Аймақтар • 01 Қараша, 2024

Қыс қарсаңы қарбаласқа толы

56 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ақтауда ұзақ жылдар бойы, яғни елу жылдан бері жөндеу көрмеген, жаңартылмаған құбырларды, магистралдық жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Жасыратыны жоқ, бірқатар белгілі себепке байланысты кейбір шағын аудандарда жылу, ыстық су беру мезгілінен кешікті. Алайда өңірдегі ауа райының қолайлылығы тұрғындардың тоңып, абыржуына жол берген жоқ.

Қыс қарсаңы қарбаласқа толы

Ақтау қаласы әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі таңда тұрғындарды жылу, ыстық сумен үздіксіз қам­тамасыз ету мақсатында 11,3 шақырым құ­быр ауыстырылған, бұл жұмыстарға 17 млрд теңге бөлінген. Ақтауда жұмыстардың жүр­гі­зілуіне байланысты шағын аудандарда ішінара кедергі болғанмен, жалпы жылу беру маусымы 15 қазанда басталды.

– Бұған дейін облыс әкімдігінің telegram-арнасында тұрғындардың жылу жоқтығына қатысты пікірлері көбейіп кеткен еді, ал қазір тұрғындар коммуналдық қызметкерлерге алғыс айтып жатыр. Мысалы, төрт баланың анасы, облыс орталығындағы 28-шағын аудан тұрғыны Тілектес Ыбыраева: «Үй жылы. Басқа аудандарда тұратын достарымнан да сұрадым. Барлығында жылу бар. Иә, кейбір үйлерде адамдар әлі күтіп отыр, бірақ ком­муналдық қызметкерлер тұрғындарды жылумен толықтай қамтамасыз ету жолында күні-түні жұмыс істеп жатыр, меніңше, бүгін-ертең жылу беріледі. Сондықтан қаладағы тұр­ғындардың бәрі жылусыз отырғаны жөніндегі ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтқым келеді», деді, Ақтау қаласының тұрғыны Алевтина Головина: «Мен 5-шағын ауданда тұрамын. Біздің үйге 19 қазанда жылу келді. Бұған дейін ақаулар болды. Ол кезде апаттық бригадалардың оларды жою мақсатта жұмыс атқарып жатқанын бәріміз көрдік. Анам көрші үйде тұрады, оларға жылу бізден де ерте берілді», дейді. Ал зейнеткер Гүлмира Исаева бір апта шамасында күткен соң қаладағы 19-шағын ауданға жылу берілгендігін, тұрғындарға ақаулар жойылған бойда үйлеріне жылу бірден келетіні жөнінде үнемі құлақтандырылып, қазірде пәтері жылы ғана емес, қатты ыстықтан терезелерді ашып отырғандығын айтты», дейді Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы ақпараттық саясат бөлімінің басшысы Р.Жұбаназаров.

Бөлім басшысының айтуынша, Маң­ғыстау облысы әкімдігінің Telegram-арнасы тұрғындарға желідегі ақаулар мен олардың жойылу жұмыстары туралы ақпарат алуға арналған алаңға айналған. Тұрғындар өздерінің маңайындағы ақаулар туралы ақпаратты жедел жіберу арқылы коммуналдық қызметкерлерге көмектеседі. Кейбір тұрғындар үйде жылу берілгенін, бірақ кейбір пәтерде, тіпті бөл­мелерде жылу жоқ екенін жеткізіп жатыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық са­ласының мамандары қазір ішкі жүйелерді реттеуді қызмет көрсету ұйымдарының қыз­мет­керлері – ОСИ немесе КСК жүргізетінін атап өтті.

Ақтау қаласы әкімдігі 26 қазанға қарай әлеуметтік нысандардың 97%-ы (115-тің 112-сі) жылу­мен қамтамасыз етілгенін, ал қаладағы 1500 тұрғын үйдің 34-інде жылу жоқ екенін хабарлады.

– Жаз бойы негізгі жылу жүйелері ауыстырылды. Бұл өткен жылдардағыдай жылу мен ыстық су беруде үзіліс болмауы мақсатында жасалды. Желілердің әбден тозуы салдарынан жөндеу емес, толық ауыстыру жөнінде шешім қабылданды. Ауқымды ауыстыру қазан айында аяқталды. Осы уақытқа дейін құбырлар құрғақ болғандықтан, сынақтарды өткізу мүмкін емес. Су берілісімен ішкі желілердің тозуы 79% болуына байланыс­ты жарылыстар басталды. Әлеуметтік желілерде қаланы суық алып жатыр деген шағымдарды жиі естимін. Үйлердің басым көпшілігі жылумен қамтамасыз етілген. Апат бол­ған үйлерде қазіргі уақытта жедел топтар ақау­ларды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деді Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Бай­пақов.

Жылыту маусымы басталғалы шағын аудандардағы желілерде 121 жарылыс тір­келіп, оның 100-і жөнделді. Бүгінгі таң­да ақауларды жоюда 110 адам мен 49 тех­ника жұмыс істеп жатыр. Ақтау қаласы­ның коммуналдық қызмет­керлеріне көмек ретінде Жаңаөзен қаласынан 8 бригада келді. Тұрғындардың үйлеріне жылу жеткізу жөніндегі төтенше жағдай бригадалары күндіз-түні жұмыс істейді. Ал қалалық кәсіпкерлер коммуналдық жұмыс­шыларды қолдау мақсатында ыстық шай мен бәліш ұсынады.

«Өзенмұнайсервис» мекемесінің дәне­керлеушісі Қазихан Байбозовтың айтуынша, Ақтауға Жаңаөзен қаласынан «Өзенмұнайсервис» компаниясының сегіз жұмыс тобы келген. Олар жергілікті маман­дарға әр шағын аудандағы жарылған жерлерді жоюға көмектесіп жатыр.

Ақтауда қыс қарсаңында қарбалас жұмыс. Қыр астындағы қаһарлы маусымнан қысылмай, жайлы-күйлі шығу – баршаға қажетті жағдай.

 

Маңғыстау облысы