Министрлер мәдени қарым-қатынастардағы елеулі ілгерілеуді атап өтіп, екі ел президенттерінің өзара сапарларының бірлескен бастамаларға жаңа серпін беретінін айтты.
Кездесу барысында тараптар музейлер және мәдени мұра саласындағы ынтымақтастық ниеті туралы декларациясын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Гиме музейі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумды қоса алғанда, бірқатар келісімге қол қойды.
«Қазақтың тарихи және мәдени мұрасын жаһандық гуманитарлық кеңістікке насихаттау және интеграциялау – мемлекеттің мәдени саясатындағы басымдықтардың бірі», деді А.Балаева.
Сондай-ақ ғылыми зерттеу саласындағы ынтымақтастықты күшейту, «Courants du Monde» бағдарламасы аясында қазақстандық мамандарға арналған тағылымдамалар ұйымдастыру ұсынылды.
«Президент Тоқаевтың Францияға бұл мемлекеттік сапары мәдениетке қатысты көптеген мәселені қамтитынына қуаныштымын. Біз бірнеше меморандумға қол қойдық. Бұл арадағы тығыз ынтымақтастықты көрсетеді. Сонымен қатар Гиме музейінде Қазақстанның ұлттық көрмесінің ұйымдастырылуы – қарым-қатынастарымыздың нақтылығы мен тиімділігінің дәлелі», деді Р.Дати.
Өз кезегінде А.Балаева жасалған келісімдер мәдени байланыстардың одан әрі тереңдей түсуіне ықпал етіп, Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынастарды нығайтатын жаңа бірлескен жобаларға негіз болатынына сенім білдірді.
«Біз киноөндіріс саласы, қазіргі заманғы қазақ әдебиетін Францияда және француз әдебиетін бізде таныстыру, концерттік ұйымдардың өзара іс-қимылы және балалар контентіне қатысты бірлескен мәдени іс-шаралар өткізу мүмкіндіктерін қарастыруымызға болады», деді министр.
Бұған қоса кездесуде музей сараптамасы бойынша тәжірибе алмасу, тарихи мұраны сақтау және музей ісіне жаңа технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Екі елдің министрлері креативті индустрия, оның ішінде сән саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. А.Балаева ұлттық сән өнеріне және оның әлемдік деңгейдегі көрсетіліміне назар аударуды ұсынды.