Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Бейбітшілік пен орнықты даму қағидаттары
Президенттер республикалық гвардия, әуе-ғарыш, құрлық және теңіз әскерлерінен жасақталған Құрмет қарауылының алдынан жүріп өтті. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары Құрмет қарауылының салтанатты шеруін тамашалады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон бір-біріне ресми делегация мүшелерін және құрметті қонақтарды таныстырды.
Бірлескен суретке түсу рәсімінен кейін президенттер Елшілер залында екі мемлекеттің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Франция тарапының қазақ делегациясын ыстық ықыласпен қарсы алғанын атап өтіп, Эмманюэль Макронға алғыс айтты.
– Осы сапарыма айрықша мән беремін. Бұл Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа белесі болмақ. Бүгінгі келіссөздер және қабылданатын Бірлескен декларация әріптестігімізді күшейтілген стратегиялық деңгейге көтеруге ықпал етеді. Осы орайлы сәтте Сізді Парижде өткен отыз үшінші Олимпиада және Паралимпиада ойындарының табысты өтуімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл жаһандық спорттағы аса ауқымды әрі айтулы оқиға екені анық. Әлем жұртшылығы жоғары деңгейде өткен додаға куә болды. Сіздің еліңіз 2030 жылы француз Альпілерінде жиырма алтыншы Қысқы Олимпиада ойындарын да тамаша деңгейде ұйымдастыратынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентінің былтыр Астанаға жасаған сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтар мен келісімдер қазақ-француз байланысын жан-жақты тереңдетуге зор серпін бергенін атап өтті.
– Қазіргі таңда мемлекеттеріміз арасында белсенді және сенімді саяси диалог бар. Қазақстан мен Франция халықаралық сахнада тығыз байланыс орнатып, көпжақты құрылымдар аясында бейбітшілік пен орнықты даму қағидаттарын ілгерілетіп жатыр. Франция – біздің аса ірі сауда серіктестеріміздің бірі. Сіздің еліңіз – Қазақстан экономикасына мол инвестиция салып отырған жетекші елдердің қатарында. Бүгінде Қазақстанда француз капиталы бар 200-ден аса компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда белсенді жұмыс істеуге ынталы француз бизнес өкілдеріне шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті мәдени-гуманитарлық байланыстар, соның ішінде білім беру, ғылым, медицина және тарих салаларындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Сондай-ақ әлемге әйгілі Гиме мұражайында ашылған Қазақстанның ұлттық өнеріне арналған көрмені айрықша ризашылықпен атап өтті. Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі сапардың қорытындылары қос халықтың өркендеуіне оң ықпал ететініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Франция Президенті қазақ-француз ынтымақтастығының дамуына тың серпін беретін келіссөздердің маңызына тоқталды.
– Сіздің арқаңызда кейінгі жылдары екі ел арасындағы серіктестік айтарлықтай нығайды, – деді Эмманюэль Макрон.
Келіссөздер барысында мемлекеттер басшылары машина жасау, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, өнеркәсіптік кооперация, климат, цифрлық даму және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен келешегін егжей-тегжейлі талқылады. Бұған қоса мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға мән берілді.
Президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселе жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар Елисей сарайының бағында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон бейресми әңгіме өрбітті. Мемлекеттер басшылары серуенге Жюль және Жанна атты тазыларды ертіп шықты. Бұл асылтұқымды тазыларды былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президентінің Қазақстанға сапары кезінде сыйға тартқан еді.
Эмманюэль Макрон Қазақстан Президентін ерекше ықыласпен қарсы алғанын Х әлеуметтік парақшасындағы қазақ тіліндегі жазбасында да атап өтті. «Қош келдіңіз, құрметті серіктес, құрметті дос. Сіздің мемлекеттік сапарыңызбен біз Қазақстан мен Францияны, қазақстандықтар мен француздарды біріктіретін терең достықты атап өтудеміз», деп жазды Франция Президенті.
