Заң • 02 Қараша, 2024

Орта Азия елдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастықты нығайтты

232 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2024 жылдың 30-31 қазан аралығында Астанада БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын Орта Азияда жеделдетіп іске асыруға және Агенттіктің 10 жылдығына арналған халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орта Азия елдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастықты нығайтты

Іс-шараны БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ) Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп ұйымдастырды.  

Конференция жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволарының басшылары, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, дипломатиялық миссиялардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Қазақстан тарапының шақыруы бойынша іс-шараға Гонконгтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі тәуелсіз комиссиясының комиссары қатысты.  

Конференция қатысушыларына арналған Президент Әкімшілігінің Басшысы А. Дадебайдың құттықтау сөзін Құқық қорғау жүйесі бөлімі меңгерушісінің орынбасары А. Дюсембеков жеткізді.

БҰҰ ЕҚБ-ның Ауғанстан, Орталық Азия, Иран және Пәкістан бойынша өңірлік өкілі Оливер Штольпе, Гонконгтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі Тәуелсіз томиссиясының комиссары Д. Ву, Тәжікстанның Мемлекеттік қаржы мониторингі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің директоры С. Султонзода, Өзбекстанның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің директоры А. Бурханов, Түрікменстанның Бас Прокурорының орынбасары А. Ныязлыев, Қырғызстанның Бас Прокурорының орынбасары Н. Каимов сөз сөйледі.

Іс-шарада активтерді қайтару, жемқорлықтың алдын алу, цифрландыру, азаматтық қоғамның жемқорлықтың алдын алуға қатысуы, сондай-ақ ынтымақтастықты нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағали өз сөзінде халықаралық ынтымақтастықтың, әсіресе Орталық Азиядағы маңыздылығын атап өтті.  

Ол: «Қазақстанда жемқорлыққа қарсы реформаларды іске асыруда БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында көзделген озық стандарттар негізгі бағдар болып табылады. Сыбайлас жемқорлықтың трансұлттық сипатын ескере отырып, бірлескен жұмыс өңірдің дамуы үшін маңызды. Бұл жерде шет елдердің басқа да сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволарымен өзара іс-қимыл жасауда маңызды», деп атап өтті. 

А. Жұмағали БҰҰ ЕҚБ-ға қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, Өңірлік платформаны құру жемқорлыққа қарсы жаңа шараларды дамытуға және елдер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.  

Өз кезегінде Оливер Штольпе: «БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын жеделдетіп іске асыруға арналған өңірлік платформасы – Орталық Азия елдеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте және Заң үстемдігін нығайтуда күш біріктіруге мүмкіндік беретін маңызды құрал. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомстволар арасындағы әріптестіктің арқасында біз Орталық Азиядағы жемқорлыққа тиімді қарсы күрес үшін әріптестік байланыстарды нығайтуға және күш-жігерді үйлестіруге ықпал ете отырып, білім мен озық әлемдік тәжірибелермен алмасу үшін жағдай жасаймыз», деп айтты. 

Конференция Орталық Азия елдерінің құқықтық көмек, активтерді экстрадициялау және қайтару мәселелерінде халықаралық байланыстарды нығайтуға бейілділігін растады.  

Форум аясында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес академиясы (Гонконг) тиімді алдын алу, активтерді қайтару әдістері және қаржылық тергеу тактикасы бойынша тренингтер өткізді. 

БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын іске асыру Өңірлік платформа шеңберінде жалғасатын болады, ал Қазақстан мен басқа да елдер қоғамдағы ашықтық, есептілік және парасаттылықтың жалпы қағидаттарын ілгерілететін болады.