Алдағы бейсенбіде Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарайды. Бұл заңға депутаттар бастамашы болды. Аталған құжат сотта қорғалу құқығын іске асырудың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге және сот төрелігін іске асыру сапасын, судьялар корпусының кәсібилігін және олардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған тиісті заңнамалық тетіктерді әзірлеу арқылы сот жүйесін одан әрі жетілдіруді көздейді.
Сондай-ақ биылғы маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң дербес кассациялық соттар құруды және олардың сот актілерін қарау жөніндегі өкілеттіктерін қарастырады. Осыған байланысты заң арқылы Қылмыстық-процестік кодекске, Азаматтық процестік кодекске, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске, сондай-ақ басқа да бірқатар заңға түзету енгізіледі.
Палатаның іс-шаралар жоспарына сәйкес сенаторлар осы аптада кездесулер өткізеді. Олардың қатарында Ақмола облысында өтетін құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қызылорда облысында ұйымдастырылатын аэроғарыш саласын дамытуға қатысты мәселелерге арналған көшпелі отырыстар бар.
Сонымен қатар Сенат комитеттерінің «Прокуратура туралы» Конституциялық заңды іске асыру жөніндегі отырыстары, «Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ұлт өркендеуінің негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдауға дайындық аясында Ақмола облысының Аршалы ауданына сапар және Қазақстандағы агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеу мәселелері бойынша мемлекеттік органдар басшылығымен кездесу жоспарланған.
Бұған қоса бюрода Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін тұрақты комитеттерге бөлініп берілді.