23 Маусым, 2010

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ПЕН БАУЫРЛАСТЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ

531 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 21 маусымда Иордания Хашимиттік Корольдігінің астанасы – Амман қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғылдың ашылу сал­та­наты болды. Ашылу рәсімінде Амман қаласының мэрі Омар әл-Маани мен Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйледі. Амман қаласының мэрі Қа­зақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының ашылуы үлкен оқиға екенін айта келіп, бұған Иордания Королі Абдалла ІІ тікелей ұйытқы бол­ғанын атап өтті. Қала басшысының айтуынша, Амман мен Астана бауыр­лас қалалар болып табылады. Екі қаланың ынтымақтастығын дамытуға бағытталған бағдарлама бар. Бағдарламада бірқатар салалар бойынша байланыстар орнату нақ­тыланған. Қазақстан Нұрсұлтан На­зарбаевтың басшылығымен қар­қынды дамып келеді, деді қала бас­шысы. Қазақстан Президенті Иор­дания мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ұдайы баса назар аударады. Өткен жылы Қазақстанда Иорданияның күндері өтті. Ол екі ел арасындағы бай­ла­ныстарды жақсартуға ықпал етеді. Біз Амман қаласының көрікті бір көшесі Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталуын екі ел арасындағы тығыз қатынас­тардың белгісі деп білеміз. Астана қаласының әкімі Иман­ғали Тасмағамбетов ашылу сал­танатындағы сөзін әріден бастады. Араб әлемінің адамзат тарихына қосқан үлесі ұшан-теңіз, деді елорда әкімі. Соның ішінде Иордания – талай өркениеттердің орталығы болған ел. Осындағы Геркулес ғиба­датханасы, ежелгі Петро шаһары әлемдік мәдениеттің озық үлгілері. Бүгінгі Иордания – Таяу Шығыстағы ең тұрақты мемлекет­тердің бірі. Ол өзінің білікті сыртқы саясаты арқылы бүкіл ай­мақтағы тыныштықтың кепілі болып отыр. Соның нәти­жесінде Иордания халықаралық қоғам­дас­тықтың белгілі әрі белді мүшесіне айналды. Мұның өзі Таяу Шығыс мемлекеттері көшбас­шыларының ең танымал өкілі Хусейн І-дің мұрагері жоғарғы мәртебелі Король Абдалла ІІ-нің биік беделінің арқасы деп білеміз. “Мың досың болса да аз” дейді араб даналығы,  деп жалғастырды сөзін Иманғали Тасмағамбетов. Қа­зақстан мен Иордания арасындағы ынтымақтастықтың орнағанына – 18 жыл. Осы уақыт екі елдің ара­сын жақындастырып, достығын нығайтқан айрықша кезең болды. Елдер арасындағы экономикалық, іскерлік және мәдени-рухани бай­ланыстар тұрақты дамып келеді. Қазақстан тарапынан көзделген инвестициялық жобалар аз емес. Келешекте атқарылатын жұмыстар да жетерлік, оған мүмкіндік те мол. Оның бірден-бір кепілі – жоғары мәртебелі Иордания Ко­ролі Абдалла ІІ мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың жоғары деңгейдегі кездесу­лері, мемлекетаралық келісімдері, екеуара шынайы сыйластығы. Астана қаласының әкімі Иман­ғали Тасмағамбетов бұдан соң осы айтулы шараға тоқталды. Әкімнің атап өткеніндей, бұл – қазақ­стандықтар үшін айрықша атаулы оқиға. Амман қаласында Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына көше беріліп отыр. Амман ежелгі шаһар, Астанамен бауырлас қала. Осы шаһардың шежіресіне Қа­зақстан Президентінің есімі де ен­ді. Бұл – иорданиялықтардың қа­з­ақ халқына, оның Президентіне деген ізгі ілтипатының көрінісі. Қазақстан басшысына деген Иор­дания Королінің зор құрметі. Бұл – Иордания Королінің әлемдік деңгейдегі саясаткер, Тәуелсіз Қа­зақ­станның Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан На­зарбаевтың тарихи тұлғасына, ішкі және сыртқы саясаттағы страте­гиялық бейбіт ұстанымдарына, екі ел арасындағы ынтымақтастықты бекіте білген орасан зор еңбегіне берілген баға. Салтанатты рәсім аяқталған соң, оған қатысқандармен де әң­гімелесудің сәті түсті. “Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атына көше беріліп, оның ашылуы біз үшін айтулы оқиға, – деді Иордания Парламенті Сенатының депутаты, Өнеркәсіп палатасының президенті Хатем әл-Халауани. – Бұл екі мемлекет арасындағы шы­найы ынтымақтастықтың жарқын көрінісі деп білемін”. “Иордания Корольдігіндегі Амман қаласында ең үлкен көше Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталуы біз үшін үлкен мәртебе, – деді бизнесмен Хасан Бей­барыс. – Менің шыққан тегім ұлы қазақ халқымен тығыз бай­ланысты. