Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, елімізде 732,1 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Оның ішінде 381,3 мыңы еңбекке қабілетті жаста. Әлеуметтік кодекске сәйкес жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмысшылардың жалпы санының 2-4 %-на дейін (жалдамалы жұмыскерлердің жалпы саны кемінде 50 адам болған кезде) көлемде жұмыс орындарына квота бөледі. Биылғы тоғыз айда бөлінген квота нәтижесінде мүгедектігі бар 5,4 мың адам жұмысқа орналастырылды.
Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар адамдар жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің шараларына да белсенді қатысып келеді. Биылғы 1 қазандағы көрсеткіш бойынша тұрақты жұмысқа 5,9 мың адам орналасса, жастар практикасына – 505, әлеуметтік жұмыс орындарына – 654, қоғамдық жұмыстарға – 5,9 мың, «Күміс жас» жобасымен – 828, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен – 183 адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасымен 6 адам жұмыспен қамтылды.
Мүгедектігі бар азаматтардың арасында қысқамерзімді кәсіптік оқытуға – 272, «Бастау бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеру курсына 5 мың адам жазылған. Халықтың әлеуметтік осал топтарына енетін азаматтарға өз кәсібін ашып, шаруасын жүргізуге 400 АЕК-ке дейінгі (1,4 млн теңге) мөлшерінде мемлекеттік гранттар беріледі. Бүгінде осы игілікті қолдауды мүгедектігі бар 1 470 адам көріп, кәсібін дөңгелетіп отыр.
Елімізде 2018 жылдан бастап халықаралық тәжірибе негізінде мүгедектігі бар адамдарға арнайы жұмыс орнын жарақтандыру қолға алынды. Нәтижесінде, жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау іске асырылып, биыл осындай арнайы 71 жұмыс орны құрылды.