Спорт • 31 Қазан, 2024

Азия ойындарына дайындық

53 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері еліміздің конькишілері алдағы маусымға қызу даярланып жатыр. Алда әлем кубогінің кезеңдік сайыстары, басқа да аса ірі халықаралық додалар бар. Ал басты жарыс – келесі жылдың ақпан айының алғашқы жартысында Қытайдың Харбин қаласында алауы тұтанатын ІХ Қысқы Азия ойындары.

Азия ойындарына дайындық

Сурет: olympic.kz

«Биылғы маусымдағы даяр­лық жұмыстарын жаңа форматта өткізіп жатырмыз, – деді Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Пан­филов. – Алдымен бүкіл команда мүшелерінің басын қосып, оқу-жаттығу жиынына қатыстық. Сонымен қоса, шәкірттерімізді төрт топқа бөліп, барлығының жеке дайындық бағдарламасын жасадық. Мәселен, алдағы жауапты жарыстарда әйелдердің 500, 1000 метрлік спринтінде Алина Дауранова, Инесса Шу­мекова, Кристина Силаева, Мар­гарита Галиева, Дарья Гаври­­лова өнер көрсетеді. Олар – әлем кубоктары мен жастардың әлем біріншіліктерінде жеңіс тұ­ғырына көтерілген таны­мал спортшылар. Қысқа қа­шық­тарда сайысқа түсетін сұ­луларға құ­­раманың кеңесші-бапкері Сер­гей Клевченя жауапты».

Сергей Клевченя – 53 жас­тағы ресейлік маман, кезінде белді конькишілердің бірі болды. 1994 жылғы Лиллехаммер Олимпиадасының күміс, қола жүлдегері, әлем чемпионатының толық жүлде жиынтығының иегері, спринттік көпсайыстан екі дүркін әлем чемпионы. Сергей Олимпия ойындарына төрт рет қатысып, Ресей рекордын 12 мәрте жаңартты. Кейіннен өз елінің бас командасының аға бапкері болды. 2012 жылдан бері Қазақстан құрамасын жаттықтырады.

Ерлер арасындағы спринт­шілер жарысында Евгений Кошкин, Алтай Жәрдембекұлы, Артур Галиев, Никита Ва­же­нин, Роман Биназаров, Ан­дрей Семеновқа сенім арты­лып отыр. Олар да Ресей ма­ма­­нының бақылауында. 36 жас­тағы Алексей Есин 2010 жылы Ванкувер, 2014 жылы Сочи Олимпиадаларында бақ сынап, әлем чемпионаты мен Дүние­жүзілік универсиадада қола медаль иеленді.

«Польшадан келген майталман Павел Абраткевич ор­та, алыс қашықтықта сынға түсетін спортшыларды даярлайды. Бұл команда сапында Надежда Морозова, Елизавета Голубева, Бақдәулет Сағатов, Виталий Щиголев, Ақжол Нұр­әлі, Андрей Зуев, Асқар Әб­ду­мәлік, Михаил Глущенко, Демьян Гаврилов бар. Ал жас­тар құ­рамасына жергілікті бапкер Александр Жигин жа­уапты», деді Александр Пан­филов.

Жуырда Мәскеу облы­сын­­­дағы Коломна қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп қайт­қан жерлестеріміз көп ке­шікпей Гер­манияға сапар шекті. Неміс жеріндегі 20 күндік даярлық ба­рысында олар екі бірдей әлем кубогінің кезеңдік сайыс­тарында бақ сынауды жоспарлап отыр. Одан кейін Жапонияның Хатинохе мен Нагано қалаларында, Қытай ас­танасы Бейжіңде халықаралық турнирлердің тұсауы кесіледі. Бұл бәсекелерге ел құра­масы да қатысады. Ал Азия ойын­да­рында бақ сынай­тын спорт­шы­лар 18–20 желтоқсан ара­лығында жалауы желбірейтін ел чемпионатында анық­талады.