О баста сынаққа 54 үміткер қатысыпты. Олардың барлығы – денешынықтыру нормативтерін тапсырып, психологиялық, теориялық тестілеуден, сондай-ақ медициналық тексеруден өткендер. Әскери емтихан барысында арнайы жасақ қандай амалдар жасады? Алдымен марш жүгіріп, газтұмылдырық киді, залалды аумақпен 400 метр жүріп өтті, шартты нысанға жасырын жылжып барды, жаралылардың қанын қалай тоқтатудың әдістерін қолданды, сосын жарақаттанғандарды эвакуациялау бойынша ереже-талаптарды іске асырды. Қарсыласпен атыс жүргізіп жатқанда оқ-дәрілерді жеткізу, таулы, сулы жерлермен жүріп өту күрделі іс болды. Бұған қоса әскери қызметшілер атыс қаруын қолдануда шеберлігін көрсетіп, қоян-қолтық төбелесте күштілігін байқатты. Өз кезегінде ерекше көзге түскен жауынгерлерді Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы полковник Айдос Мырзахметов айрықша құттықтады.
– Бұл – Қазақстан Қарулы күштері тарихындағы алғашқы біліктілік сынағы. Сендер мықты ерік-жігерді, шыдамдылықты және төзімділікті көрсете отырып, осындай күрделі жолмен сыннан өттіңдер. Күрең қызыл берет кию құқығына лайық болу керек. Бүгін аса күрделі тапсырмаларды орындап, кез келген жағдайда әрекет ете отырып, алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге болатынын дәлелдедіңдер, – деді ол.
Жоспар бойынша енді мұндай сынақ жыл сайын өткізіледі. Сондай-ақ бұл аса күрделі міндеттерді орындау үшін Арнайы операциялар күштерінің кәсіби даярланған әскери қызметшілерінің резервін құруға мүмкіндік береді.