Саясат • Бүгін, 09:45

Құрметті консулдық ашылды

35 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада Сингапур Республикасының құрметті консулдығы ашылды. Сондай-ақ Алматыда консулдықтың филиалы жұмыс істейді. Осылайша Сингапур еліміздегі дипломатиялық қарым-қатынасын кеңейтіп жатыр.

Құрметті консулдық ашылды

Сурет: El.kz/Миражан Махан

Консулдықтың басты мақсаты – екі елдің мемлекеттік құрылымдары мен бизнес саласындағы өзара байла­ныс­ты арттырып, инвестиция және сауда қатынастарын дамыту. Атап айтсақ, бұл екіжақты экономикалық, мәдени қатынасқа бағытталған, сондай-ақ еліміздегі Сингапур азаматтарының мүддесін қорғайды. Қазір ел аумағында 100-ден аса сингапурлық компания жұмыс істейді. Консулдық олардың құқықтарын қорғап, кеңес береді.

Сонымен қатар Сингапур Республи­ка­сының Қазақстандағы елшісі Зулкиф­ли Бахарудин Астана мен Алматыда ашылған консулдық достық пен әріптес­тікке негізделген қарым-қатынасты нығайта түседі деп сенім білдірді.

– Сингапур мен Қазақстан 30 жылдан аса уақыт өзара тиімді іскерлік байланыс жүргізіп келеді. Біз туризм, бизнес, логистика, ауыл шаруашылығы, құрылыс және мәдениет саласында біріккен жобаларды бірігіп іске асыруға мүдделіміз. Қазір Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі сауда әріптесіміз. Табиғи ресурстарға бай және Орталық Азияға жол ашар ел ретінде Қазақстан Сингапурға мол мүмкіндік ұсынып отыр, – деді Елші консулдықтың салтанатты ашылу рәсімінде.

Екі елдің Сыртқы істер министр­ліктерінің келісімімен еліміздің екі қаласындағы Сингапурдың құрметті консулы қызметіне Талғат Чиникеев тағайындалды. Ол халықаралық бизнес пен ынтымақтастық саласындағы мол тәжірибесімен ерекшеленеді.

– Ең алдымен екі ел арасындағы берік достық пен өсіп келе жатқан серік­­тестікті назарға ала отырып, Син­­га­пурдың атынан өкілдік етуді, оның еліміздегі экономикалық және мәдени мүдделерін ілгерілетуді мақ­тан тұтамын. «Алға Сингапур» және «Әділ Қазақстан» тұжырымдамасының қоғамды берік және ынтымақта ұстау, сондай-ақ дамудың жетістіктерімен бөлісу сияқты стратегиялық нұсқаулар мен жалпыұлттық құндылықтар ретін­де көптеген ұқсастықтары бар. Қазір «Қазақстан темір жолымен» Синга­пур­дың ірі компаниясы бірігіп, ауқым­ды жобаны жүзеге асырып жатыр. Алматы облысында «Алатау сити» деген қа­ла салынбақшы. Алматыдан Қонаев қа­ласына дейін 900 шаршы метр аумақта бой көтеретін үлкен қаланың бас жос­парын Сингапурдың компаниясы жасап берді, – деді Сингапурдың Қазақстан­дағы құрметті консулы Талғат Чиникеев.