Өзге аудандардай емес, мұнда әлі де жылдың төрт мезгілінде тамағын қи мен көмір қызуына пісіретін, суды артезиан құдығынан ішіп отырған ауыл тұрғындары бар. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, жыл соңына дейін аудан тұрғындарын сапалы ауызсумен 100 қамту жоспарланыпты.
«Қазір Қызылқоға ауданындағы Соркөл, Сарқұмақ, Қоғам, Тасқұдық, Аққора, Қоңыраулы, Былқылдақты, Кенбай, Қоныстану секілді 9 елді мекенде ауылішілік су құбыры жүргізіліп жатыр. Ал Мұқыр ауылында екінші су айдау стансасын қайта жаңғырту жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды бақылауымда ұстап отырмын. Бұған қоса «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырын реконструкциялау, Миялы ауылына жазғы су құбырын жүргізу аяқталады», дейді С.Шәпкенов.
Әкімнің мәліметіне сүйенсек, Қызылқоға ауданындағы тұрмысы төмен тұрғындарды баспанамен қамтуға 80 пәтер сатып алу көзделген. Осы кезге дейін Миялы ауылдық округінде 39, Жангелдинде – 5, Сағыз ауылдық округінің тұрғындарына 6 баспана сатып алыныпты. «Жыл соңына дейін тағы 50 үйді сатып алып береміз. Бұл мәселе биыл толықтай шешімін табады», деп мәлімдеді облыс әкімі.
Қызылқоға ауданында кейінгі жылдары тұрғындардың тұрмысын жақсартумен қатар, бұқаралық спортты дамытуға да назар аударылды. Қазір ауданның 10 мыңға жуық тұрғыны спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Дегенмен 10 ауылдық округтің екеуінде ғана спорт кешені бар. Биыл 8 ауылда 11 ашық спорт алаңының құрылысы басталды. Сондай-ақ алдағы жылы 7 спорттық нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Жақында ауданның екі ауылында спорт кешені ашылды. Оның бірі Тасшағыл ауылдық округінде орналасқан. Бұл округте 1884 адам тұрады. Бір өндірістік кооператив, 26 шаруа қожалығы, 1 орта мектеп, 1 балабақша, 1 учаскелік амбулатория, 5 дүкен, кітапхана, автоматты телефон стансасы, почта байланысы торабы жұмыс істейді.
Спорт кешенінің екіншісі Ойыл ауылдық округінің орталығы – Жасқайрат ауылында орналасқан. Мұндағы 410 отбасында 2310 адам тіркелген. Округте 1 серіктестік, 17 шаруа қожалығы мен 66 кәсіпкерлік нысаны бар. «Шалқыма» мәдениет үйінде ауылдық кітапхана орналасқан. Тұрғындарға мәдениет үйінің жанынан домбыра, эстрадалық ансамблі, драма, би, ән үйрету, суретшілер үйірмелері мен мәдени-үгіт бригадасы қызмет көрсетеді.
Қанаттас қоныстанған екі ауылдың бір-бірінен айырмасы жоққа тән. Тұрғындар орталықтандырылған су, газ жүйесін пайдаланып отыр. Қос округте игілікке берілген спорт кешендерінің де бір-біріне ұқсастығы көп. Жаңа нысандар футбол, волейбол, баскетболға арналған алаң, күрес залымен, түрлі құрал-жабдықпен қамтылған.
«Елімізде бұқаралық спорт пен дене шынықтыруды дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру кең қанат жайып келеді. Соның нақты мысалындай, Жасқайрат пен Тасшағыл ауылында жаңа спорт кешені ашылды. Мұнда еліміздің абыройын асқақтататын, көк туымызды көкте желбірететін рухты спортшылар тәрбиеленетініне сенемін», деді Серік Шәпкенов.
Атырау облысы