Қоғам • 07 Қараша, 2024

Боччадан ел кубогі мәресіне жетті

94 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев Боччадан ел кубогі жолындағы жарыс­тың жабылу рәсіміне қа­тысты. Сайыс 3-6 қара­ша күндері өтті. Оған еліміздің 14 өңірінен 86 параспортшы қатысты.

Боччадан ел кубогі мәресіне жетті

М.Әшімбаев спортшы­ларға ілтипат білдіріп, жыл өткен сайын боччадан өтетін жарыстарға дайындық деңгейі, оған қатысатын қатысу­шылар қатары және қолдау көрсететін жанкү­йер­лер саны артып келе жат­қанын атап өтті. Мемлекет басшысы инклюзивті қо­ғам құру, сапалы білім мен спорттың баршаға бір­дей қолжетімді болуын қам­тамасыз ету мәселелеріне Әділетті Қазақстанның ажырамас бөлшегі ретінде баса мән беріп отыр.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақ­стан құру және тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыру басты міндет екенін үнемі айтып келеді. Осы ретте боччаны дамыту инклюзия мәдениетін қалыптастырудың, қоғамда ынтымақтастық, бірлік, өзара көмек сияқты құндылықтар­ды орнықтырудың озық үлгісі екені сөзсіз. Қазіргі таңда елімізде боччаның қар­қынды дамып, балалар мен ересектердің осы спорт түріне деген қызығушылығы артып келе жатқанын көріп отырмыз. Кейінгі жылдың өзінде бочча үйірмелеріне келушілер қатары 20 пайызға көбейді. Аталған спорттың ауқымы да әрдайым кеңейіп келеді. Бұл жолы жарысқа 14 өңірден келген спортшылар қатысты. Алдағы уақытта осындай сайыстарға еліміздің барлық өңірінен спортшылар келеді деп сенемін», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар ол бүгінде фе­дерация тарапынан боч­чаны одан әрі дамыту үшін бар­лық бағытта жүйелі жұ­мыс жүргізіліп келе жат­қанын тілге тиек етті. Бұл ретте өңір­лерде филиал ашу, жат­тық­тыру­шылардың білік­ті­лігін арттыру сияқ­ты істердің маңызы зор. Бекітілген ережелерге сәй­кес 19 жаттықтырушы мен 3 төреші аттестаттаудан өт­кізілді. Осындай іргелі жұмыс арқылы спортшылар халықаралық жарыстарда да жоғары нәтижелер көрсетіп жүр.

«Парижде өткен Паралим­пиада ойындарында отан­дық спортшылар маңызды жетіс­тіктерге қол жеткізді. Келесі ойындарда боччадан Қазақстан құрамасы да жолдама алады деп сенеміз. Федерация осы мақсатқа жету үшін бар күш-жігерін жұмсайды. Сіздер өздеріңіз­дің қа­жыр-қайраттарыңызбен өз­гелерге үлгі болып, баршамызды қанаттандырып, мүмкін емес нәрсе жоқ екенін дәлелдеп келесіздер», – деп М.Әшімбаев жарыстың өтуіне атсалысқан еріктілер – Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының сту­дент­­теріне, сондай-ақ үлес қосқан барша азаматқа алғыс білдірді.

Боччадан Қазақстан Кубо­гі жолындағы сайыстың нәти­жесінде ересектер мен жас­өс­пірімдер арасында төрт дәреже бойынша жеңімпаз­дар анықталып, марапаттал­ды. Жалпыкомандалық есепте Астана қаласының коман­дасы жеңіске жетті. Екінші орын Алматы қаласынан келген ұжымға бұйырса, үздік үштікті Павлодар облысының спортшылары түйіндеді.