Әлем • Бүгін, 09:40

АҚШ сайлауының шарықтау шегі

31 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгін АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Америкалықтар президенттен бөлек, Өкілдер палатасының барлық құрамына, Сенат­тың үштен біріне дауыс береді. Сайлауалды жарыста кім көш бастап тұр? Өкілдер палатасы мен Сенатта қай партия үстемдік орнатады? Сайлау нәтижелері қашан жарияланады?

АҚШ сайлауының шарықтау шегі

Мұхиттың арғы жағындағы алпауыт елдегі сайлау нәтижесін біз Солтүстік Американың шығыс уақыты бойынша сағат 18.00-де (Орталық Еуропа бо­йынша сәрсенбі түн ортасы) білеміз. Ал сайлау түні «The Associated Press» президент, губернаторлар және конгресстен бастап жергілікті сайлауға дейінгі барлық тізім бойынша нәти­жені жариялайды. Әдетте, сайлауда кім жеңіске жеткені дауыс беру түнінде жарияланады, алайда 2020 жылы өткен саяси науқанды алып қарасақ, барлық бюллетеньді санауға бірнеше күн қажет болған.

«Euronews» АҚШ-тың Мерзімі­нен бұрын дауыс беру қызметінің мәліметіне сүйене отырып, қазіргі уақытта 65 миллионнан аса америка­лық дауыс бергенін хабарлады. Алай­да әртүрлі штаттардағы дауыстарды өңдеу ережелеріндегі айырмашылыққа байланысты АҚШ президенті болып Дональд Трамп немесе Камала Харрис сайланғанын анықтауға бірнеше күн қажет болуы мүмкін.

Дауыс беру қарсаңындағы аптаның демалыс күндері Камала Харрис пен Дональд Трамп «ауытқымалы» штаттарда митинг өткізді. АҚШ баспасөз құралдарының хабарлауынша, демократ Камала Харрис пен республикашыл Дональд Трамп осы штаттардағы сайлаушыларды «өз жағына» шығаруға тырысып баққан. Екі үміткер де экономика және басқа мәселелер қамтылған бағдарламаларын қайта ұсынған.

Солтүстік Каролинаның Гастония қаласында өткен митингте Дональд Трамп тұрғындарға «америкалық арманды» қайтаруға уәде берді. Сондай-ақ ол қала маңындағы америкалықтар үнемі түрлі шабуылдарға ұшырайты­нын айтып, егер өзі мемлекет басшысы болып сайланған жағдайда миллиондаған иммигрантты депор­тациялауға уәде берді. «Ал егер К.Харрис жеңіске жетсе, Америкадағы әрбір қала босқындардың кедей, қауіпті лагеріне айналады», деп мәлімдеді. Бұдан соң Трамп Вирджинияға келді, бұл жерде де дәл осындай мәлімдеме жасап, АҚШ ел тарихындағы ең үлкен саяси жеңістің алдында тұрғанын айтты. «Біз халықтық дауыс беруде жеңіске жетеміз», деді Трамп жиналғандарға.

Ал Камала Харрис елді «көшбасшы­лардың жаңа буынын» қалыптастыруға үгіттеп, өзіне дауыс беруге шақырды. «Мен бұл көшбасшылық жолды Америка Құрама Штаттарының келесі президенті ретінде ұсынып, оны қалыптастыруға дайынмын», деді ол «Atlanta Civic Center»-дегі митингте. Харрис жақтастарына Трамп Ақүйге оралған жағдайда билікті асыра пайдаланатынын ескертті. «Бұл бар­ған сайын тұрақсыз, кек алуға құмар, шағымдарға бой алдыратын және бақылаусыз билікке ұмтылатын адам», деп атап өтті Харрис қарсыласын сөз етіп. Сондай-ақ ол қолжетімді баспана мен денсаулық сақтауды қамтамасыз етуге және әйелдердің репродуктивті құқықтарын қорғауға уәде берді.

Жалпы, америкалықтардың осы сайлауға ынтасы мерзімінен бұрын дауыс беруге келгендердің талпынысынан көрінеді дейді сарапшылар. Мәселен, Флорида университетінің сайлау зертханасының мәліметі бо­йынша, осы көрсеткіш 70 миллионнан асады. Бұл – 2016 және 2012 жылдары мерзімінен бұрын берілген бюл­летеньдердің санынан әлдеқайда көп.

