Кино • 03 Қараша, 2024

Голливуд фильмдерінің қазақ тілінде дыбысталуы үлкен жетістік - Аида Балаева

173 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Соңғы кездері Sony, Disney және Pixar сияқты ірі студиялар фильмдерін қазақ тілінде дубляждап шығарып, қазақ дубляжының өрістеуіне жол ашып отыр. Бұл үрдіс тіліміздің әлемдік деңгейде насихатталуына тың серпін береді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Голливуд фильмдерінің қазақ тілінде дыбысталуы үлкен жетістік - Аида Балаева

Министрдің айтуынша  Голливудтық студиялардың қазақ тілінде дубляж жасауды қолдауы мәдени диалогты дамытуға ықпал етіп қана қоймай, тіліміздің насихатталуына мүмкіндік береді.  Жақында жарық көрген «Веном: Соңғы би» фильмі қазақ тілінде көрермен назарына ұсынылып, осы үрдістің жарқын мысалына айналды.

«Бүгін біз халықаралық киноиндустриядағы маңызды тенденцияны байқап, бағамдап отырмыз.  Әлемдік компаниялардың қазақ тіліндегі дубляж жасауға кететін шығындарды өз мойнына алуы – қазақ тілін әлемдік мәдени алуандықтың маңызды элементі ретінде мойындауының белгісі. Қазіргі кезде тек қазақ тіліндегі дубляжды фильмдер шығару ғана емес, сонымен қатар, қазақ тілінің дамуына үлес қосатын  бастамаларды да қолдау өте маңызды. Дубляж  - жай ғана аударма емес, әлемдік образдар мен сюжеттерді қазақтілді аудиторияға жақындататын, зор жауапкершілікті талап ететен ерекше өнер. Осындай жемісті жұмыс атқарып жүрген серіктестерімізге алғыс айтамын. Кино – бұл өнердің қайталанбас тілі және әлемдік кейіпкерлер қазақ тілінде сөйлеген кезде, біздің мәдени құндылықтарымыз бен әлемдік мәдени мұраның арасында берік байланыс қалыптасары сөзсіз», деді министр.