Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Ләззат Қалтаеваны Сенат төрағасының кеңесшісі болып тағайындалуымен құттықтады. Сондай-ақ ол Ләззат Қалтаева палата жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы болып қала беретінін атап өтті. Сенат төрағасы әріптесіне сенатор ретінде заң шығару саласында атқарған еселі еңбегі үшін Мемлекет басшысының Алғысхатын салтанатты түрде тапсырды.
Іс-шара барысында палата спикері баршаға тең мүмкіндік жасалған инклюзивті қоғам қалыптастыру Президент қолға алған реформалардың маңызды басымдықтарының бірі екенін айтты. Кейінгі жылдары осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде көптеген салада оң үрдіс байқалып отыр.
Сондай-ақ М.Әшімбаев қазіргі таңда Қазақстанда 725 мыңға жуық мүгедектігі бар адам тұратынына, оның 232 мыңы ерекше білім беруді қажет ететініне назар аударды. Сенат төрағасы олардың бәрі лайықты білім алуға құқылы екенін тілге тиек етіп, аталған мәселеде әлі де болса түйіні тарқатылмаған түйткілдер барын еске салды. Бұл, ең алдымен, кәсіптік және жоғары білім алуға қатысты болып отыр.
«Өкінішке қарай, кейінгі жылдары ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны артып отыр. Сондықтан барлық балаға сапалы білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз етуді жетілдіру керек. Ерекше қажеттілігі бар адамдарды оқыту орта біліммен шектелмеуге тиіс. Олардың лайықты жұмыс тауып, қоғамның толыққанды мүшесі болуы үшін кәсіби және жоғары білім алуына да жағдай жасалуы қажет. Қазір жоғары оқу орындарында білім алып жүрген мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны аз. Бұл аталған санаттағы адамдардың сапалы білім алуына кедергі келтіретін қиындықтар бар екенін көрсетеді. Демек, олардың әрі қарай жұмысқа орналасып, қоғамнан өз орнын табуына теріс әсер ететін мәселелер жоқ емес», деді М.Әшімбаев.
Сенат төрағасы сапалы білім алуға және мүгедектігі бар адамдардың қабілеттерін дамытуға тұсау болып отырған тағы бір өзекті мәселеге тоқталды. Бұл – еңбек нарығының осы санаттағы азаматтардың қажеттіліктеріне бейімделмеуі.
Елімізде 2012 жылдан бері мемлекеттік білім гранттарын бөлу кезінде 1 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандарға қарастырылып келеді. Алайда палата спикерінің айтуынша, бұл шара жеткіліксіз. Инклюзивті білім беруге қатысты проблемаларды шешу кешенді тәсілді қажет етеді. Сондықтан бұл ретте заманауи білім беру бағдарламалары, оқытудың тиімді әдістері, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істей алатын білікті педагогтер даярлау сияқты мәселелерге баса мән берген жөн.
«Бүгінде еліміздегі әрбір екінші педагог ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған жеке оқу жоспарларын әзірлеуде қиындықтарға тап болады. Бұл – мұғалімдеріміздің айтарлықтай бөлігі инклюзивті ортада жұмыс істеуге дайын емес деген сөз. Жалпы, біз ерекше білім беруді қажет ететін балалардың барлық кезеңде, яғни балабақша, мектеп, колледж және жоғары оқу орнында сапалы білім алуы үшін тиісті жағдай жасауымыз керек», деді Сенат төрағасы.
Кеңес отырысында депутаттармен бірге Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев, Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті Эмин Аскеров, «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығының директоры Татьяна Баклажанская, «Қайрат Иманәлиев атындағы Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары жөніндегі комиссия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлмира Борашева, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры Нұргүл Үлжекова және тағы басқа қатысушылар сөз сөйлеп, ерекше қажеттілігі бар адамдардың сапалы білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге қатысты тың бастамаларын ұсынды.
Отырыс соңында кеңес барлық ұсынысты жан-жақты зерделеп, мүдделі тараптардың бірлесіп жұмыс істеуі үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолдайтыны айтылды.