Қоғам • 01 Қараша, 2024

Әлеуметтік желінің әсері

148 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желі біздің өмірімізге араласқалы оның пайдасы мен зияны туралы да түрлі көзқарас бар. Қалай десек те, интернеттің күнделік­ті өмірімізді өзгертіп жатқанын жоққа шығармаймыз.

Әлеуметтік желінің әсері

Сурет: ru.freepik.com

Шет-шекараға қара­мастан, бізді әлемнің әр қиырындағы достарымызбен, алыстағы отбасымызбен байланысу­ға мүмкіндік беретін әлеу­меттік желіні әркім өз қажетіне қарай қол­данады. Сонымен бірге бұл біздің жеке ойымызды, жұмыс пен өмірдегі тәжірибемізді, әр саладағы жетістігімізді өзгелермен бөлісудің таптырмас құралы бола алды. Қазір студенттер желіні оқу мен зерттеуде де пайдаланады. Ал әлеуметтік желінің бизнес-экономика саласына тигізген әсері де айтарлықтай. Тіпті мұны жұмыс табуға арналған платформа деп атап жүргендер де жоқ емес. 

Әр нәрсенің екі жағы болатыны сияқты, қоғамға ерекше серпін әкелген әлеуметтік желілердің де өзіндік артықшылығы мен зиянды тұстары бар. Біз бүгін әлеуметтік желінің әлеуметтік салаға қалай әсер етіп жатқаны жайында ой қозғасақ дейміз. Философия, саясаттану және діндану институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD Нұркен Айтымбетов соңғы жылдары осы саланы індете зерттеп жүр. Ғалымның зерттеу бағыты ел азаматтарының әлеуметтік желідегі белсенділігі туралы екенін білгеннен кейін, оның қоғамға қалай әсер етіп жатқанын сұрадық.

«Еліміздегі сарапшылар қауымдастығы арасында интернет кеңістігі жастарымыздың әлеуметтік белсенділігінің балама алаңына қаншалықты айналғаны туралы ортақ пікір жоқ деуге болады. Біздің ойымызша, мәселе жаңа цифрлық технологиялар дамуының салдары мен жалпы қоғамымызға тигізетін әсеріне объективті ғылыми бағаның жоқтығында деп санаймыз. Сонымен қатар жастардың қоғамда саяси көзқарасын білдіруде «жоғарыдан» бағытталған мемлекеттік билік органдарымен келісілген ресми бұқаралық ақпарат құралдар арқылы жеткізу тиімсіз құрал екенін көрсетеді. Осы орайда ешқандай шектеу­ге келмейтін әлеуметтік желілер жастардың саяси көзқарасын білдіруде негізгі құралға айналып отыр десек қателеспейміз», дейді зерттеуші.

Шынын айтқанда, бүгінде қоғам алдында тұрған басты міндеттің бірі – сауатты жастар шоғырын қалыптастыру мен тәрбиелеу. Қоғам­ның маңызды бөлшегі саналатын жастар өмірде шешім қабылдаған сәтте, көргені мен білгеніне, сауаттылығына сүйенеді. Сонымен бірге қазір әлемде цифрландыру үрдісінен туындаған трансформация жағдайында ақпараттық қауіпсіздік саласына қатысты заңнамалық негіздердің маңызын арттырып, мұны қазіргі уақыт талабына сай үнемі жетілдіріп отыру қажет екенін естен шығармаған жөн.

«Заманауи цифрлы технологиялар халықтың басым бөлігіне ақпараттың жылдам жетуі мен оның қол­жетімділігін қамтамасыз етіп отыр. Бұл жағ­дай бүгінгі заманауи ақпараттық технологияларды жетік меңгерген және соған бейім жастардың қоғамдық өмірге белсенді түрде араласуына алып келді. Қоғамның цифрлық дамуға ерекше жылдам қарқынмен өтуіне байланысты жаңа технологиялардың жастардың ішкі мәдениетіне ықпалының арта түсуі де айқын көрініс тауып отыр. Басты себептердің бірі, бүгінгі  виртуалды цифр­лы алаң әртүрлі ақпараттардың таралуына, олардың бірнеше мәрте қаралуына мүмкіндік береді», дейді Нұркен Айтымбетов.

Қазір кез келген адамның жеке көзқарасын әлеуметтік желілер арқылы білдіруге, жеке пікірін ашық айтуға тең дәрежеде құқы бар. Осы платформалар арқылы қоғамда қандай да бір тұлғаның имиджін көтермелеуге, қоғамдық ұйымдардың мүдделерін жоғарылатуға, тіпті кейде тікелей эфир жүргізуге, жарнама жасауға, таға да басқа көптеген мүмкіндікті туындатып отырғаны шындық.

Зерттеуші Нұркен Айтымбетов «Болашақ» бағдар­ламасы аясында Джордж Вашиңтон университе­тінде осы тақырыпты бір жыл бойы зерттеген. Оның айтуынша, қазіргі қоғамда сауаты төмен жас ұрпақтың санасы түрлі күштердің, топтардың ықпалында кететін жағдайлар кездеседі. Сол үшін де олар өздерінің жеке мақсатына жету барысында әлеуметтік желілер арқылы жастарға теріс көзқарастар мен пікірлер таратуы мүмкін екенін алға тартады. «Нәтижесінде, қазіргі жастар виртуалды кеңістік арқылы таралатын әлеуметтік-психологиялық қысым жасау жолымен теріс пиғылды топтардың құрбанына айналып кету қаупі зиялы қауымды алаңдатып отыр. Бұл өз кезегінде елдегі саяси тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіздігіне белгілі бір деңгейде залал келтіруі ықтимал», деді ғалым.

Қорыта айтқанда, қазіргі қоғамда әлеуметтік желілердің даму барысы идеялар мен көзқарастарды біріктіретін, талқыға салатын алаңға айналды. Екінші жағынан, бұл қоғам ішінде алауыздық та тудыруы әбден мүмкін. Ендігі әрбір ел азаматының міндеті – цифрлық технологиядан туындайтын қауіп-қатердің алдын алып, пайдалы жаққа қолдану уақыт талабына айналып отыр.