараған аудандық полиция бөлімі, Ветеринария инспекциясы, Гидробиология және экология институты және «Qazak balyk» республикалық ба­лық шаруашылығы қауым­дастығы филиалы қыз­мет­кер­лерінің қатысуымен жинас­ты­рылып, көму жұмысы ұйым­дастырылды. Сондай-ақ Кас­пий теңізі жағалауында мониторинг жүргізілді.

«Табылған итбалықтардың өлекселері қатты ыдырап кеткен. Зертханалық зерттеу жүргізу үшін тістері, ішкі құрылысы мен тырнақтары алынды Зерттеу қорытындысы алдағы уақытта хабар­ланады», дейді Маңғыстау об­лыстық балық шаруашылы- ғы басқармасының басшысы Арман Молдашев.

Өз бетінше санау, анықтау жұмысын жүргізген тұрғындар, яғни Түпқараған аудандық қоғамдық кеңес мүшелері тек итбалықтар емес, құс пен балық түрлерінің қырылғаны, сондай-ақ жинап алынған итбалық өлекселері құзырлы орындар хабарлаған көрсеткіштен екі есеге жуық көптігін айтты.

Жыл сайын итбалықтардың топ-тобымен қырылуы теңіз денсаулығының хабаршысы деп қарауға не кедергі? Каспийге тірі ағзалар өмір сүретін жанды су деп емес, тек мұнай өн­діретін қазыналы кен орны деп қарау түбі опық жегізері анық. Итбалықтар өлімін табиғи әсер немесе жекелеген адамдардың қуып жүріп сабап өлтіруі, әлде ау құрғанның салдары деп болмайтын сылтауға сүйенбей, теңіздегі кәсіпорындар зардабы деп ашық мойындап, нақты шешім қабылдайтын уақыт жетті. «Қызыл кітапқа» енген байлықты қорғай алмасақ, енбегеніне не жорық, енгенінен не пайда? Сондай-ақ Маңғыстау облысында Каспий теңізін, балық шаруашылығын дамытатын, қолдайтын-қорғайтын құзырлы орындар мен білімді, білікті мамандардың болмауы өңірде Каспий теңізі мәселесінің аса маңызды еместігін біл­ді­ре ме, қалай?

 

Маңғыстау облысы