Форум • 01 Қараша, 2024

Жастар және қоғам жауапкершілігі

85 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өнер орталығында өткен «Жастар. Жігер. Болашақ» форумында жастар арасында белең алған нашақорлық, лудомания, буллинг, суицид сияқты күрделі мәселелердің алдын алу кеңінен талқыланды. Форум жұмысына облыс әкімі Асхат Шахаров, полиция департаментінің бастығы Абай Жүсіпов және облыстық прокуратура өкілдері қатысты.

Жастар және қоғам жауапкершілігі

Ақтөбе қаласының мектептері мен колледждерінен келген мың оқушы­ның алдында Мәжіліс депутаты Қазы­бек Әлішев, тележүргізуші және «Жайдарман» жобасының жетекшісі Есен Елеукен, қазақ эстрадасының әртісі Нұрболат Абдуллин, айтыскер Қайнар Алагөзов, танымал актер Артур Төлепов сөз сөйледі. Жұртқа белгілі ақтөбеліктер өмір тәжірибелері, жетістікке жету жолдарымен бөлісті. Осы жиынға өңірдің 12 ауданынан 2 мың оқушы онлайн түрде қосылды.

Өңір басшысы А.Шахаровтың ай­туын­ша, отансүйгіштік, елжандылық, ата-анасын, қоршаған ортасын құр­меттей білу сияқты қасиеттер бала кезден, жара­тылысындағы адамгершілік, мейі­рімділік, бірсөзділік, табандылық мі­нездерді басымдыққа қойған кезден басталады. Жасөспірім кезден-ақ өмірлік ұстанымдарын алға қойып, тұл­ғалық қасиеттерін дамыта отырып, өз қалауымен болашақ мамандығын таңдай білген жөн. Осы бағытта мемлекетіміз жастардың өз-өзін дамытуына, жаңа білім мен дағдыларды игеруіне көптеген мүмкіндік жасап келеді.

«Алайда қазіргі қоғамда жасөс­пірім­дердің алдынан шыққан кедергілер де көбейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда жалпыға ортақ құндылықтарды дамыту мен қазір елге қауіп төндіріп тұрған 5 кесел жөнінде ашық айтты. Соның ішінде жастар арасындағы құқық бұзушылық, нашақорлық, вандализм, қатыгездік пен бұзақылықтың өскенін айтты. Жастар арасында таралған осы кеселдерді жоюға қоғамның қолдауы әбден қажет. Біз жастарды өмірге жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Ең бастысы, дұрыс азамат ретінде қалыптасуға кедергі келтіретін зиянды әдеттерге жоламау керек. Ол үшін ата-анаңызбен, ұстаздарыңызбен жақсы қарым-қатынаста болып, достарды да дұрыс таңдай білу керек. Өйткені теріс жолға түскен жастың кері қайтуы өте қиын. Оның үстіне елімізде нашақорлық, лудомания, буллингке қарсы заңдар күшейтілді. Мұндай қылмыстар үшін жаза қатаң екенін ұмытпаңыз. Қоғамдық жұмыс пен волонтерлік бастамаларға қатысу да жастардың тұлғалық дамуына жол ашады. Қашанда өнер, білім, спорт сіздің айнымас серігіңіз болсын. Кітаппен дос болыңыз», деді облыс әкімі форум қатысушыларына арнау
сөзінде.

Іс-шараға қатысушылар жасөспі­рімдерді тәрбиелеу тақырыбында пі­кір таластырып, баланың тұлғалық қалып­тасуы кезеңіндегі отбасы институты мен мектептің рөлін талқылады. Қисық жолға кетіп бара жатқан жасөспірімді қайтарудағы психологиялық тәсілдер, нашақорлық, суицид, буллингпен күресудегі әлемдегі озық тәжірибелерге тоқталды. Тағы бір ескеретін жайт, ата-аналар көбіне баласының теріс жолға үйрететін түрлі аккаунтқа еркін кіріп кетуін байқай бермейді. Өйткені бала мінезіндегі өзгерістерге назар аудармайды, перзентінің немен айналысып, кіммен дос болып жүргенімен шаруасы жоқ. Жиынға қатысушылар жасөспірімнің ең жақыны қай кезде де ата-анасы екенін ескертіп, өздерін мазалаған сұрақпен оларға, не сынып жетекшісі мен мектеп психологіне жүгінуге кеңес берді. Осы мақсатта жасөспірімдер арасында қолайлы әрі қауіпсіз орта құру үшін жастар бастамаларын дамыту және ата-аналарды тәрбие үдерісіне тарту, тегін үйірмелер мен аула клубтарының жұмысын дұрыс үйлестіру маңызды.

Жиын соңында өңірдегі барлық мектеп пен колледжде тәрбие жұмысын жолға қоюдың ортақ алгоритмін құру жөнінде шешім қабылданды.

 

Ақтөбе облысы