– Әдеттегідей таңертеңгісін газ жабдығын тексеру үшін Шымкент қаласындағы пәтерлерді аралап жүрген едім. Алдымнан шыққан пәтер иесі өзінің жалға берген үйіндегі газ жабдығын тексеріп беруді өтінді. Алайда тез арада есікті ешкім аша қоймады, қосымша кілтпен кірдік. Үйге енген сәтте сұлап жатқан адамдарды көрдім, олардың улы газбен – көміртегі тотығымен уланғанын бірден түсіндім. 19 жыл осы салада еңбек еткендіктен, мұндай оқиғаларды талай көргем, сондықтан жанымдағы үй иесіне сабыр қылуға, дереу жедел жәрдем шақыруға кеңес бердім. Есік-терезені ашып, газ бұрандаларын жаптым. Алдымен ең қатты уланған кішкене балаға алғашқы медициналық көмек көрсеттім. Жасанды дем беріп, тілін тарттым, өйткені оның денесі жартылай жансыз еді. Арада 7 минут өткенде дәрігерлер де келіп үлгерді. Ең бастысы, Алла сақтап, отбасын ажал тырнағынан аман алып қалдық, – дейді Е.Маңқараев.
Жедел жәрдем мамандары отбасы мүшелеріне шұғыл көмек көрсеткен соң, оларды ауруханаға алып кетті. Дәрігерлер уланған төрт адамды құтқару барысында қауіпсіздік шараларының барлығы дұрыс әрі шұғыл жасалғанының нәтижесінде оқиға өлім-жітімсіз аяқталды деп есептейді. Ермахан Алайдарұлы тұрмыста газ тұтынудағы қауіпсіздікке немқұрайдылық танытудың қаншама адам өмірін жалмап жатқанын тағы да қинала жеткізді. Ол мұны ерлік жасадым деп емес, өз жұмысын адалдықпен атқардым, адами әрі кәсіби парызым деп санайды.
Кейіпкеріміз іспетті елімізде ісіне адал, жауапты мамандар, әрине, аз емес. Пәтерін жалға берген үй иесі Бағдат та оқиғаны өз көзімен көріп, куә болған жайттан өмірлік сабақ алғанын, көгілдір отынға жауапкершілікпен қарамаған жағдайда оның тілсіз жау екенін айтып ақталды. Себебі үйіндегі газ жабдығы/су газ жылытқышы шкафқа орнатылғаны, яғни арнайы орынға қойылмағаны, қауіпсіздік шаралары сақталмағаны анықталды. Соның салдарынан ауа дұрыс тартпай, адам өліміне алып келе жаздады. Газ маманының айтуынша, 1 текше метр газ пайдаланылған кезде 10 текше метр ауа жұмсалуға тиіс. Ал бұл үйде ауа алмасу балансы мүлде бұзылған.
Елімізде жылыту кезеңінің басталуына байланысты халықты тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану қағидаларымен таныстыруға бағытталған іс-шаралар кешені тұрақты жүргізіледі. Десек те, улану мен жарылыстың едәуір бөлігі жылыту құрылғыларын пайдалану үдерісінде тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына немқұрайды қарауы – басты себеп. Тұрғындар кейде жылыту құралдарын өз бетінше қосады немесе тасымалдайды, сондай-ақ күмәнді, қолдан жасалған газ жабдықтарын пайдаланады. Мұның салдарын 2022 жылдан 2024 жылға дейінгі жылыту кезеңіндегі жазатайым оқиғаларды талдау нәтижелері де анық көрсетіп отыр. Мәселен, 2022-2024 жылдар аралығында тіркелген ауадағы газ қоспасының жарылыс оқиғасы 65 рет болған: 2022 жылы – 19, 2023 жылы – 21, 2024 жылы – 10. Осы кезеңдегі көміртегі тотығымен улану жағдайларының саны 232-ге тең: 2022 жылы– 34, 2023 жылы – 62, 2024 жылы – 28. Аталған кезеңде 634 адам зардап шеккен, соның 233-і өліммен аяқталды.
– Есте сақтар маңызды жайт: тұрмыстық газдың иісі де, түсі де жоқ. Сондықтан әрқашан газ жабдығын мамандарға тексертіп, уақтылы қауіпсіздік шараларын орындау қажет. Көгілдір отынның игілігін көрумен қатар, оның қауіпсіздігіне де аса абай болу өте маңызды. Ендеше, әр отбасының өмірі мен денсаулығы, қауіпсіздігі өз қолында, – дейді Е.Маңқараев.