– Нұрбол Орынбасарұлы, бұл бастаманы қашан қолға алдыңыздар? Әуелгіде қалай басталды?
– Осыдан жеті жыл бұрын «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» деген грант негізінде Португалияға тәжірибе алмасуға бардым. Сол елдегі жаңа Лиссабон университетіндегі тағылымдамада шетелдіктер күріш қалдықтарынан белсендірілген көмір алу, флавоноидтарды суда еритін күйге көшіру туралы бастамамызға қызығушылық танытты. Солармен бірлесе отырып, флавоноидтардың басқа да ауруларды тежейтін қасиетін анықтау үшін экспресс-тест жүргізіп көрдік. Нәтижесінде, альцгеймер және паркинсон ауруларына әкелетін амилоид фибрилдерінің түзілуін төмендететін қасиеті расталды. Осылайша, Еуропалық одақтың «Horizon» бағдарламасына ұсынған жобамыз үшінші мәрте дегенде сынақтан өтіп, облыс тарихында Еуроодақтың «Горизонт» инновациялық жобасын алғаш рет ұтып алдық. Қазір бұл бағытта бізден басқа Португалия, Нидерланд, Ұлыбритания, Дания, Ресей, Беларусь және Украина мемлекеттеріндегі әріптестеріміз де ізденіп жатыр.
Жалпы, биологиялық белсенді қосылыс саналатын флавоноид көптеген өсімдікте кездеседі. Сырдың бойында оған кәдімгі жантақ бай. Біз осы флавоноидтарды фуллерен деген наноматериалмен суда еритін күйге көшіріп, жаңа қосылысты синтездеп алып, Португалиядағы Лузофона, Ұлыбританиядағы Оксфорд университеттеріне, Нидерландтың Неуропласт ғылыми зерттеу орталығына биологиялық сынақтар жүргізуге жібердік. Португалиялық әріптестеріміз біз алған қосылыстың толық құрамы мен құрылысын зерттеп, дәлелдеп берді. Олар қосылыстардың амилоидты фибрилдердің түзілуін тежейтін қасиеттерін анықтады. Адам ағзасында пайда болатын амилоидты фибрилдер түзіле сала жойылып отырады. Кейбір кездері ағза оны өзі жоя алмай қалады да, деменция пайда болады. Оның себебі әлі табылған жоқ. Қазір ғалымдар осы амилоидты фибрилдердің түзілуін тежейтін қосылыстар алғанымен, олардың гематоэнцефалитті кедергіден өтуі оңай болмай тұр. Біздің мақсат – осыны жою. Ұлыбританиялық әріптестеріміз біз алған қосылыстардың гематоэнцефалитті тосқауылдан да өте алатынын дәлелдеді. Демек ол еш кедергісіз миға жетіп амилоидты фибрилдерді жоя алады деген сөз.
Біраз жұрт айтып жүргендей, біз дәріні әлі ойлап тапқан жоқпыз, тек еуропалық ғалымдармен бірге альцгеймер және паркинсонның алдын алуға әсер ететін негізгі затты әзірлеп жатырмыз. Өткен жылы алынған микротолқынды реактор арқылы осы күні қосылыстың көлемін көбейтуге күш салып отырмыз. Нәтижесі де жаман емес. Оның улылығы, жанама әсерлері әлі де зерттеулерді қажет етеді. Болашақтың еншісіндегі бұл шаруа енді нейробиологтер мен медицина мамандарына тікелей байланысты.
– Биыл Ғылым және жоғары білім министрлігінің бес жобасын ұтып алдыңыздар. Осы жобалардың бағыты мен маңызы туралы айтсаңыз?