Екі ел қарым-қатынасының алтын арқауы
Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макрон бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.
Президент, ең алдымен, Эмманюэль Макронға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны үшін ризашылығын білдіріп, ерекше қонақжайлылық көрсетіп жатқан француз халқына алғысын айтты.
– Біз үшін осы сапардың маңызы зор. Франция – Қазақстанның Еуропа Одағындағы жақын әрі сенімді серіктесі. Қарым-қатынасымыз 34 жылдың ішінде стратегиялық сипатқа ие болды. Астана мен Париж барлық деңгейде өзара түсіністікке негізделген саяси диалог орнатты. Сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыс нығая түсті. Нақты шарттық-құқықтық база қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық кеңейді. Мызғымас достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Франция Президентімен мазмұнды келіссөздер жүргізгенін атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту қажеттігіне баса назар аударды.
– Былтыр екі елдің сауда айналымы 4,2 млрд доллар болды. Ал биыл бұл көрсеткішке 9 айда қол жеткіздік. Франция – еліміздің алтыншы ірі инвесторы. Француз компаниялары Қазақстанға қомақты инвестиция салды. Оның көлемі 19,5 млрд долларға жуықтады. Атап айтқанда, «Alstom», «Total Energies», «Air Liquide», «Orano», «Vicat», «Danone», «Lactalis» секілді алпауыт компаниялар бар. Мұнай-газ, тау-кен, өнеркәсіп, құрылыс, авиация, машина жасау, денсаулық сақтау салаларында ықпалдастық артып келеді, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар «жасыл» энергетика, сирек кездесетін шикізат, климат, су шаруашылығы, инновация және жасанды интеллект салаларына баса мән береді.
– Жақында Астанада Француз даму агенттігінің өкілдігі ашылды. Біз оның жұмысына барынша қолғабыс көрсетуге уағдаластық. Сондай-ақ халықаралық көлік дәліздерін дамыту маңызды екенін атап өттік. Логистика инфрақұрылымы және қайта өңдеу өнеркәсібі секторындағы байланысты кеңейту мәселелерін талқыладық. Агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау, қаржы және туризм бағытында тың жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық. Біз Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниеті бар француз компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Бүгін бірқатар үкіметаралық және коммерциялық құжатқа қол қойылады. Оның барлығы мемлекеттеріміздің мүддесіне сай келеді. Бұл құжаттар екі ел үшін де пайдалы болмақ. Жалпы, сапар аясында бірнеше инвестициялық келісім жасау жоспарланған, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты қазақ-француз қатынасының алтын арқауы деп бағалап, осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту өте маңызды екенін атап өтті.
– Мәдениет, білім-ғылым, археология, архив, спорт саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға айрықша назар аударамыз. Кеше ғана әлемге әйгілі Гиме мұражайында «Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары» атты көрме ашылды. Бұл көрмеде еліміздің тарихи-мәдени және археологиялық құндылықтарын дәріптейтін жәдігерлер бар. Бүгін Президент Макронмен бірге сол жерге барып, көрмені тамашалаймыз. Осы бастамаға қолдау көрсеткені үшін құрметті Макрон мырзаға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жетекші жоғары оқу орындары арасында ғылым және технология бағыты бойынша байланысты дамыту мәселесіне тоқталды.
– Биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанынан Лотарингия университетінің филиалы ашылады. Қазіргі таңда екі тарап «Люмьер» қазақ-француз университет орталығын құру мәселесін қарастырып жатыр. Бұған қоса Астана және Алматы қалаларында қазақ-француз мектептері салынады. Бүгін тиісті құжаттарға қол қойылды. Бұл мектептер жастардың ең жоғары стандартқа сай білім алуына мүмкіндік беретін орталыққа айналары сөзсіз. Қазақстан Францияның жоғары оқу орындарымен және зерттеу орталықтарымен қарым-қатынасты нығайта түсуге дайын, – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон аймақтық және жаһандық маңызы бар өзекті мәселелерге қатысты пікір алмасты.