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ, менің де арғы ата-баба­ларым қазақ болған. Бұл шараға ерекше қуанып отырмын”. “Біз Қазақстан Президентін ерек­ше құрметтейміз, – деді Араб-Амман университетінің ви­це-президенті Каид Әбделках. – Нұрсұлтан Назарбаевтың өз елінде жүзеге асырып жатқан істерінен жақ­сы хабардармыз. Халықаралық бе­делі аса зор. Ислам даму бан­кі­нің Қазақстандағы бөлімшесінде істеген кезімде бұған анық көзім жет­ті”. Ал Амман қаласының тұр­ғыны Васем Каммаш: “Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғыл Амман қаласының шығыс және батыс аудандарын жалғастырады. Көшенің бойында еңселі ғимарат­тар, мекемелер, сондай-ақ көп қа­батты тұрғын үйлер орналасқан”, деді. Салтанатты рәсімге Иордания­да тіркелген бірқатар шетелдік ел­шіліктердің басшылары да қа­тысқан болатын. “Бүгін біз Амман қаласындағы көрікті көшелердің бірін Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевтың есімімен атау шарасына қатыстық, – деді бізбен әңгімесінде Ресейдің Иордания­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Александр Кулагин. – Ресей мен Қазақстан – стратегиялық әріптес мемлекеттер. Қазақстанның Иор­да­ниядағы елшілігімен біз тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп ке­леміз. Президент Н.Назарбаев­тың беделі ТМД, Араб елдерінде ғана емес, дүние жүзінде жоғары”. Ал Әзірбайжанның Иорданиядағы елшісі Елман Аросли: “Нұрсұлтан Назарбаев – біздің заманның аса көрнекті мемлекет қайраткерле­рі­нің бірі. Оның атына Амман қа­ласында ғана емес, әлем елдерінің өзге де астаналарында көшелер бе­рілсе, артық болмайды. Оған Нұр­сұлтан Назарбаевтың беделі де, мәртебесі де әбден лайық”, деді. Аталмыш шара барысында қа­зақстандық делегация мүшелері – Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед пен Парламент Сена­ты­ның депутаты Қуаныш Сұлта­новты да сөзге тартқан едік. “Иордания күллі мұсылман әлеміндегі ең беделді мемлекет­тердің бірі, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. – Кеңес Одағының кезінде араб дүниесіне, Ислам әлеміне қатысты бірде-бір мәселе сол кездегі Иордания Королі Ху­сейн бен Талалдың қатысуынсыз шешілмейтін. Мінеки, оның ұлы Абдалла әлем таныған саясаткер деңгейіне көтерілді. Ол – Шығыс пен Батысты жалғап жатқан жаңа буынды монархтардың өкілі. Оның Қазақстанға деген құрметі шексіз. Қазақстан Президентін өзінің туған ағасындай сыйлайды. Сапармен келген сайын әуежайдан қарсы алып, өзі шығарып салады. Сондықтан күллі мұсылман әле­міндегі қадірлі қалалардың бірі – Амман қаласының қақ ортасында­ғы даңғылды Нұрсұлтан Назар­баев­тың атына беруі, бұл Елба­сына ғана емес, бүкіл қазақ хал­қына жасалған құрмет деп білеміз. Бұл – Қазақстан Президентінің халықаралық деңгейдегі беделінің арқасы. Жалпы, араб әлемінде Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін жарық сұлтаны, адамдарға нұр сыйлаушы сұлтан ретінде ерекше қадірлейді”. Ал Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов: “Бұл еліміздің, халқымыздың тарихында бұрын-соңды болмаған айрықша оқиға болып табылады, – деді осы жайында. – Қай мемлекет, қайсы ел қазақтың атын ұлықтап, өз қ­а­лаларында көше беріп еді. Бұл тұңғыш рет болып отыр. Бұл Пре­­зидент Нұрсұлтан Назарбаевқа ғана көрсетілген құрмет емес, бұл бүкіл қазақстандықтарға көрсетіл­ген құрмет”. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.