Қаржы • 05 Қараша, 2024

Зейнетақы жинағы – стратегиялық қор

126 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Еліміз 30 жылдан сәл асатын тәуелсіз тарихында жас ұрпақтың ғана емес, қарттардың да болашағын ойлап, зей­нетақымен қамсыздандыру жүйесінде реформалы батыл шешімдер қабылдап келеді. Соның бір айғағы – бұрынғы ТМД мемлекеттері арасында алғаш рет жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшіп, стратегиялық қадамдарға баруы.

Зейнетақы жинағы – стратегиялық қор

26 жыл – жарты жолдан сәл асатын белес

Еліміз 1998 жылдан бастап жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшті. Себебі, тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында елімізде зейнетақымен қамсыздандыру ең өзекті мәселеге айналды. Сол тұстағы ортақ зейнетақы жүйесінде зейнетақы зейнеткерлерге жұмыс істеуші азаматтардың салықтары есебінен төленіп отырды. Мұндай жүйе мемлекеттің меншікті қара­жаты жеткілікті болған кезде, яғни шамамен бес жұмыс істеуші азаматқа бір зейнеткерден келген жағдайда ғана өте табысты болатын. Ал 1998 жылға қарай бұл көрсеткіш 3 жұмыскерге дейін қысқарып, мемлекет бюджетіне аса ауыр салмақ түсірді. Сондықтан ел үкіметінің ортақ жүйеден жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшу туралы шешімді қабылдағаны дұрыс әрі батыл қадам екенін арада өткен 26 жылдық белес айна-қатесіз айқындады.

Зейнетке шыққанда лайықты төлемдер алу үшін жинақтаушы зейнетақы жүйесі бір ұрпақтың толық еңбек ету кезеңіне тең уақыт жұмыс істеп тұруы керек. Бұл – 40 жыл уақытты алатын, яғни 2038 жылы аяқталып, өз мәресіне жететін кезең. Ал әзірге біздің жинақтаушы жүйеге биыл 26 жыл толды. Яғни жарты жолдан сәл асатын кезеңді енді ғана жүріп өттік деген сөз.

Қазір елімізде мемлекеттік және жинақ­таушы құрамдауыштарды қамтитын көп деңгейлі (аралас) зейнетақы жүйесі жұмыс істейді. Көп деңгейлі зейнетақы жүйесі төмендегідей негізде құрылған:

* Бірінші деңгей – барлық отандық зейнеткерлерге арналған базалық зейнетақыны, 1998 жылға дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар адамдарға ортақ зейнетақыны қамтиды.

* Екінші деңгей – жұмыскерлердің мін­детті 10% жарналарын (МЗЖ), жұ­мыс берушілердің есебінен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын (МКЗЖ) – зиянды, қауіпті өндірістерде жұмыс істейтін жұмыскерлер табысының 5% мөлшерін қамтиды. 2024 жылдан бастап жинақтаушы жүйе жұмыс берушінің мін­дет­ті зейнетақы жарналарымен (ЖМЗЖ) толық­­тырылды, олар тек 1975 жылы, одан кейін туған қыз­меткерлерге арна­лып жүзеге асырылады. Бұл шара ортақ зейнет­ақыны пай­да­лануға мүмкіндігі жоқ қыз­мет­кер­лер­дің көрсетілген санатын зейнет­ақы­ның неғұрлым жоғары деңгейімен қамтамасыз ететін болады.

* Үшінші деңгей – жеке және корпора­тив­тік ерікті зейнетақы жарналарынан тұра­ды.

Нәтижесінде, зейнетақы төлемдері екі көзден: мемлекеттік бюджеттен базалық және ортақ зейнетақы түрінде, БЖЗҚ-дан жарналар мен есептелген инвестициялық кіріс есебінен жүргізіледі.

Еліміздің зейнетақы жүйесі – әділ, тұрақты, жаһандық трендтерге сүйене отырып, заманауи жағдайларды ескеріп, үнемі жаңар­тылып отырады. Зейнетақы шотын­дағы жинақтар салымшының меншігі болып табылады және мұраға қалды­ры­лады. Қазақстан – зейнетақы жинақ­тары­ның инфляция деңгейін ескере отырып, сақталуына мемлекеттік деңгейде кепілдік беретін әлемдегі жалғыз ел.