– Барлық түйткілді бейбіт және саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Біз халықаралық деңгейде күш жұмылдырып, бірлесе жұмыс істеуге келістік. Жақында One Water Summit жиыны өтеді. Екі елдің бастамасымен ұйымдастырылып жатқан осы басқосуға дайындық барысын талқыладық. Бұл өте маңызды диалог алаңы болмақ. Сол арқылы біз климаттың өзгеруі мен «жасыл» экономика мәселесіне қатысты әріптестігімізді жандандыра түсеміз деп сенемін. Бүгінгі келіссөздер жемісті болды. Бұл сапар Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстың стратегиялық сипатқа ие болғанын айғақтайды. Бірлескен күш-жігеріміз арқылы өзара тиімді ынтымақтастық жаңа әрі сапалы деңгейге көтеріледі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Эмманюэль Макрон Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас 2008 жылдан бері стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін, осы уақыт аралығында оның маңызы мен өзектілігі арта түскенін атап өтті. Оның айтуынша, екі елдің халықаралық және аймақтық проблемаларға қатысты ұстанымдары – ұқсас. Яғни БҰҰ Жарғысын сақтау, соның ішінде территориялық тұтастықты құрметтеу және адам құқығын қорғау қағидаттарын берік ұстанады.
Эмманюэль Макрон климаттың өзгеруі және терроризммен күрес секілді жаһандық сын-қатерлерге қарсы күш біріктіру маңызды екеніне назар аударды. Сонымен қатар Франция Президенті екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту ұзақмерзімді келешектегі орнықты және табысты серіктестікке негіз қалап, екі елдің өсіп-өркендеуіне жол ашатынын жеткізді.
Баспасөз брифингі аяқталған соң Қазақстан мен Франция Президенттері стратегиялық серіктестікті одан әрі жандандыруға бағытталған Бірлескен декларация қабылдады. Бұдан кейін мемлекеттер басшыларының қатысуымен келесі құжаттарға қол қойылды:
- Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы реадмиссиялау туралы келісім;
- Аса маңызды материалдар мен ресурстар бойынша Қазақстан мен Францияның стратегиялық ынтымақтастығының жол картасы;
- «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен «Société Generale S.A.» компаниясы арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;
- «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен «Alstom Transport SA» компаниясы арасындағы 6 осьті электровоздар бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім;
- Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты мен Ұлттық превентивті археологиялық зерттеулер институты (INRAP) арасындағы археология саласындағы ынтымақтастық туралы келісім хаттамасы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парижге мемлекеттік сапары аясында екі ел делегациясының мүшелері 36 құжатқа қол қойды. Оның ішінде жалпы сомасы 2,2 млрд долларды құрайтын 1 үкіметаралық, 21 ведомствоаралық және 14 коммерциялық құжат бар.
Ұлы дала жауһарлары – Гиме музейінде
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон Гиме азиялық өнер музейіндегі «Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары» көрмесін тамашалады.
Экспозицияда Қазақстан тарихының негізгі кезеңдерін қамтитын артефактілер ұсынылған. Мәселен, бірінші кезеңде неолит дәуіріне жататын «Тобыл ойшылы» мүсіні қойылған. Сондай-ақ Ботай мәдениеті мен жылқыны қолға үйрету дәстүрі бейнеленген. Екінші кезеңде «Алтын адам» әшекейлері арқылы сақтар мен сарматтар секілді алғашқы көшпелі тайпалардың, прото-мемлекеттердің пайда болуы сипатталған. Ал балбалтастар түркі қағанаттары кезеңіндегі ортағасырлық Қазақстан шежіресінен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шырағдандары қазақ даласындағы ислам дінінің даму үрдісінен, Қазыбек бидің шапаны Қазақ хандығы мен қазіргі Қазақстанның қалыптасу тарихынан сыр шертеді.
