Мемлекет басшысы еліміз дамуының стратегиялық бағыттарын таңдау, негіздеу, оны орындаудың нақты тетіктерін анықтау бағдарынан бір жалыққан емес. Тынымсыз ізденуде, еңбектенуде. Осыдан айнымаған Елбасы өзінің сайлауалды бағдарламасында жаңа жоба – елді жетілдірудің бес халықтық реформасын ұсынды. Ол институттық дамудың бес реформасы деп те аталады. Елбасының осы жаңару реформаларының, индустрияландыру туралы тың бастамалары мен ойларының басты себебі неде? Шындығында, Қазақстанның ХХ ғасырдағыдай (әрине, онда КСРО құрамында, тәуелділік жағдайында) тағы да әлемдік өркениет көшінің соңында қалу қаупі бар ма? Тәуелсіздікке төнген қатер көп пе? Қай салада? Әңгіменің күрделісі де, қиыны да осында жатыр.
Әлемдік үдерістерді білетін, солардың қайнаған ортасында жүретін Мемлекет қайраткері ретінде Президент Н.Назарбаев: «Осындай күрделі жағдайда Қазақстан қайтпек керек? Өз егемендігі мен тәуелсіздігін қалай нығайтады? Оның нақты жолдары мен тетіктері қандай?» – деген сұрақтарға үнемі жауап іздеуде. Ал жаһандық күрделі ахуалда Елбасы ұсынған жаңа бес реформа неге институттық деп аталады? Ол неге жаңғыртумен байланыстырылған? Саясаттану мен әлеметтану ғылымдарында мемлекет, оның ұйымдары мен құрамдас бөліктері, әдетте «институт» категориясы арқылы сипатталады да, олардағы сапалы, түбегейлі өзгерістер институттану түсінігімен анықталады. Қоғамдық ғылымдарда физика ғылымынан алынған институттық белгісіздік (институциональная неопределенность) деген күрделі түсінік бар. Оны еңсеру әр институт, бірлестік үшін айрықша маңызды. Ал институттық белгісіздік мемлекет деңгейінде еңсерілмеген болса, ол – тым қауіпті үрдіс. Институттық белгісіздік – тапсырыс, жүктеудің болмауынан, даму векторын білмеуден туатын қиын ахуал. Америкалық институционалист ғалым Д.Норт белгісіздікті азайтудың жолдарының күрделілігін сипаттап, ол үшін ең алдымен, тиісті білім шеңберінде ақпаратты молайту, қолда бар институттық құрылым-каркастың көлемінде – өнертапқыштық, инновация, жаңа сенімдерді қалыптастыру, институттық құрылым-каркасты өзгерту арқылы ынталандыру деп есептейді.
Сондықтан, Президент ұсынған институттық реформалардың түпкі мақсаты, біздің пайымдауымызша, мемлекеттің құрылымдық-функциялық каркасы негізіндегі институттық белгісіздіктер мен қалыптасу, кемелдену кезеңіндегі бойында әлі де болса орын алып отырған «балалық ауруларды» еңсеріп, оның қазіргі күрделі заманның сын-қатерлеріне жауап беретін даму векторына шығару деп есептейміз. Ал институттану деген үрдіс нені білдіреді? Әлеуметтану теориясында «институт» деп латынның «institutum» – біріншіден, мекеме, ұйым, бірлестік деген мағынаны білдіретін, екіншіден, тұрақты ішкі берік қатынастар арқылы міндеттері, мақсаттары мен әлеуметтік жағдайларының ортақтығы біріктіретін және бұл маңызды жүйеқұраушы белгілердің түгелі дерлік заңдар мен ережелер арқылы түбегейлі реттелген адамдардың белгілі бір үлкен тобын, бүтіндей қоғамның және оның кіші жүйелерінің (экономиканың, әлеуметтік саланың, отбасының және т.б.) орнықты дамуын, функциялық толысуын сипаттайды. Ал сөздің кең мағынасында мемлекет те қоғамның саяси жүйесінің бір институты. Ерекшелігі – ерекше мәртебеге ие, басты орталық институты.
