Өнер • 01 Қараша, 2024

Қой жүнінен сәндік бұйым жасайды

120 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» конкурсының жеңімпаздары анықталды. Үздіктер ­қа­тарында Мәртөк ауданында қыш ыдыстар өндірісін жолға қой­ған Аркадий Гогель мен қой жүнінен этнобұйымдар жасайтын Ырғыз ауданының шебері Айдана Сағынғали бар.

Қой жүнінен сәндік бұйым жасайды

Айдана Сағынғали бір жылдан бері биязы қой жүнінен кеу­деше, бас киім, бешпент, аяқ­киім басып, әлеуметтік желіде сатылымға шығарып келеді. Ол табиғи таза әрі сапалы, ине-жіп­сіз даярлайтын бұйымдарына қажетті меринос қойының жүнін Тараз қаласынан алдыртып отыр. Ертедегі шеберлердің жолын жалғастырған кәсіпкер кәдімгі қазақы қой жүнінде қылшық көп болғандықтан, шикізат ре­тінде қолдануға жарамсыз дейді. Қазіргі кезде сұраныс өте жоғары әйелдің сәнді де жұқа бір кеудешесін дайындауға 200 грамм қой жүні кетеді екен.

«Дайын жүн әбден жуылып, өңделіп, қаптамаға салынған күйінде жеткізіледі. Қандай да бір тапсырысты алғанымда алдын ала сызбасын жасамаймын. Ине-жіпті де мүлде қолданбаймын. Тіпті ешкім жасап бер деп өтініш айтпаса да, ойыма келген дүниені өзім отырып жасай беремін. Көбінесе жеңсіз кеудеше, қажекейлерге, күздік киімдерге жиі тапсырыс береді. Меринос қойының жүнін басын біріктіре отырып илеп, жазып, бұйымның нобайын келтіремін. Кеудешеге жүн екі қабат етіп салынады. Ал қа­лыңдау етіп жасайтын бол­сақ, тағы да бірнеше қабаты қо­сы­лады. Өрнегі кейде бірге, кейде ең соңынан салынады. Табиғи өнім болғандықтан, жүн бояуды жақсы сіңіреді», дейді Айдана.

ва

Ырғыз елді мекеніндегі сұлу­лық салонында жұмыс істеп жүрген ол бұл өнерге кездейсоқ келген. Наурыз мерекесі қар­саңында қызына қой жүнінен тақия жасап береді. Өмірі жасап көрмеген дүниесі жақсы шыққан соң, ой түсіп, қазақ ою-өрнектерінің мәні, түстердің қолданылуы жөнінде көп оқиды. Содан кейін бірден осы салаға көшеді. Қазір қой жүнінен табанына резеңке салып, әйел аяқкиімін де жасауды үйренді. Бұрынғы кезде қой жүнін ісмерлер киіз үй жабдықтарын, киіз, басқұрлар басуға, басқалай тұрмыстық бұйымдар жасауға қолданғанымен, бүгінде ұмы­тылып барады. Ауылдарда тау-тау қой жүні ысырап болып, далада өртеліп жүр. Ал табиғи таза жүнді кәдеге асыру арқылы сәндік киімдер даярлау қазақ қолөнеріндегі таңсық дүние. Өнердің осы түрін үйрететін шеберлер де көп емес.

Елімізде ауыл кәсіпкерлігін дамыту бағытында екі жылдан бері іске асырылып жатқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасы ауыл тұрғындарының белгілі кәсіп түрімен айналысып, оны жан-жақты дамытуға бағытталған. Бірақ бұл қазіргі жағдайда мүмкін бе? Айдананың мысалында, бір ауыл тұтас этнобұйым жасап, оны сатылымға шығара білуі керек. Ол қолынан өнер келетін ұста-шеберлерді киіз үй жасауға бағыттағысы да келеді. Біреуі киз үйдің сызбасын жасаса, басқалары ағаштан бөлшектерін даярлап, жабдықтарын құрып берсе, тағы бір шеберлер ішкі жағын сәндеуді қолға алса деген ойы бар. Ең бастысы – жасалған тұтас дүниені сата білу керек.

Мәртөк ауданының тұрғыны Аркадий Гогель де саз бен құмды пайдалана отырып, түрлі ыдыс-аяқ жасаумен айналысады. Үйінің шеберханасындағы пеште күйдірілген соң қоңыр түске енген табақтары ауданнан тыс жерлерге сатылымға шығарыла бастапты.

«Әлемнің 30 мемлекетінде табысты жүзеге асып келе жатқан «Бір ауыл – бір өнім» жобасы біздің елімізде екі жылдан бері қолға алына бастады. Мұның тарихы 1970 жылдардан басталады. Жапониядағы бір аймақтың экс-губернаторы елді мекен тұрғындарын ұйымдастырып, жергілікті шикізаттан бірегей өнім әзірлеу жобасын қолға алады. Бұл сол кезеңде электрлендіру жылдарында қалаға жаппай көшіп жатқан ауыл адамдарын тоқтатуға бағытталған шара еді. Ақыры осы іс нәтижесін беріп, ауыл адамдары қолайлы кәсіп түрін жаңғыртып, дайын өнімдерді экспортқа шығаруға мүмкіндік алады. Осы жоба 2009 жылдан бері Қырғызстанда да қолға алынып, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға ұйытқы болды. Бүгінгі көрмеге қойылған өнімдер мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастықтың бірлескен жұмысының нәтижесі деп айтуға толық негіз бар. Мемлекеттік органдар ісін жаңа бастаған ауыл кәсіпкерлеріне гранттар ұсыну, субсидиялау жағынан көмектессе, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы техникалық сүйемелдеу жасап, ауыл өнімінің өзіндік брендін қалыптастыру мақсатында тауар маркасын рәсімдеуге жәр­дем­деседі. Сондай-ақ кәсіп жүр­гізудің заманауи тәсілдеріне үйре­тіп, қаржылай сауаттылыққа оқытады», дейді облыстық кәсіп­керлер палатасының директоры Дидар Боранқұлов.

Марапаттау рәсімі аясында өткен жылғы «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жеңімпаздарының өнімдері мен бұйымдарының шағын көрмесі ұйымдастырылды. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы мен өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында бірлескен жоба­ларды жүзеге асыру, инно­вация­лық қызметті қолдау, аталған жоба қаты­сушы­ларын оқыту мақсатында мемо­рандаумға қол қойылды.

 

 Ақтөбе облысы