Гиме музейінің негізі 1889 жылы қаланған. Оның қорында Азия өнерінің ең құнды жәдігерлері жинақталған.
Француз бизнесмендеріне жан-жақты қолдау көрсетіледі
Мемлекет басшысы Қазақстан – Франция инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев Франция бизнес капитандарының алдында сөйлеген сөзінде экономикалық ынтымақтастықты қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің басты факторы ретінде атады.
– Біз Францияның Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі болғанымызға қуаныштымыз. Францияның аталған аймақпен сауда-саттығының 80 пайызы Қазақстанға тиесілі. Биыл екіжақты сауда айналымы 45 пайызға ұлғайды. Біз бұл үдерістің сақталғанын қалаймыз. Сондай-ақ Франциядан тартылған тікелей инвестиция көлемі 15 пайызға артып, 900 млн долларға жуықтады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазіргі кезде Қазақстан нарығында 200-ден аса француз кәсіпорны, соның ішінде «Total», «Alstom», «Orano», «Danone», «Vicat», «Airbus» секілді танымал компаниялар жұмыс істейді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан экономиканы трансформациялау жөнінде өршіл міндет қойғанын айтты. Бұл мақсатқа жету үшін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) халықаралық стандарттары мен қағидаттарына сәйкес ауқымды саяси-экономикалық реформалар жүргізіліп жатыр.
Бұдан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық байланыстарды кеңейтудің болашағы зор бағыттарына тоқталды.
– Энергетика әрқашан өзара ықпалдастықтың негізгі бағыты саналған. Еуропа Одағына мұнай және уран жеткізуші ел ретінде Францияның энергетикалық дербестігін одан әрі қолдауға дайынбыз. Біз Қазақстанда француз өнеркәсібінің өкілдері көбірек болғанын қалаймыз. Өйткені олар отандық өндіріске озық технологиялар әкеледі. Еліміз әлемдегі ең ірі уран өндіруші саналады. Ал Францияның атом өнеркәсібінде тәжірибесі мол. Сондықтан біз атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану ісінде ынтымақтаса аламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Париж келісімін ратификациялап, 2060 жылға қарай ауаға таралатын зиянды заттар мөлшерін нөлдік деңгейге жеткізу жөнінде міндеттеме алған Орталық Азиядағы алғашқы ел екенін жеткізді. Президенттің айтуынша, елімізде жел, күн және су энергиясы бағыттарында ауқымды жобаларды жүзеге асырғысы келетін ірі халықаралық компаниялардың қатары көбейді. Мәселен, «Total Energies» компаниясы 1,1 млрд доллар құйып, қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасын салуды жоспарлап отыр.
Президент су ресурстарын және жылумен қамту ісін тиімді басқаруды тағы бір басым бағыт ретінде атады. Климат өзгеріске ұшырап жатқан кезеңде аталған салалардың Қазақстан үшін маңызы орасан зор. Бұл ретте «Suez» және «Veolia» компанияларымен ынтымақтастық су инфрақұрылымын жаңғыртуға оң ықпал етпек.