 

Қарт адамдар саны көбейіп келеді

Қазір әлемде демографиялық ерекше ахуал қалыптасып отыр, яғни өмір сүру ұзақтығы мен қарт адамдар санының өсімі байқалады. Бұл құбылыс біздің елге де тән. Сандық деректерге сүйенсек, 2021 жылы еліміздегі өмір сүру ұзақтығы 70,23 жас болса, 2023 жылы 75,09 жасқа дейін өскен. БҰҰ-ның болжамы бойынша 2050 жылға қарай өмір сүру ұзақтығының артуына байланысты әлемдегі мемлекеттер демографиясында қарт адамдардың үлесі басым болады екен. 60 және одан жоғары жастағы адамдардың үлесі елімізде 2008 жылы 9,7% болса, 2023 жылы 13,6%-ды көрсеткен. 2050 жылға қарай 16,7%-ға жетеді деп болжанып отыр, яғни 25 жылдан кейін орта есеппен әрбір алтыншы ел азаматы 60 жастан аса өмір сүреді. «БЖЗҚ» АҚ да өз жұмысында осы болжамдарды басшылыққа алады.

Ал бұған кері құбылыс – бала туу көр­сеткіші едәуір төмендеген. БҰҰ есеп­теулері бойынша елімізде 2023 жылы туудың жалпы коэффициенті бір әйелге шаққанда 3,05 баладан 2,96 балаға дейін төмендеген. Халықаралық ұйымның болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,42 балаға дейін төмендейді. Бала туу көрсеткішінің төмендеуі де жаһандық үрдіс. Мамандар мұндай құбылыс еңбекке қабілетті 1 адамға шаққандағы демографиялық жүктемені арттыра түседі деп тұжырымдайды.

Ұлттық статистика бюросының дерек­те­ріне сәйкес, 2024 жылдың 1 шілде­сінде ел халқының саны 20 млн 160 мың адамға жеткен. Оның ішінде 25 жасқа дейінгілері – 8,5 млн (42,6%), 25 жастан 65 жасқа дейінгілер – 9,7 млн (48,5%), 65 жастан асқандар – 1,8 млн адам (8,9%). Жалпы еліміздегі халық саны 2050 жылдың соңына қарай 26,3 млн адамға жетеді деп болжанып отыр.

Біз мұның барлығына неге тоқталып отырмыз? Қазіргі демографиялық сын-қатерлер қоғамға зейнетақымен қамсыз­дан­дыруға байланысты маңызды міндет қойып отыр. Бұл міндетті демографиялық, экономикалық қиындықтарға неғұрлым тегеурінді, төзімді бола алатын жинақтаушы зейнетақы жүйесі шешеді.

 

Зейнетақы жүйесіндегі жаңашылдық

Түрлі қиындықтарға қарамастан еліміз­дің зейнетақы жүйесі қаржылық тұрақ­ты­лық пен активтердің өсуін сақтап келеді. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтары 21,4 трлн тең­гені құрады. Жыл басынан бері БЖЗҚ сал­ым­шыларының шоттарына 2,1 трлн тең­геден астам таза инвестициялық кіріс түсті, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 52,3%-ға артық.

Жалпы, соңғы екі жыл зейнетақы жүйесі үшін жаңалықтарға толы болды. 2023 жылдың 1 шілдесінде күшіне енген Әлеуметтік кодекстің ережелеріне сәйкес, міндетті зейнетақы жарналарын барлық санаттағы еңбеккерлер төлеуге міндеттелді. Жеке кәсіпшілік жасап жүргендер де, халық­аралық ұйымдар мен шетелдік дип­лома­тиялық, консулдық мекемелерде жұ­мыс істейтіндер де зейнетақы жарнасын төлей бастады. Зейнетке еңбек сіңірген жылдары бойынша шыққан адамдарға міндетті жарналар есебінен қалыптастырылған жинағының барлығын тұрғын үй жағдайын жақ­сартуға немесе емделуге жұмсауға мүм­кіндік берілді. Жерлеуге берілетін бір реттік төлемнің сомасы көбейтілді. Аза­мат­тардың қажеттіліктерін ескере оты­рып, БЖЗҚ-ның цифрлық зейнетақы қызметтерінің дең­гейі 92%-дан асты. Мұны еліміздің барлық өңірінде миллиондаған азаматтар күнделікті пайдаланады.