Қазіргі заман осы басты институт – мемлекеттің иығына үсті-үстіне жаңа сынақтар артуда. Бұған қалыптасқан Қазақстан мемлекеті де түсуде. Ендеше, орнықты даму үрдісіне тұрақты ұмтылып отырған мемлекетіміздің өз кемелденуінің басты бағыттарын әр кезеңнің, уақыттың талабына сай сындарлы жіті қарап, нақтылап, толықтырып отыруы табиғи да заңды. Президент ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясында анықталған күрделі міндеттерді жүзеге асырудың жаңа тетіктерін «институттық реформа» деген талап-мақсатпен анықтап, олардың мән-мазмұнын нақты сипаттады. Аталған реформалардың өзегін құрайтын жоғарыда айтылған институттық даму дегеніміз – аса күрделі үдеріс. Оның күрделі талап-мақсаттары барысында қоғамдық өмір саласындағы, белгілі бір қоғамдық-саяси объектідегі әлеуметтік-саяси қатынастар мен үрдістер қажетті реттілікке келіп, ол тұрақты әлеуметтік-функциялық құрылымға айналады. Сапалық даму жолына түседі. Әлемдік, әсіресе, америкалық (соның ішінде Гарвард университеті оқымыстылары) жаһантанушы ғалымдар қазіргі заманғы ұлттық мемлекеттер рөлінің, тіпті, мемлекет егемендігінің өзінің маңызды еместігін, олардың өз функцияларының бір бөлігін халықаралық әлеуетті ұйымдар мен алпауыт трансұлттық компанияларға беруі туралы қандай да болсын сырттай түсінікті, халықаралық ахуалға негіздеп, дәлелді ғылыми қисындар, парадигмалар құрса да ол біздің ұлттық мүддемізге сай келмейтінін ашық айту парыз. Біздің жол, қазақ ұлтының терең, қасиетті де айнымас, ұзақ мерзімді мүддесі – мемлекеттің тәуелсіздігін нығайту, егемендікті тұрақты ету. Бізде басқа жол, басқа таңдау жоқ!
Осы ретте ағылшынның белгілі мемлекет қайраткері лорд Палмерстонның 1848 жылы ел Парламентінің Қауымдар палатасында айтқан: «Англияның өзгермес одақтастары да, тұрақты жаулары да жоқ. Англияның тек мәңгілік мүдделері ғана бар», – деген тарихи, тәлімді сөзі қазіргі Қазақстанның, билік биігіндегі, мемлекет, ұлт мүддесіне байланысты стратегиялық шешімдер қабылдайтын саяси тұлғалардың қашанда жадында болса дейміз. Өйткені, сыртқы мүдделерді айтпағанда, елдің ішкі өмірінде мемлекет, халық мүддесін сақтау, мемлекет, ұлт мүддесіне қызмет ету үлкен проблемаға айналды. Бұл да, сайып келгенде, «Егемен Қазақстанда» көтеріліп жүрген құндылықтардың құлдырауы проблемасының бір парасы, өзекті парасы екендігінде дау жоқ. Тек әлеуетті мемлекет, оның сындарлы мемлекеттік тетігі ғана жоғарыдағы құндылықтарды қамтамасыз етеді. Соның ең бір күрделі бағыты – мемлекеттің басқарушылық қабілеті мен деңгейін көтеру.
Реформаларды жүзеге асырудың басты, сыннан өткен құралы – әлеуетті мемлекет. Ал ол қандай мемлекет? Әлеуетті мемлекетте, ең алдымен, басқарудың тегеурінді, берік, сындарлы, ықшам жүйесі болуы керек. Бұл – мемлекеттің қолында жеткілікті материалдық-қаржылық, әкімшілік, ұйымдық, адами, ақпараттық, коммуникативтік, техникалық-технологиялық, тағы басқадай ресурстар болуы қажетті шарт деген сөз. Әлеуетті мемлекеттің өз функцияларын толыққанды жүзеге асыруы үшін материалдық-қаржылық ресурстардың да маңызы айрықша. Қай кезеңде де, әсіресе, қазіргі нарықтық қатынастарға және оның идеологиясына сәйкес, мемлекет саяси билікпен қоса, өз қолында экономикалық билікті шоғырландыруы керек, яғни бай болуы керек. Онсыз саяси билікті қолда ұстап тұру қиынға соғады. «Егер мемлекет жеке кәсіпорындардан жоғары, үстем тұрмаса, – деп жазды ағылшындық көрнекті философ, математик және қоғам қайраткері Б.Рассел, – онда ол олардың қолындағы марионетка болып, олар (кәсіпорындар) нақты мемлекетке айналады». Сондықтан, мемлекет ірі меншік иесі, өндірістік құрал-жабдықтардың үлкен бөлігінің қожасы болуы керек.
Әлеуетті, қабілетті мемлекеттің маңызды сипатты белгісі – мемлекеттік-әкімшілік құрылымдардың ықпалының кеңеюі, реттеушілік-бақылаушылық функциялары маңызының артуы. Бұл функцияларынан бас тартқан мемлекет – әлсіреуші, қабілетсіздік жолына қарай бет бұрған, күйреуші мемлекет. Либерализм әлдеқашан жариялап, әсіре деморатияшылар бүгінде де қорғап, дәріптеп жүрген «мемлекет неғұрлым кішкентай болса, соғұрлым жақсы» деген қағида-ұранды қазіргі күрделі сын-қатерлер уақытында мүлдем қабылдауға болмайды. Бұл, әсіресе, Қазақстан секілді жас, жаңа қалыптасып келе жатқан мемлекеттер үшін тіпті қауіпті, қатерлі ұран. Америкалық белгілі ғалым Ф.Фукуяма «Күшті мемлекет: ХХІ ғасырдағы басқару мен әлемдік тәртіп» атты еңбегінде кейінгі отыз жыл бойы әлемдік саясаттың жетекші үрдісі – мемлекеттің әлсіреуі болды деп атап көрсете келе, ендігі тарихи кезеңде басты мәселе мемлекеттің күшеюі дейді. Ол жеке қоғамдар және әлемдік қоғамдастық үшін мемлекеттің әлсіреуі апатқа бастайтын жол деп, бүгінгі кезеңдегі маңыздысы мемлекетті, оның ұйымдарын нығайту, қалыптастыру өнерін игеру деп тұжырымдайды.
Кәсіпқой мемлекеттік аппаратты қалыптастыру Президент ұсынған реформалардың ішінде бірінші басымдықта тұруы – заңдылық. Бүгінде реформалардың да тағдыры мен орындалуы деңгейі мемлекеттік аппаратың сапасы мен іскерлігіне тікелей байланысты. Оның қызметінің құрылымы, құрамы, кадрлардың жауапкершілігі де «Қазақстан-2050» Стратегиясы талаптары мен мүддесіне сай келмейтіндігін Мемлекет басшысы 2014 жылғы тамыз айының 6-сы күнгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында ашық айтты. Содан кейін атқарушы билік жүйесінде қаншама құрылымдық өзгерістер жасалды. Қанша адамның тағдырына салмақ түсті. Кезекті жүйке жұқартар қысқартулар, өзгерістер, ауысулар, міндеттер мен функцияларды, штаттарды, құзыреттер мен өкілдіктерді анықтау жөнінен аппараттық тартыстар мен бітпейтін, кадрларды әбден мезі қылған күйкі тіршіліктер басталып кетті. Нақты істер тағы да екінші кезекке ығыстырылды. Көп мәселе тағы да бұрынғы таптаурын ізіне қайта түсті.
Біз сонда осы уақытқа дейін кезінде Ю.В.Андропов айтқандай, «өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның мәнін түсінбей, тәжірибе қою және қателіктер («путем проб и ошибок»)» жолымен жүріп келіппіз. Егер тереңірек зерделесек, басқару институттары, әсіресе, жоғары биліктегі стратегиялық бағыттағы мәселелерге жауап беретін, мемлекеттік шешімдер қабылдайтын басшы кадрлар 1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиясындағы жетінші басымдықтағы – негізгі міндеттермен ғана шектелетін кәсіпқой мемлекет құру туралы талаптарына үңілмеген бе деген сұрақ туады. Онда кәсіпқой мемлекет үшін тайға таңба басқандай анық талаптар қойылған еді ғой: неғұрлым маңызды бiрнеше функцияны ғана орындауға жұмылған ықшам әрi кәсiпқой Үкiмет; нақты жолға қойылған ведомствоаралық үйлестіру; министрлердiң өкiлеттiктерi мен жауапкершiлiктерiн, олардың есептiлiгi мен қызметiне стратегиялық бақылауды арттыру; сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл да ымырасыз күрес; кадрларды жалдау, даярлау және жоғарылату жүйелерiн жақсарту.
«Табысқа жеткен үкiметтер, әдетте ықшам келедi әрi мемлекет қана атқара алатын ең басты бiрнеше функцияға жұмылады. Әлбетте, оңтайлы үкiметтер аз санды басымдықтарға және осы мақсатқа жету жолындағы стратегияларды iске асыруға ұмтылады». Бұл да сол «Қазақстан-2030» Стратегиясында айтылған маңызды тұжырымдар. Бұдан шығатын қорытынды – мемлекеттік басқаруды ғылым және өнер деп қарауда, оны игеруде, басқару құрылымдарын институттық жетілдіру мәселелерінде біздің басқарушы кадрлар уақыт, заман, қоғам мүдделерінің соңында келеді деген қорытындымен еріксіз келісесіз. Мәселен, бүгінде сыбайлас жемқорлық мемлекеттік органдарды жегідей жеп, кеулеп барады. Сондықтан, Мемлекет басшысы кәсіби мемлекеттік аппарат құру реформасын күн тәртібіне қайта қойды. Нақты он бес қадамды анықтады. Бұл – кезек күттірмес, өткір мәселе. Бұл жерде осы реформаның жүзеге асуының қарқыны, тереңдігі, сапасы басқа реформалардың қарқынына, сапасына тікелей әсер ететінін тура айту керек. Өйткені, рефомаларды жүзеге асыратын мемлекеттік аппарат қой. Ендеше, бүгінгі мемлекеттік аппараттан сапалы реформа күту тағы да ұтылу, кешігу, бір орында батбақтау болмай ма?
Тығырықтан шығар жол біреу – жаңа кәсіби мемлекеттік аппаратты тездетіп құру. Осындағы «мемлекеттік аппарат құру» деген талаптың мәні мен маңызына ерекше назар аудару мейлінше қажет-ақ. Әңгіме бұл жерде жетілдіру, ішінара ауыс-күйіс, құрылымдық өзгерістер туралы емес. Кәсіби аппаратты жаңа негізде құру. Жаңа талаптар, жаңа қағидалар, кадрлардың жаңа корпусы, жаңа буыны туралы болып отыр. Бүгінгі мемлекеттік аппарат құрамына қарасаң, көрер көзге сырттай жинақы, ұтқыр, білімді, 40 пайызына жуығында екі-үш диплом бар, шет тілін білетін, сыпайы, кішпейіл көрінеді. Ал қоғамдық шындық, пікір оларды көп ретте екіжүзді, өзімшіл, жемқор, жауапсыз, жалған патриот, кәсіби біліктілігі төмен, мансапқа жеке іскерлік сапасымен емес, жегжаттық, туыстық жолмен, белгілі бір топтың өкілі ретінде келген, кездейсоқ кадрлар деп қабылдайтыны ешкімге құпия емес. Бұл – бүгінгінің ащы шындығы. Абай данышпан сипаттап, қауіптенгендей, «Іші – жылан, сырты – абыз, ...Саудасы – ар мен иманы, Еңбекпен етті ауыртпай» дәулет жиғысы келетін қатерлі ұрпақ толқыны кеулеп келе ме деген қауіп ұлғайып барады. Сондықтан, Мемлекет басшысы Парламенттің бесінші сессиясын ашардағы сөзінде, 2014 жылғы 1 қыркүйек басқару проблемаларына тоқтала келе, бізде жеделдік пен икемділік жоқ, міндеттерді шешудің ең қиын да көп иірімге толы созылмалы жүйесі қалыптасқан, соңғы жылдардың өзінде осындай «үдерістердің» салдарынан министрліктер ішіндегі құжаттар айналымы 3-4 есеге дейін артып, соңғы 10 жылда мемлекеттік қызметкерлердің саны шамамен 8,5 мың адамға көбейген, мұндай «шенеуніктік аппарат» мемлекет қолға алған іс-шараларды жүзеге асыруға тежеу болады және оның тиімділігіне кері әсерін тигізеді, деп атап көрсеткенін тағы бір еске салуды жөн деп есептейміз. Германия канцлері Отто фон Бисмарктың кезінде айтқан: «Елді әлжуаз заңдармен және жақсы шенеуніктермен басқаруға болады. Ал шенеуніктер әлжуаз болса, ең тамаша заңдар да көмектесе алмайды» афоризмі де, «Бәрін де кадрлар шешеді!» деген тұжырым да бүгінде тағылымды, өміршең естіледі.
Елбасы Н.Назарбаев ұсынған реформалардың ең күрделі, ең қиын, ең ұзақ мерзімді, елдегі, әсіресе, интеллектуалдық күштердің бірлескен қажырлы рухани-мәдени ізденістерінің, шығармашылығының бағыты – жалпыұлттық біртектілік пен бірлік. Жалпыұлттық біртектілік – аса күрделі саяси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени проблема. Оның мазмұны, құрылымы, құрамы, тікелей әкімшілік басқаруға, заңдармен қатаң реттеуге көнбейтін, адамның, этнос өкілдерінің жан-дүниесіне, дүниетанымына, сана-сезіміне байланысты рухани категориялар. Сірә, адамзаттың ақылманы К.Маркс: «Ең алынбайтын қамал – адамның бас сүйегі», деп осындай мәселеге қатысты дөп айтса керек. Жалпыұлттық біртектіліктің ұйытқысы, өзегі, біздің пайымдауымызша, азаматтық біртектілік болуы тиіс. Әр азаматтың өзінің этностық тегіне қарамастан, ең алдымен Қазақстан Республикасы азаматы ретінде төл құқықтары мен міндеттерін ажырамас бірлікте түсінуі, мемлекеттің саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани-адами құндылықтарын, мемлекеттік тілді өзінің жеке басының құндылықтары ретінде етене қабылдауы және соларға толық азаматтық саналылықпен, жауапкершілікпен қызмет етуі азаматтық біртектіліктің басты талаптары және түпкі жетістігі болуына ұмтылуымыз қажет. Қазақстанда өмір сүретін барлық этностық топтардың азаматтық біртектілігіне, барлық этнос өкілдерінің таяу уақытта «Мен – қазақстандықпын!», ал көз жетерлік болашақта өзінің этностық сана-сезімін сақтай отырып, «Мен – қазақпын!» деп айтуына қол жеткізу азаматтық, жалпыұлттық біртектіліктің сапалық көрсеткіші болмақ.
Жалпыұлттық біртектілікті нығайту жолындағы аса күрделі проблема әрі оған қол жеткізудің маңызды тетігі – мемлекеттің жан-жақты ойластырылған тіл саясаты, тіл құрылысы. Тәуелсіздік жылдарында бұл салаларда қол жеткізілген мәселелер жеткілікті. Ұстамды, орнықты тіл саясаты елдегі қоғамдық келісім мен татулықтың басты негіздерінің бірі болды. Ал жалпыұлттық біртектілікке ұмтылу, оны бекіту тіл саясаты мен тіл құрылысы саласында мүлдем соны, күрделі мәселелерді күн тәртібіне қойып отыр. Жалпыұлттық біртектілік дегеніміз, ең алдымен тіл мәселесіндегі түбегейлі мәселені – мемлекеттік тілдің барлық деңгейдегі өз мәртебесіне сай басымдығын, толыққанды қызмет жасауын талап етеді. Ол өз функцияларын қоғамдық қатынастардың барлық салаларында толыққанды, қазіргі заманғы ғылыми-техникалық прогреске, индустриялық және ақпараттық қоғамның өскелең талаптарына сай жүзеге асыруы керек. Мемлекеттік тіл ғана жалпыұлттық біртектілікке жетудің нақты, іргелі тілдік-рухани негізі. Ұлт-мемлекет болып қалыптасқан, жалпыұлттық, азаматтық біртектілік мәселелерінде қазіргі өркениет үрдісінен шыққан Батыс елдерінің тәжірибесі осыны көрсетіп отыр.
Бұл мәселеде әртүрлі пікір-таластардан, жалған, жасанды сақтық пен үрке қараушылықтан, шектен тыс күдікшілдік пен шамшылдықтан, этностық эгоизм психологиясынан арылатын кез келді. Ширек ғасырға жуық егеменді дамуымыз еліміздің тіл саясатының кемелдігін де, даму бағытының дұрыстығын да дәлелдеп берді. Енді үгіттеу мен иландырудан мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтіп, оны жалпыұлттық бірлесу, бірігу мен топтасудың аса маңызды құралы ретінде нығайтудың жалпымемлекеттік шараларды жүзеге асыратын уақыт жетті. Осы іс-шаралардың өзекті де қажетті бағыты – алдағы уақытта мемлекеттік тілдің адамдардың, этностардың өзара қарым-қатынасының аса маңызды құралы ретіндегі рөлін күн тәртібіне шығарып, осы ретте оның бойындағы қуатты әлеуетін тиімді де кешенді пайдалану.
Институттық реформа – бүкілхалықтық іс. Оны басты жүзеге асырушы, тірегі – халықтың саналы іс-әрекеті. Ал мемлекеттік басқаруды жаңа сапалық деңгейге көтеру жаңа мемлекеттік аппаратың аса жауапты миссиясы. Сондықтан да Президент: «Мен реформалар жоспарын Ұлт жоспары деп атадым, өйткені реформалар Қазақстанның әрбір азаматының тікелей қатысуын талап етеді. Реформалар – тек мемлекеттік машинаның ғана емес, халықтың ісі», – деп атап көрсетті. Осы екі күш халықтың бойындағы сарқылмас күш-жігер мен басқаруды ғылым және өнер ретінде меңгерген, мемлекет пен ұлт мүддесіне адал, білікті, таза, іскер, сапалы жаңарған кәсіби мемлекеттік аппараттың жасампаздық қызметі елімізде қазіргі заманғы сын-қатерлерге төтеп берер, тәуелсіздік тірегі – әлеуетті мемлекет қалыптастырудың іргелі негізі болады деп үміттенейік. Ел халқы мұндай үмітке әбден лайық.
Нәубәт ҚАЛИЕВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры,
саяси ғылымдар докторы.
АСТАНА.