– Жалпы, университет тарихында химия саласы бойынша бір жылда бес жоба алу деген – бұрын-соңды болмаған жетістік. Бұл бізде ғылымға көңіл бөлініп келе жатқанын көрсетеді. Жобаның төртеуі химиялық синтезге байланысты. Қазір қосылыс алуды бастап кеттік. Алда оны модификациялап, қатерлі ісікті емдеуге қолдануға лайықтаймыз. Мысалы, қазір осы дертті емдеудегі химиялық терапия кезінде науқастың шашы түсіп, ағзасы қатты әлсірейді. Біздің мақсат – осындай кері әсерлерін азайту. Мысалы, қатерлі ісік клеткаларының көмірсуды көп қажет ететіні ғылымда дәлелденген. Біз жасушаның барлық тіршілік әрекетіне жарап, энергия көзі саналатын осы көмірсуға химиялық модификация арқылы өз қосылыстарымызды байланыстырып жіберіп, ағзаны «алдаймыз». Осылайша, ол ағзадағы басқа жасушаларға «бұрылмай», қатерлі ісік дамып жатқан тұсқа тікелей барып, оны тоқтатады. Төрт жобаның біреуінің шеңберінде күріш қауызынан биологиялық белсенді қоспалары көп май алу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Соны алып, реакция арқылы биологиялық белсенділігін көтеруді көздеп отырмыз.
Тағы бір жобамыз мұнай қалдықтарымен ластаған топырақты қалпына келтіруге арналады. Жалпы, ластанған топырақты химиялық тазалау – бұрыннан бар әдіс. Бірақ оның тиімсіз тұсы – қоршаған ортаға кері әсер ететіндігі. Сондықтан біз жобада биохимияға сүйеніп, микробиологтермен бірлесе отырып, топырақты мұнаймен қоректенетін бактериялар арқылы тазалауды ұсынып отырмыз. Осы арқылы 2 айда топырақты 10 пайызға дейін тазартуға болады.
– Осыдан біраз бұрын күріш қауызынан белсендірілген көмір алуды бастап едіңіздер. Жобаның нәтижесі қалай болды?
– Жалпы, күріш қалдығынан белсендірілген көмір алу бұрыннан бар. Бірақ оларға қосылатын байланыстырғыштар құны қымбат. Сондықтан біз арзан жолын іздеп, мұнай қалдықтарына көштік. Бұрынғы тәжірибелерде алынған белсендірілген көмір қасиеті жағынан ағаш көмірінен әлсіз болса, мұнай қалдықтарымен араласқан біздің өнім сапасы бәрінен жоғары болды. Бірақ құрамында мұнай қалдықтары болғандықтан, біз оны медицинада қолдана алмаймыз. Одан басқа да бағыттар арасынан біз қалдық суды тазарту жағын таңдап алдық. Өткен жылы университеттегі су мамандары, агрономдар, географтар, энергетиктер мен химиктер бірлесе отырып нысаналық қаржыландыру шеңберінде Тасбөгеттегі кәріз суларын биологиялық тазарту стансасында суды белсендірілген көмірмен тазалау жобасын дайындадық. Осылайша, станса маңында мал азықтық дақылдар мен тал-дарақ егілді.
Егіс даласындағы қашыртқы суды да осы әдіс арқылы тазартуға әбден болады. Оған да зерттеу жасап көргенімізде күрішке жұмсалған суды тазартып, оны алқапқа пайдалануға немесе басқа да дақылдарды суаруға болатынына көз жеткіздік. Тіпті тазарған суды дария арнасына қайта құюға да болады. Бірақ бұл – көп қаржыны қажет ететін шаруа.
Кез келген ізденіс іргелі зерттеуден басталады. Мысалы, біздің күріш қауызынан белсендірілген көмір алу бағытындағы бастамамыз іргелі зерттеу болды. Ал биологиялық тазалау стансасындағы қалдық суды тазартып, оны кәдеге жаратудағы жұмыстар – қолданбалы зерттеу жемісі. Осы істің ауқымын кеңейтіп, таза суды арықтарға жіберіп, қаланы көгалдандыруға жұмсай алсақ жоба коммерцияландырған болып саналады. Осыдан 12-13 жыл бұрын мұнай қалдықтарынан қайтадан мұнай алу жобасын бастаған едік. Кәсіпкерлермен бастаған іргелі зерттеуіміз бойынша қалдықтан екінші мәрте өнім алу жобасы өндіріске енді. Бірақ бұл жердегі басты мәселе өнімнің өзіндік құнына тікелей байланысты.
– Әңгімеңізге рахмет. Бастама баянды болсын!
Әңгімелескен –
Мұрат ЖЕТПІСБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»