Биыл да жаңалықтар аз болған жоқ. 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында еліміздің әр баласының нысаналы жинақтау шотына 100 АҚШ доллары 52 центі мөлшерінде ақша түсіп, оны биыл кәмелетке толған азаматтар тұрғын үй немесе білім алу ақысын төлеу мақсатына пайдалануға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ жыл басынан бері жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) төлене бастады. ЖМЗЖ мөлшері қызметкердің айлық табысының көлеміне байланысты, оны жұмыс беруші өз есебінен аударады. Осы ретте жарна біртіндеп ұлғайтылады. Биыл 1,5% мөлшерден басталған сома 2028 жылы қызметкердің табысының 5%-ы мөлшеріне жеткізілмек. Бұл шара 1975 жылдан кейін туған, зейнетақы мөлшері зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болатын отандастарымызды қолдауға бағытталған. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмысшыларға арналған зейнеткерлікке дейінгі төлемдер енгізілді. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) кемінде 84 ай аударылған қызметкерлерге 55 жасқа толғаннан бастап қолжетімді болады.

Зейнетақы активтерін инвестициялау­мен Ұлттық Банк айналысады. Ал 2021 жылдан бастап мұндай құзы­рет Инвес­ти­ция­лық портфельді басқару­шы­ларға (ИПБ) да берілді. Біздің жинағы­мыз­ды сақтау ғана емес, сонымен қатар көбейту де олардың тікелей міндеті.

Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен қатар салымшылардың инвестициялық кіріс алу мүмкіндіктері де кеңейді. Енді МЗЖ мен МКЗЖ есебінен 50% мөлшерге дейін, ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) 100%-ға дейін пайдалану мүмкіндігі туды. Мемлекет МЗЖ мен МКЗЖ есебінен түзіл­ген зейнетақы жинақтарының Ұлт­тық Банктің басқаруындағы бөлігінің сақ­талуына инфляция деңгейін ескере отырып, кепілдік береді. Ал МЗЖ мен МКЗЖ жинақтарының Инвестициялық портфельді басқаруына берілген бөлігінің сақталуына салымшы таңдаған ИПБ жауапты.

Бұл ретте БЖЗҚ зейнетақы жинақ­та­рының, оның ішінде инвестициялық кіріс­тің де есебін жүргізуді жалғастыра береді. Салымшылар ұялы қосымшадағы жеке кабинетте ИПБ-ның өздері үшін қанша ақша тапқаны туралы ақпаратты көре алады. Ал мамандар инвестициялық қыз­меттің нәтижелерін ұзақ мерзімді, кем дегенде бір жыл кезең ішінде бағалауға кеңес береді.

Жалпы, 2021 жылдың 15 наурызынан 2024 жылдың 1 қазанына дейінгі аралықта 41 936 өтініш бойынша 57,5 млрд теңге сенімгерлік басқаруға аударылған екен.

 

Түйін

Бүгінде еліміздің жинақтаушы зейнет­ақы қорында 12,2 млн-нан астам жеке жинақтаушы зейнетақы шоты бар. Ең бас­тысы, қазірдің өзінде шамамен 500 мың отандық зейнеткер зейнетақысын Қордан алып отыр. Әрине, зейнетақы көлемі әр­түр­лі деңгейде. Демек, ресми түрде жұ­мыс істеп, зейнетақы жарналарыңызды Қордағы жеке зейнетақы шотыңызға тұрақ­ты түрде аударып, оны үнемі қадаға­лап отырудың қаншалықты маңызды екендігі айтпаса да түсінікті.

Салымшылар мен алушылардың Қор­дағы зейнетақы жинақтары тек қана жар­на­лардан тұрмайды. Оларға күн сайын инвестициялық кіріс есептеліп оты­­рады. Оның мөлшері салымшының шотын­дағы қаражаттың, ай сайын түсетін жар­на­лардың көлеміне, олардың түсу жиілі­гіне, жинақтарды инвестициялау кезеңіне, сондай-ақ сатып алынған бағалы қа­ғаздардың нарықтық бағасы мен валюта баға­мының өзгеруіне тікелей тәуелді. Бүгінде Қордағы зейнетақы жинақтарының 70 пайызы салымшылардың жарналарынан, 30 пайызы төлемдерді ескере отырып жинақталған инвестициялық кірістен тұрады.

Болашақ зейнетақының мөлшері са­лым­шылардың жарналарды Қорға қандай мөлшерде, қаншалықты тұрақты аудар­ғанына байланысты. Қазір жинап жатқан ақшамыз инвестициялық саясаттың арқасында өсіп жатыр. Басқаша айтсақ, саусақтың ұшын қимылдатпай табыс тауып жатырмыз. Ол біздің, яғни салымшылардың білдірген сеніміне берілген дивиденд. Сондықтан қазыналы қарттыққа қамдаған қаржыңызды шамаңыз келгенше сақтап, Қордағы жинағыңызға тиіспегеніңіз абзал.

 

Нұрлан СӘРСЕНҒАЛИҰЛЫ