– 2040 жылға қарай дүние жүзінде аса маңызды шикізатқа сұраныс төрт есе артады. Демек Қазақстан Франция мен Еуропа өнеркәсібіне сенімді шикізат жеткізушіге айнала алады. Қазіргі кезде біз Еуропа Одағының экономикасы үшін өте маңызды 34 шикізат түрінің 19-ын өндіреміз. Бұл санатқа титан, мыс, магний және скандий секілді элементтер кіреді. Болжамға сәйкес, Қазақстанның жер қойнауында жоғары технологиялық және экологиялық өндірістердің барлығында дерлік сұранысқа ие литий, берилий және тантал сияқты сирек кездесетін үш минералдың мол қоры бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаңа геосаяси жағдайда көлік-логистика секторының рөлі күшейіп келе жатқанын атап өтіп, бұл ретте Қазақстанның Еуразия құрлығында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқанына назар аударды. Мемлекет басшысы көлік бағыттарын жаңғырту бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан жобалар жайында айтып, француз бизнесмендерін осы секторға баса мән беруге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты ахуал күрделенген кезеңде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызы зор. Қазақстан астық экспорттаушылардың ірі ондығына кіреді. Сыртқы нарыққа 8 млн тоннадан аса бидай мен 2 млн тонна ұн шығарады. Өнімдері әлемнің 80-нен аса еліне жеткізіледі. Биыл егіннің бітік шығуы нәтижесінде еліміздің астық экспорттау әлеуеті 12 млн тоннаға дейін артты.
Осы ретте Президент француз серіктестерді мал шаруашылығы мен дәнді дақылдар селекциясы саласында инвестициялық және технологиялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға үндеді.
– Цифрлық трансформация қазірдің өзінде еліміздің экономикалық бәсекеге қабілеттілігін еселеуге мүмкіндік берді. Мақсатымыз – Еуразиядағы жетекші IT-хабқа айналу. Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы еліміз электрондық үкімет бағытында цифрлық технологияларды енгізу бойынша әлемде 24-орын, ал онлайн қызметтер көрсету бойынша 10-орын алды. Аталған рейтингтер Қазақстанның цифрлық трансформацияны табысты жүргізгенін айқындайды. Яғни біз цифрлық инфрақұрылымға қомақты қаржы құйып, жасанды интеллект, блокчейн сияқты озық технологияларды енгізуге ерекше мән беріп отырмыз. Біз француз IT-компанияларымен ынтымақтастыққа ашықпыз. Олар, әсіресе Индустрия 4.0, жасанды интеллект және «ақылды қалалар» салаларында инновациялық шешімдерді әзірлеуге үлес қоса алады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзін қорытындылай келе, бүгінгі кездесу Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді. Сондай-ақ дөңгелек үстел қатысушыларына елімізде өз бизнесін өркендету үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев дөңгелек үстел қатысушыларына Франция Президенті Эмманюэль Макронды келер жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын жеткізді. Мемлекет басшысы француз кәсіпкерлеріне 2025 жылдың мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуды ұсынды.
Жиында «Vicat» компаниясының президенті Ги Сидос, «Total Energies» компаниясының президенті Патрик Пуянне, «Orano S.A.» компаниясының президенті Николя Мас, «Alstom» компаниясының бас директоры Анри-Пупар Лафарж, «Air Liquide» компаниясының бас директоры Франсуа Жаков, «EDF» компаниясының президенті Люк Ремон, «Airbus International» компаниясының президенті Вутер Ван Верш, «Imerys» компаниясының президенті Алессандро Дазза, «Synetics» компаниясының президенті Жан-Ив Дро, «Limagrain Field Seeds» компаниясының бас директоры Режис Фурнье, «CMA CGM» компаниясының аға вице-президенті Людовик Рену, «Danone» компаниясының бас хатшысы Лоран Сакки, «SUEZ Group» компаниясының вице-президенті Пьер Полиак, «Veolia» компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша вице-президенті Филипп Гиттар, «AFD» француз даму агенттігі бас директорының орынбасары Мари-Елен Луазон сөз сөйледі.
«EDF» – ядролық технологияларды әлеуетті жеткізушілер қатарында
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Électricité de France» компаниясының бас директоры Люк Ремонмен кездесіп, энергетика саласындағы ынтымақтастық келешегін талқылады.
Мемлекет басшысына атом электр стансаларын басқаратын әлемдегі ең ірі компанияның қазіргі қызметі мен жоспары туралы мәлімет берілді.
