Медицина • 06 Қараша, 2024

Алғашқы медициналық көмектің сапасы жаңа тәсілмен бағаланады

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде мүгедектігі бар адамдарды қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алғашқы медициналық көмектің сапасы жаңа тәсілмен бағаланады

Фото: kyzylorda-news.kz

Министр жыл соңына дейін алты оңалту орталығын, 2025 жылы үш ерте араласу орталығын ашу жоспарланғанын атап өтті.

Айта кетейік, соңғы 5 жылда ересек тұрғындардың мүгедектік құрылымы өзгеріссіз қалған. Бірінші орында қан айналымы жүйесінің аурулары, екінші орында – қатерлі ісіктер, үшінші орында – психикалық аурулар тұр.

«Созылмалы инфекциялық емес аурулардың асқынуларын ерте диагностикалау және алдын алу мақсатында жыл сайын МСАК деңгейінде 3,4 млн ересек адам қан айналымы жүйесінің ауруларына, қант диабетіне, онкологияға ауруларды ерте анықтау скринингімен қамтылады. Бұл пациенттер динамикалық бақылаумен және тегін амбулаториялық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі», деді Ақмарал Әлназарова.

Мәліметтерге сүйенсек, елімізде жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарға көмек көрсету үшін 83 инсульт және 48 коронарография орталығы жұмыс істейді. Ересектерге медициналық оңалту жеті бейін бойынша көрсетіледі: кардиология, кардиохирургия, невропатология, нейрохирургия, травматология, ортопедия және 2024 жылдан бастап қатерлі ісіктер.

Соңғы 3 жылда 772 денсаулық сақтау ұйымдарында оңалтуға бейінделген төсек қорының саны 2 есе артып, 8 мыңға дейін жеткізілген.

Сонымен қатар қызмет көрсетушілерге қойылатын талаптарды арттыру үшін оңалту көмегін көрсету және жарақтандырудың ең төменгі стандарт талаптары қайта қаралған.

Министрдің айтуынша, 2025 жылдан бастап созылмалы жұқпалы емес аурулардың асқынуларын ерте анықтау және алдын алу бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын бағалаудың жаңа моделі енгізіліп жатыр, бұл мүгедектікті азайтуға мүмкіндік береді.