Ең қысқа әңгіме • 07 Қараша, 2024

Құлабыз

378 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қалада қарашаның қара жаң­быры сібірлеп тұрған. Ұлым Жансүгір екеуміз есік алдында оны-мұны сөз етісіп, бүрісіп тұр едік. Дәл редакция орналасқан ғи­мараттың төбесінен топ-топ қайтқан құстың тізбегі мол­даның тәспісіндей сап түзеп, оңтүстікке қарай маңып бара жатты.

Құлабыз

Басымыздан тымағымыз сыпырылып түскенше осынау ғажайып көрініске ұзақ қарадық. Ең соңғы саяқ, шабан-шалаптары қаланың ақ түбіт аспанына сіңіп кеткенше тапжылмай, оларды көзбен ұзаттық.

Бала не ойлағанын қайдам, ал мен үшін тағы бір жыл кетіп бара жатқандай, қанатына қуаныш пен қайғыны байлап алып... Құстар сусылдаған қанатынан меруерт-маржан шашып барады.

Жансүгірдің балбұл жанған жүзінде бұл көрініске деген таңғалу бар. Не құбылыс екенін тезірек біле қойғысы келген шырай білінеді.

– Әке, – деді ол, – құстар қайда кетіп барады?

– Жылы жаққа.

– Олар қайта келе ме?

– Келеді, балам. Көктемде күн жы­лын­­ғанда қайта келіп, осы жаққа ұя салады.

Ол сәл ойланып тұрды да, тосын сауал қойсын:

– Олар неге осылай (кішкентай екі қолының басын түйістіріп, үшбұрыш жасап) ұшады?

– Себебі құстар жылы жаққа жету үшін алыс-алыс жол жүреді. Көлден өтеді, шөлден өтеді, нелер биік белден өтеді, сол жолда қанаты талмас үшін үшбұрышталып ұшқанда ауа тез «тілінеді». Әр құс жеке-жеке ұшса, алыс сапарда қанаты талып, діттеген жеріне жете алмай қалады. Үшбұрыш жасап ұшу – жолда (әуеде) кездесетін жел, дауыл, жауын-шашын секілді кедергілерді жұмыла еңсеруге қолайлы. Бұл – Табиғат-ананың үйреткен тәсілі екен.

Жауабым жалықтырып жіберді ме, әлде қанағаттанды ма, білмеймін, бала жүгіріп ойнап кетті. Менің есіме қа­зақтың «Қайтқан қаз құлабызсыз болмас» деген мәтелі оралды. Иә, қайтқан құстың үшбұрышында топ бастаған құсты құлабыз деуші еді.

 

* * *

Бірде редакцияның алдында таза ауа жұтып тұр едік. – Байқайсыз ба, біздің редакциядан шығармашылық атмосфера сезіліп тұрады, – деді бір әріптесім. – Кейде Алматыдағы Жазушылар ода­ғының тарихи ғимараты тәрізді, жы­лылық сезінемін.

Рас, сондай бір жылылық бар. Не дегенмен Шерхан, Әбіш, Ақселеу секілді алыптардың аяғы тиген, одан кейін де қаламгер мен ғалымның ізі қалған жер емес пе. Ал маған бұл жолы тіпті ыстық сезілді осы маң. Себебі біз жақсы көретін, жанашырлықпен жазатын құстар редакцияның қақ төбесінен «Рахмет, достар! Қайта жеткенше аман болыңдар» деп ұшқандай еді...