Сіз не дейс1з?
“Судың да сұрауы бар”. Айтса айтқандай, көктемгі егістің қарбалас шағында Сырдария өзені арқылы Сыр аймағына келетін су қоры сырбойылықтарды селт еткізбей қоймады. Кейбір жылдары өзен арнасын топан су қаптап, халықты әбігерге түсірсе, ал қайсыбір жылдары диқандар су тапшылығынан зардап шегіп, егіс көлемі күрт төмендеп те кетеді. Жасыратыны жоқ, Көксарай су қоймасының салынуы сырбойылықтарды молшылық кепілі – мол суға кенелтіп-ақ тастады. Айтқандай, мол суды теңізге дейін жеткізу жұмыстары өз жалғасын тауып жатыр ма? Үстіміздегі жылы Сыр аймағында су қоры жеткілікті бола ма?
“Егемен Қазақстан” газетінің Қызылорда облысындағы тілшісі Еркін Әбіл Арал-Сырдария бассейндік инспекция бастығы Әділхан Қарлыхановқа:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Сырдария өзені бассейніндегі биылғы судың қоры жеткілікті дәрежеде болды. Қырғыз ағайындардың Тоқтағұл су қоймасында су мөлшері өткен жылғыдан екі еседей көп жиналды. Мұнан өзге Әндіжан, Қайраққұм, Шарбақ су қоймалары да су көлемін салыстырмалы түрде алғанда бұрынғыдан едәуір мол жинай алды. Сыйымдылығы 5 млрд. текше метрден асатын Шардара су қоймасы жылдағыдан ерте кемеріне келді. Осы шақта биыл іске қосылған Көксарай су реттегіші әу баста жобаланғандай 1 млрд. текше метрге жуық су қабылдап, Шардараның еркін тыныстауына мүмкіндік жасады. Соның нәтижесінде, Сырдарияны бойлай орналасқан елді мекендер де жылда болатын тасқын су қаупінен арылды. Бүгінде Көксарайға жинап алынған 913 млн. текше метр су Аралға қайта жіберіліп, су реттегіштің құрылысы қайта жүретіндігіне байланысты онда 93 млн. текше метр ғана су қоры сақталуда. Шардарадағы су көлемі 5 млрд. текше метрден асып жығылады. Одан төмен қарай секундына 1400 текше метр су босатылса, оның 25 текше метрі Қызылқұм каналына жіберілуде. Ал, Қызылорда су торабына келіп жатқан судың мөлшері секундына 564 текше метрді құрайды. Әйтек су торабынан 383 текше метр су өтсе, Қараөзек көлдер жүйесіне секундына 140 текше метр су босатылып, оның 70-80 текше метрі айналып барып дарияға қайта құйылуда. Қазалы су торабынан бұл күндері 230 текше метр су өтуде, бұл – өткен жылғы осы мерзімнен 144 текше метрге артық.
Қазірде мол суды теңізге дейін жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қызылорда облысы.