Сондай шаралардың бірі, ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментіне қарасты Қарасай ауданы шекара басқармасының Ақжардағы техникалық және кәсіби-даярлық бөлімінде өтті. Жас жауынгер сынын сәтті еңсерген 500-ден аса жас сарбазды департамент бастығы полковник Ә.Каюпов, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы отставкадағы генерал-лейтенант Б.Сәрсеков, Қазақстан Республикасы Мас-Рестлинг (таяқ тарту) федерациясының вице-президенті Т.Қаналиев, запастағы полковник Д.Мамырханов бастаған шекарашы ардагерлер құттықтады.
ҰҚК Шекара қызметінің әлеуметтік желідегі ресми сайты арқылы республика жұртшылығы тікелей эфирден тамашалаған рәсімнің жоғары деңгейде өткенін, ата-аналардың қуанышты жүздерінен байқауға болады. Солардың бірі, 75 жастағы Б.Дүйсеғалиева тұңғыш немересінің маңызды қадамына ортақтасу үшін Батыс Қазақстан өңірінен келіпті.
«Бүгін ерекше күн, жас сарбаздар ант қабылдап жатыр. Тәуелсіз елдің шекарасын қорғайтын да осы жастар. Аға буын атынан айтарым, ата-бабаларымыздан аманат болып қалған ұлан-ғайыр жеріміздің әрбір сүйемін көздің қарашығындай қорғау, халқымыздың кейінгі ұрпаққа артқан сенімдерін ақтау осы ұландардың қолында», дейді өзінің саналы ғұмырын еліміздің қауіпсіздігіне арнаған «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бексұлтан Сәрсекұлы.
Айту керек, бүгін «Срочник 2.0» бағдарламасына қатысқан «Күз-2023» шақырылымының екі сарбазы, қатардағы жауынгерлер А.Артықжанов пен Е.Тілеубекке департамент бастығы полковник Әлібек Каюпов сертификат тапсырды. Бұл сертификаттар қос шекарашының еліміздегі өздері таңдаған жоғары оқу орындарында білім алуға берілген жолдама. Сондай-ақ, бүгінгі шара кезіндегі тағы бір айшықты оқиға, жақында оқу орталығында өткен «Таяқ тарту» сайысының жеңімпазы атанған бірнеше сарбазды ҚР Мас-Рестлинг (таяқ тарту) федерациясының вице-президенті Т.Қаналиев мақтау қағазы және медальмен марапаттады.
Әрі қарай, шара шекара басқармасының арнайы мақсаттағы ұтқыр іс-қимылдар тобының жауынгерлік ұрыс қимылдарына арналған сахналық көріністеріне ұласты. Отанын қорғау үшін оттан да, судан да тайсалмайтын сайыпқырандардың саптық алаңдағы әбжіл қимылдары олардың алдыңғы шепте жүрер алдаспан жасақ, әскер элитасы екенін паш етіп тұрды. Сондай-ақ, ҰҚК Шекара қызметі Қызметтік кинология басқармасының кинологтары жұртшылықтың алдында шеберлік дәрісін көрсетті. Иесінің әрбір бұйрығын қалт еткізбей орындаған шекарашы иттердің өнері көпшілікті тәнті етті.
Міне, жас азаматтардың өміріндегі маңызды сәттердің біріне айналған ант қабылдау рәсімінен кейін сарбаздар ата-ана, туған-туыстарымен қауышып, мәре-сәре болды. «Шекарашы болдым, мінеки» деген мақтанышты жүздерінен «жасыра» алмаған болашақ ел қорғандары да осынау сәтті қалай асыға тосты, десеңізші?!
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі