Үкімет • 06 Қараша, 2024

Объективті статистика тиімді шешім қабылдауға көмектеседі

74 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты төраға­сы Мәулен Әшімбаев бір топ депутат­пен бірге Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросына барып, жаңа цифрлық технологиялар арқылы статистикалық деректер қалыптастыру жұмысымен танысты.

Объективті статистика тиімді шешім қабылдауға көмектеседі

М.Әшімбаев өзекті, ашық және сенімді статис­ти­калық деректер қазіргі жағдай­ды объективті бағалауға, сон­дай-ақ стратегиялық бағдар­ламалар мен жобалар әзір­леу­ге мүмкіндік беретінін атап өтті. Жалпы өңірлердің әлеу­меттік-демографиялық жағ­­дайындағы теңгерімсіздік, жастарды жұмыспен қамту және жас отбасыларды қолдау мәселелері елдің тұрақты әлеу­меттік-экономикалық дамуы жолындағы маңызды ба­ғыт екені анық. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл салаға үнемі баса мән беріп келеді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бізге Big Data-ны талдау және жасанды интел­лек­тіні пайдалану жөнін­де нақты міндеттер жүктеді. Шын мәнінде, статистика – талдау жүргізу, болжам жасау және тиімді шешімдер қабылдаудың негізі. Өзекті, ашық, сенімді ақпарат стратегиялық бағдарламалар әзірлеуге және елдің орнықты дамуына оң әсер ететіні сөзсіз. Осы тұрғыда Сенат Ұлттық статис­тика бюросына қажетті заң­на­малық қолдау көрсетуге да­йын», деп М.Әшімбаев саланы да­мытуға қажетті жағдай жасаудың маңызды екенін алға тартты.

Сонымен қатар Сенат төр­ағасы ашық және қолжетімді статистика қоғамның мемлекет­тік институттарға деген сенімін арттырып, халықаралық ұйым­дармен және инвесторлармен қарым-қатынастарды нығайтуға оң әсер ететініне назар аударды. Мұндай жағдай елдің орнықты дамуына да ықпал етеді. Палата спикері осыған байланысты статистика саласындағы жұмысты жетілдіру үшін жаңа тетіктерге, оның ішінде Big Data-ға және зерттеу тәсіліне ерекше мән беру керек екенін айтты.

«Астана мен Алматыда зерт­теуші кабинеттерінің ашылуы деректердің қолжетімділігін арттырудың озық үлгісі екені анық. Осыған байланысты отандық және халықаралық зерттеушілер иесі көрсетілмеген деректермен жұмыс істеуге мүмкін­дік алып отыр. Бұл ғалым­дармен және ғылыми ұйым­дар­мен ынтымақтастықты нығай­тады. Сондай-ақ ұзақ мерзімді зерттеулер жүргізуге қажетті аналитикалық база қалыптастыруға ықпал етеді. Талдау технологиялары мен Big Data-ны белсенді енгізу де осы саладағы маңызды қадам екенін атап өткен жөн. Бүгінде біздің алдымызда жасанды интеллект көмегімен деректерді жинау және өңдеу әдістерін дамыту міндеті тұр. Деректердің ашық, объективті, жедел және толық болуын қамтамасыз ету – мемлекеттік статистика жүйесінің алдында тұрған маңызды міндет. Өйткені аталған деректер елдің одан әрі дамуына ықпал етеді», деп М.Әшімбаев сапалы статистика Орнықты даму мақсаттарына жетудің негізгі тетіктерінің де бірі бола алатынына тоқталды.

Өз кезегінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов депутаттарға агенттіктің алдағы кезеңге арналған жоспарлары мен жобалары туралы айтып берді. Бұған қоса кездесу барысында Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Фархат Қалиев, «Ақпараттық-есептеу орталығы» РМК дирек­торының бірінші орынбасары Сәрсен Жаңабеков және тағы басқа сарапшылар баяндама жасап, сөз сөйледі.