Президент жалпыұлттық референдум нәтижесінде Қазақстан азаматтарының басым бөлігі еліміздегі алғашқы атом электр стансасының құрылысына қолдау білдіргенін айтты. Француз компаниясы АЭС құрылысына арналған ядролық технологияларды әлеуетті жеткізушілердің қысқа тізіміне енеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде осы маңызды жобаны жүзеге асырудың ықтимал моделі ретінде халықаралық консорциум құру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын атап өтті.
Люк Ремон өз кезегінде «Қазатомөнеркәсіп» компаниясымен өзара тиімді серіктестікті жалғастыруға ниетті екенін растады. Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласындағы болашағы зор жобаларды жүзеге асыруға қатысты ойымен бөлісті.
EDF – электр қуатын өндірумен және таратумен айналысатын Францияның мемлекеттік компаниясы. Компания 67 атом реакторын басқарады, оның 56-сы – Францияда, 9-ы – Ұлыбританияда, 2-еуі Қытайда орналасқан. Бұл – әлемде пайдаланылатын атом электр стансаларының жиынтық қуатының шамамен 18 пайызы. Компания Францияда тағы 14 реактор салуды жоспарлап отыр.
Қауіпсіз әрі сенімді табиғи уранмен қамтамасыз етуге мүмкіндік
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Orano S.A.» компаниясының президенті Николя Масты қабылдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Orano S.A.» компаниясының Қазақстанмен энергетика саласындағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуда әлеуеті зор екеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы аталған серіктестік елімізде жоғары технологияны ілгерілетуге, сонымен қатар Францияны қауіпсіз әрі сенімді табиғи уранмен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесуде ғылыми-техникалық, сондай-ақ сирек кездесетін металл өндіру мен өңдеу саласындағы қазақ-француз стратегиялық серіктестігін нығайту келешегі талқыланды.
«Orano S.A.» – халықаралық ірі өнеркәсіп компаниясы, Франциядағы атом өнеркәсібінің көшбасшысы. Былтыр компанияның кірісі 4,8 млрд еуроны құрады.
Жүк тасымалын күшейтетін кемелер
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «CMA CGM» компаниясының президенті Родольф Саадты қабылдады.
Президент кездесуде Қазақстанның көлік-логистика кешенін дамытуға ерекше назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды орналасуы Шығыс – Батыс, Оңтүстік – Солтүстік көлік бағыттарын дамытуда негізгі рөл атқаратынына тоқталды. Жүк тасымалының көлемін арттыру мақсатында әлемнің ірі компанияларымен бірге инвестиция тарту жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Мемлекет басшысы өңірлік штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан «CMA CGM» компаниясымен ұзақмерзімді серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
Кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясында өзара іс-қимыл жасау, Ақтау теңіз портының логистикалық инфрақұрылымына инвестиция тарту, сондай-ақ Каспий теңізіндегі айлақтарға арналған жүк кемелерін құрастыру мәселелеріне баса мән берілді.
«CMA CGM» (Compagnie Maritime d’Affrètement – Compagnie Générale Maritime) – 1978 жылы Францияда негізі қаланған жүк кемелерін құрастыратын әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі. Кәсіпорынның 160 елді қамтитын жаһандық желісі бар. Оның құрамында 400-ге жуық кеңсе мен 600-ден аса контейнер тасымалдайтын кеме жұмыс істейді. Былтыр компанияның сауда-саттық көлемі 47 млрд долларды құрады.
* * *
Жалпы, тараптар үшін бұл сапар нәтижелі болды. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Франция сапары туралы әсерін Х әлеуметтік парақшасында бөлісті.
«Францияға мемлекеттік сапарым кезінде көрсетілген ыстық ықыласқа ерекше тәнті болдым. Мазмұнды келіссөздердің қорытындыларын жоғары бағалаймын. Маған және барша Қазақстан халқына білдірген құрметі үшін Президент Макронға шынайы алғысымды айтамын. Франция көшбасшысын келер жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырдым», деп жазды Мемлекет басшысы.