Алматы • 01 Қараша, 2024

ҚазҰУ-да «Halyk Academy» зертханасы ашылды

139 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар  факультетінде  «Қазақстан Халық Банкі» АҚ қолдауымен «Halyk Academy» зертханасы ашылды.

ҚазҰУ-да «Halyk Academy» зертханасы ашылды

Жаңа буын мамандарын даярлауға арналған зертхана студенттерге банк және қаржы саласында теориялық білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік беретін кәсіби алаңға айналмақ әрі олар жаңа технологиялардың жетістіктерін игеретін болады.

Э.Серікқызы

Салтанатты шараға Халық банкінің ресми өкілдері, ҚазҰУ ғалымдары мен студенттері қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірінші проректоры Еркін Дүйсенов әріптестік негізде ашылған зертхана мүмкіншіліктері жайында айтып өтті.

«Бұл өз кезегінде студент жастардың университет қабырғасында алып жатқан теориялық білімдерін практикамен ұштастыруға берілген бірегей мүмкіндік. Зертханада студент жастар қаржы саласында білім мен әртүрлі дағдыларды меңгеріп, болашақта табысты жұмыс істей алады. Сондықтан Халық банкімен әріптестігіміз ары қарай нығая береді», деді проректор.

Өз кезегінде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Сартаев:

«Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттерге арналған зертханамыздың ашылуы біз үшін үлкен мәртебе. Бүгінде ақпараттық технологиялар факультетінің түлектері әртүрлі салада қызмет етіп, өз біліктіліктерін көрсетіп жатыр. Оған дәлел – біздің Халық банктің HR директоры Индира Аширова осы факультеттің түлегі, өз саласының кәсіби маманы. Сондықтан да факультет математика, қаржы, IT саласының мықты іргетасы қаланған үлкен мектеп болып қала береді», деп атап өтті.

Бүгінде «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың негізгі серіктесі ғана емес, сонымен қатар бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде «Деректер туралы ғылым/Data Science» білім беру бағдарламасының бірлескен құрастырушысы және жұмыс беруші болып табылады. Бұл әдіс оқу бағдарламасы мен кәсіби стандарттардың үйлесімділігін қамтамасыз етіп, түлектерге мансаптық қадамдарға жол ашып, деректер базасымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

«Halyk Academy» бағдарламасы аясында студенттерге банк сарапшыларының дәрістері, ашық есік күндері, сондай-ақ индустрияның заманауи талаптарын ескере отырып әзірленген банк мамандықтары бойынша курстар өтетін болады. Сонымен қатар академия аясында ғылыми зерттеулер мен технологиялық әзірлемелерді (R&D) дамыту жоспарланып жатыр. Бұл студенттер мен оқытушыларға қаржы саласындағы инновациялардың дамуына ықпал ететін өзекті жобалармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

АЛМАТЫ