Харристің сайлауалды науқанының маңызды сәттерінің бірі жексенбі­де CBS және FOX-та Ұлттық футбол лигасының матчтары кезінде, соның ішінде «Green Bay Packers»-тің Детройт Арыстандарына қарсы ойыны кезінде көрсетілген екі минуттық бейнеролигі болды. Онда Харристің сайлау науқаны кезінде адамдармен қалай сөйлес­­кені, көрермендерге тікелей мәлімдеме жаса­­ғаны көрсетілген. «Мен сіздерден маған дауыс беруді сұраймын, өйткені президент ретінде мен Америка хал­қы үшін күресемін», дейді ол бейнеролик соңында. Сонымен қатар президент Джо Байден Пенсильвания штатының Скрантон қаласындағы ағаш ұсталары кәсіподағындағы іс-шарада Камала Харрис пен оның вице-президенттікке кандидаты Тим Уолцқа дауыс беруге шақырды.

«FiveThirtyEight»-тің сайлау алдын­дағы сауалнамалар нәтижесі көрсет­кендей, екі кандидаттың арасында минималды алшақтық бар. Харрис 48 па­йыз, ал Трамп 47 пайыздан сәл төмен дауыс жинаған. Сайлау науқанының соң­ғы күндерінде «ауытқымалы» штат­тарға басты назар аударылып отыр. Бұлар – Аризона, Джорджия, Мичи­­ган, Невада, Солтүстік Каролина, Пен­­силь­вания және Висконсин штаттары.

Сондай-ақ Айова штатында жүргі­зілген сауалнамада Камала Харрис көш бастап тұр. Сенбі күні кешке жарияланған «Des Moines Register» сауалнамасы Харристің штат көшбасшысынан 3 пайызға озып кеткенін көрсетті. Бұл Трамптың президенттікке жету жолын едәуір қиындатады. Өйткені ол Харрис пен демократтардан мүмкіндігінше көп штаттарды тартып алуға тырыс­ты. Сауалнаманы Айова штатында ор­на­ласқан Энн Сельцердің сауалнама фирмасы жүргізген. Бұл мекеме негізі штаттағы сауалнамалардың дәл нәтижесін шығаратыны үшін жоғары бағаланған. Сельцер Айовада сайлау алдында өткізген соңғы сауал­намаға сәйкес, Харрис түсік жасату мәселесіне ерекше алаңдаған кандидат ретінде Трамптан озып кеткен. Сельцер сауалнамасының нәтиже­лері жарияланған кезде олар бір­ден америкалық саяси бұқаралық ақ­парат құралдарының назарын аудар­ды. Осыдан соң Трамптың сайлауалды компаниясы тез арада пресс-релиз шығарып, оны басқа сауалнамаға қарсы қойды. Жалпы, «Euronews» сарап­шыларының пікірінше, Харрис те, Трамп та жеті негізгі «ауытқымалы» штаттардың ешқайсысында да белгілі бір артықшылыққа ие емес.

АҚШ сайлауға дайындалып жат­қанда, көптеген сарапшы Трамптың жеңісі әлемдік экономикаға қалай әсер ететінін болжады. Бір жағынан Еуропа, Азияға Харрис қандай пайда әкеледі деген сауалдың жауабын табуға тырысты. «Менің президенттігім Джо Байден президенттігінің жалғасы болмайды», деген еді кандидат Камала Харрис өткен айда «Fox News»-ке берген сұхбатында. Ішкі саясатқа қатысты бұл мәлімдемесі рас болуы мүмкін дейді сарапшылар. Алайда Харристің сайлаудағы жеңісі ерекше жаһандық дүрбелең тудырмауы мүмкін. Оның ішінде Еуропаға, Азияға көп өзгеріс әкеле қоюы екіталай екенін алға тартады «Euronews» сарапшылары.

Қазір АҚШ пен Қазақстан арасында білім алмасу, мәдени байланыс жақсы жолға қойылған. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің былтыр Қазақстанға жасаған сапары екі  ел арасындағы байланыстың нығайып келе жатқанын білдіреді. АҚШ-тың 47-президенті кім болса да екі ел ара­сындағы байланыс осы қарқынмен дами береді.