Денсаулық • 05 Қараша, 2024

Балалар денсаулығы – басты назарда

73 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кейінгі 5 жылда халқымыздың саны 8,8%-ға өсті, оның ішінде жасы 18-ге дейінгі отандастарымыздың саны 6,6 миллионға жетті. Өткен жылы 388 428 нәресте жарық дүниеге келсе, 2024 жылдың 8 айында 245 777 бала туған. Елімізде 250 перзентхана, оның ішінде 39 перинаталдық орталық бар.

Балалар денсаулығы – басты назарда

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жауап­кер­шілігі зор, жан-жақты білік­ті­лік­ті талап ететін балалар медицинасы елімізде жақсы дамып келеді. Педиатриялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты, Неонаталдық көмек, балаларға хирургиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарт­тары, Онкологиялық, гемато­ло­гиялық аурулары бар бала­лар­ға медициналық көмек көр­сетуді ұйымдастыру стандар­ты, мектеп медицинасы, бала­ларға сурдо­ло­гиялық көмек, меди­ци­на­лық оңалту стандарттары бекітілген.

Дегенмен, дүниеге дертті болып келген сәбилер қатары азаймай отырған заманда оның мәселелері де табыла береді. 2023 жылы Президент тапсырмасымен ана мен бала денсаулығын қорғау қызметін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған «Әрбір әйел – әрбір бала» тұжырымдамасы әзірленіп, оның басты 3 бағыты анықталды, олар – жүкті әйелдерді бақылау сапасын жақсарту, неона­талдық, балалар өлім-жітімін төмендетуге бағытталған 7 нысаналы индикатордың әзірленуі. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министр­лігінің жанында бала­ларға медициналық көмек көрсе­туді ұйымдастыру жөніндегі Үйлестіру кеңесі жұмыс істейді.

Жыл сайын амбулаториялық деңгейде балалар 100 миллион­нан астам консультациялық-диагностикалық қызмет алады, 620 мыңнан астам бала республикалық бюджет есебінен дәрілік заттармен қамтамасыз етіледі.

Өңірлерде балаларға стацио­нарлық көмек көрсетуге арналған 8 мыңнан астам жаңа орындар ашылған. 15 облыстық, 10 қалалық балалар ауруханасы, 2 облыстық ана мен бала орталығы жұмыс істейді. Республикалық деңгей­­­дегі басты көмек Алматыдағы Пе­диатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында, UMC корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында, Ақсай университеттік клиникасында көрсетіледі. Орташа алғанда, жыл сайын 500 мыңнан астам бала тәулік бойы жұмыс істей­тін стацио­нарларда қажетті медициналық көмек алып, 100 мыңнан астам балаға шұғыл хирургиялық операциялар жасалып жатады.

Осы арада ерекше тоқтала кететін жайт, 2008 жылдан бастап елімізде салмағы 500 грамнан бас­талатын шараналарға ерекше күтім жасала бастаған. Заманауи тиімді перинаталдық технологияларды, ДДҰ ұсынған қауіпсіз ана болу қағидаттарын енгізудің, жаңа туған нәрестелерді реанимациялауды дамытудың арқасында 10 жыл ішінде оң нәтижелерге қол жеткізілді. Салмағы өте төмен сәбилердің қатарға қосылуы төрт есе өсті.

Жыл сайын жаңа туған 1500-ден астам нәресте хирур­гия­лық үстелге жатады. Бұл опера­ция­лардың 40% пайызы бейнеэндохирургия әдістерімен жасалады. Озық технологиялар мен мамандардың арқасында бүгінде дертті болып дүниеге келген сәбилердің 87 пайызына араша түсу мүмкіндігі туып отыр.

Интервенциялық кардиохирургия енгізілуі, яғни зақымы аз операциялар балалардың өмірін ұзартып, денсаулығын айтарлықтай жақсарта бастады. 2023 жылы ашық жүрекке 1885 операция, оның ішінде 3, 4-қиын­дық деңгейіндегі операцияларға қоса, 651 эндоваскулярлық операция жасалды. Шала туылған нәрестелердің ретинопатиясын емдеудің хирургиялық әдістері де өз нәтижесін беріп отыр.

Балалардың онкологиялық, гематологиялық қызметінде ілге­рі­леу бар, иммундық, мақсатты тера­пия әдістері, ағзаларды сақтайтын хирургиялық араласулар саны көптеп енгізіліп келеді. Соңғы он жылда 184 эндопротездеу операциясы жасалса, 2021 жылдан бері 54 селективті интраартериялық химиотерапия операциясы сәтті өткен.

Егер оқырман есінде болса, 2012 жылдан бастап елімізде ауыр онкологиялық, гематология­лық кеселді балаларды емдеуде гемопоэздік дің жасушаларын трансплантациялау басталған еді, бүгінге дейін барлығы 500-ге жуық сүйек кемігі ауыстырылды. Сол сияқты жыл сайын нейрохирургиялық дерттерге шалдыққан 3500-ден астам балаға операция жасалады. Ней­ромониторинг, нейронавигация жүйелерін қолдана отырып, ми мен жұлын ісіктерін жою сияқты күрделі операциялар жолға қойылған.

Сирек (орфандық) кездесе­тін аурулары бар балалардың өмірін ұзартуда қымбат пато­генетикалық ем-домды мемлекет тарапынан қамтамасыз етудің арқасында муковисцидозбен ауыратындардың өмірі 9,9 жылға, Гошемен ауыра­тындардың жасы 9,2 жылға, муко­полисахаридоз диагнозы қойылған науқастардың өмірі 11,2 жылға дейін ұзарғаны байқалады.

10 жылдық үзілістен кейін, 2017 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің базасында мемлекеттік тапсырыс шеңберінде педиатрларды даярлауға 150 грант бөлініп, педиатрия факультеті қайта ашылған еді, биыл 132 бала­лар дәрігері медицина қыз­мет­кер­лерінің қатарын толықтырды.

 

АЛМАТЫ